Өзіңді жарылқау арқылы Отаныңды қуандыр
Еліміздегі экокномикалық жүйенің нарықтық қатынасқа көшкеніне 30 жыл. Біз саяси Тәуелсіздікпен бірге, кәсіпкерлік тәуелсіздікке де қол жеткіздік. «Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім бар» дейтін ата қазақтың өсиеті алдыға шықты. Оны ойдағыдай орындасақ, айтулы деңгейден көріне алсақ – ерлегеніміз! Отанымыз өркендеп, Қазақстанда жасалған тауарлар брендке айналса, керемет жеңістің бірі сол емес пе?! Сондықтан, кәсіпкерлердің көбеюіне мүдделіміз. Бір әзілқой замандасым «Капитал бар, капиталист жоқ» деп қалжыңдайтын. Пайымдап қарасақ, сөзінің жаны бар сияқты. Ендеше, капиталист болуға неге күш салмаймыз?
Бәрін мемлекет жоспарлайтын кеңес өкіметі тараған соң, көпшілік не істерін білмеді. Қарапайым адамдар тұрмақ, бастықтар да қиналды. Ортақ дүниені бөліске салса, табысқа кенелетіндей көрінген. Бірақ, іс жүзінде бәрі басқаша екен.
Бекер обалы не, өкімет ешкімді шөміштен қаққан жоқ.Тиісті үлесін берді. Жер телімдерін еншіледі. Қожалық, бірлестік, қауымдастық сипатындағы түрлі ұжымдар құрылды. Олар аяқтанғанша асықтырмады. Қалыптассын, үйренсін деді. Осындай мақсатта үш жылдық салықтан босатты.
Бірақ, жекешеленгеннің бәрі кәсіпкерлікке ден қойған жоқ. Оның әуресінен қашты. Сондықтан қолға шоғырланған дүниелерді асығыс саудалап, базарды сауын сиырға айналдырғаны өздеріне ұнады. Әрине, алып-сатуды ұйымдастыру да оңай емес. Алайда, нақты өнім шығаратын кәсіпкерлікке жетпейтін еді. Оның басталуы қиын болғанымен, түбі – қазына!
Істің мағынасын дұрыс түсіну өте маңызды. Қаржы табатын қабілеттерін ұқсатып, кейде саудагер мен кәсіпкерді бір санаймыз. Сараптасаңыз, олардың сәйкес келмейтін тұстары көп. Кәсіпкер – белгілі бір кәсіптің иесі. Шарты жүз түрлі. Кәсіпкер ең алдымен, өздері шығаратын өнімнің жоғары сапада және арзан болуына мүдделі. Бәсекеде жеңілмеудің оңтайлы жолын іздейді. Бұл дегеніңіз – тың әрекет, құпия мен жұмбақ. Жатқан ғылым! Екіншіден, кәсіпкерлік – ұжымдық іс, көпшілікке тәуелді. Меншік иесі адамдармен бірігіп жұмыс істеуді негізге алады. Сондықтан ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайын, көңіл-күйін, психологиясын үнемі назарда ұстайды. Лайықты қамқорлықтар жасауға міндетті. Ризалық ғана ырыс әкеледі, бірігу – істі ілгері бастырады. Кәсіпкерліктің адамгершілікпен астасқан, қағазға жазылмаған заңдылықтары аз емес. Соның бәрі күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Кеңестік заманда тәжірибе алмасулар өтетін. «Бірдің өнегесі мыңның игілігіне айналсын» дейтін ұран болған. Ол кезде тауар айналымы тек жоғарыдан реттелетін. Кәсіпкерлік бәсеке жоқ. Социалистік жарыстың табиғаты қарадүрсін, жадағай. Қаулы – қарарымен көз алдайтын. Ойлап тапқан жаңалығың, өндірістік шығармашылығың өзіңе тиеселі болмайтын. Коммунистік талап бойынша оны баршамен бөлісуің керек.Ал қазіргі капиталистік талап басқа. Мұнда әркімнің әдісі, технологиясы бөлек. Сырыңды елге ақтарсаң өзіңде не қалады? Әріптесің тапқаныңды тегін пайдаланып, күні ертең сені нарықтың алаңынан ығыстыруы мүмкін. Сондықтан, кәсіпкер тәжірибені бөліспейді, жинайды. Оны ғылымнан, білімнен, әлемдік ақпараттан алады. Миында қорытады және қажетіне жаратады. Кәсіпкерлердің көбейгенін тілеймін. Бұлай ету – бәрі мен секілді кірпіш шығарсын деген сөз емес. Жолдың сантарау, бағыттың әртүрлі болғаны жақсы. Еңбекті сүйіп ержеткенім ата-анамның арқасы. Әкем Көкен, шешем Күлшархан қарапайым адамдар болды. Бірі – Нарынқолдың орман шаруашылығында қымет істеді. Екіншісі – үй шаруасына қарады.Олар ой еңбегі мен дене еңбегін бір бірінен бөлмеді. Мені соған дағдыландырды. Мектепті озат оқушылар қатарында бітірдім. Екі жылдық әскери борышты абыроймен атқардым. Офицер атандым. Одан кейін Мәскеудегі жоғарғы оқу орнына түсіп, прораб мамандығын иелендім. Алматының құрылыстарында шыңдалдым. Қаладағы ірі нысандарды жасадық. Қысқасы, мамандықтың қыры мен сырын меңгеру мектебін ойдағыдай аяқтадым. Бірақ, осындай мол тәжірибе жинағаныма қарамастан мен кәсіпкер емес едім. Оның қандай болатынын қазаққа тәуелсіздік нәсіп етті, өркениетке бетбұрған өмірдің өзі көрсетті. Ел тарихында 90-шы жылдар өтпелі кезең деп аталды. Жаңа қоғамды игеруге кірістік. Алайда, ескіліктің элементтері де бізбен жағаласып етекке жармасты. Бір заманнан екінші заманға өту күрделі және баяу жүретін үрдіс. Бүкілодақта экономикалық байланыстар үзілді. Құрылыстар тоқтады. Жұмыс таба алмай бос сенделдік. Цирктегі қолға үйретілген аңды босатып жіберсе қалай болады, тура сондай едік. Жұрт ештеменің байыбына бара алмай басын қатырды. Миымызды жеген жалғыз ой – бала-шағаны қалай асыраймыз деген сұрақ болды.
Ұзақ ойландым. Ата-бабамыз қалай өмір сүрді деп толғандым. Олар колхоз бен совхозды көрмеді. Бірақ, адал еңбектің арқасында аузы аққа жарып, бақуатты күн кешті ғой. Егер, қазақ жалқау болса ит қуып, ирек қамшылап кетпей ме? Таптық көзқарасты ойлап тапқандар байлармен күресу үшін көп нәрсені бізден жасырған сияқты. Әсіресе, қазақтың кәсіпкерлігі туралы айтпаған. Шекпені бүтіндердің бәрін шетелдің «шпионына» жатқызды. Енді олай болмайды. Арқауы үзілген сол кәсіпкерлікті қайтадан тірілтетін кез келді деп түйдім. Оны өзім секілді прораб жолдастарыма айттым. Бәрі қуана қостады. Менің сөзім олардың арқасын қоздырды. Сонымен біз кәсіпке лайық жер іздедік. Оны Іле ауданына қарасты Түймебаев ауылынан таптық. Керегесі қаңқиған ескі ғимарат екен. Бірақ, аумағы кең.Жергілікті ресрустарды зерттей келе кірпіш зауытын ашуға келістік. Бұл жердің топырағы кірпіш жасауға өте қолайлы. Қапшағайдың құмы іргеде тұр. Су жеткілікті. Енді нақты жоспарды белгіледік және атқаратын міндеттерді бөлістік.Тәуекелге бел буып тапқан қаржыны жұмсауға кірістік. Бұрын прораб қана едік. Енді – экономист, есепші, заңгер, тіпті менеджер болуға тура келді. Күндіз жұмыстың басында, түнде кітаптың қасында тыным көрмедік. Бізде қалай, шетелде қалай? Мойынымызды созып жан-жаққа қарадық. Бос әңгімеден, алдамшы қиялдан атымызды аулақ ұстадық. Ізденістің, төгілген маңдай тердің нәтиже беретініне күмәніміз жоқ еді. Үміт алдамапты.
Шертсе сыңғырлаған алғашқы кірпіштеріміз шыққанда қуаныш қойнымызға симады. Талап бір, табыс ортақ екенін бәрі білді. Алушылар кірпішті неше түрлі тәсілдермен тексерді. «Бір тәулік суға салып қойдық, мықты қалыбын сақтады. Бұл – нағыз кірпіш!» деді олар. Сапасыз өнімнің барынан жоғы жақсы. Ол – мал шашумен бірдей. Сөйтіп, кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті болу керек дейтін алғашқы әліппесін үздік бағамен аяқтадық. Бірінен бірі құлақтанған тұтынушылар тапсырысты көбейтті. Шаршағанымыз рас. Алайда, жұрттың қол соққаны ұжымды қанаттандырды. Банктен алған несиелерді қайтара бастадық. Жұмысшыларға дұрыс айлық бердік. Бала – шағамыз жадырып, шаңыраққа береке кірді. Кәсіпкердің негізгі саясаты – еңбек қақынын арттырып, өнім сапасын көтеру екенін біз сонда анық түсіндік.
Арнамыз кеңейді, сенімдер нығайды. Бірақ, мұнымен шектелгіміз келмеді. Кәсіпкерліктің келесі сатысына дайындалдық. «Күш біріктірдік. Енді қабілет – дарынды жеке — жеке сынап көрсек қайтеді» деді прораб жолдастарым. Несі бар, ол да өмірдің сынағы. Адал еншімізді риза көңілмен бөлістік. Соның арқасында бүгінгі «ВТК GROUP» компаниясы шаңырағын көтерді. Алда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Еліміздің осынау ұлы мерекесіне қазақтың кәсіпкері ретінде барғалы отырмын. Қазір компания замануи зауыт атанды. Әлемдік стандартты меңгере бастадық. Блок кірпіштерді шығардық. Оның өлшемдері әртүрлі. Үйдің керегелерін тез құрастыруға болады. Өзегі мықты. Қалың сылақтың керегі жоқ. Соған қарамастан қыста суықты, жазда ыстықты өткізбейді. Керегеге қаққан шегелер нық тұрады. Блок кірпіштер экологиялық жақтан зиянсыз. Оны халықаралық көрмеге апарып жұрттың назарына ұсындық. Шетелдік құрылысшылардың да көңілінен шықты.
Өнімнің құрамы назарымызда, оны жіті бақылаймыз. Өркениет талаптарына сай жабдықталған кешенді зертханада бәрі мұқият түзіледі. Бізде арнаулы сыныптар жұмыс істейді. Құрылысшылардың кәсіби білігін көтеруге мән береміз. Компанияда техникалық-қауіпсіздік шаралары берік сақталаған. Адами құндылықтарды ардақтау да басты міндетіміздің бір саласы. Қолым қалт етсе шетелге барамын. Демалу мен қыдыру үшін емес. Жаңа технологияны іздеймін. Оны ешкім алақаныңа салып бермейді. Қарап табуың керек. Халықаралық көрмелерді қалт жібермейтінім сондықтан. Менің ұстанымым мынандай – басқаның игергенін қазақ неге жасамайды?!
Қазір «ВТК GROUP» компаниясы республикаға танылды. Зауыт ұжымы ынтымақ бірлікте жұмыс істеп жатыр. Іле ауданының жұрты да зауытпен тығыз байланыста. Ақ ниетін арнаған жерлестеріме дән ризамын. Сондықтан, аудандық шараларға демеуші болу біз үшін де мәртебе.Ауданның 90 жылдығын мазмұнды өткіздік. Оған белсене атсалыстық.Өңір шежіресіне арналған кітапқа демеуші болдық. Өтеген батыр ескерткішін жасауға үлес қостық. Түймебаев ауылына мешіт салдырдық. Туған жерім Нарынқолдың кіре берісіне үлкен дарбазаорнаттық. «Мұқағали» журналына көмектесіп келеміз. Мен демеушілік бойынша атқарған істердің бастыларына ғана тоқталдым. Мұны көрсеткендегі себебім, кәсіпкер тұлға тапқанын басып жемей, тау бүркіті секілді шашып жеу керек екенін білсін дегенім. Соның үлгі– өнегесін жастардың есіне салғым келді. Кәсіпкерліктің ерекшелігі – оның мұрагерлік жолмен жағасуында. Олай дегенде, нотриус арқылы дүние – мүлікті ұрпақтар атына рәсімдеп қоюды айтпақ емеспін. Онымен іс бітпейді. Ең бастысы, балаларға әке кәсіпті үйретіп, зауыттың болашағын олардың қолына тапсыра алсақ деп ойлаймын. Шетелдердегі қалыптасқан үрдістер осындай. Сондықтан ұлдарым Мұхтар мен Олжасты қасыма алып кәсіпкерлікке баулып келемін. Өз болмыстарын зауыт өмірімен біріктіре алса жарады.
Менің білетінім, еңбек еш кетпейді. Оны ел де, ағайын да, мемлекет те бағалайды. Жерлестерім зор сенім артып облыстық Мәслихатқа депутат етіп сайлады. Биыл ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденін иелендім. Жақында Мемлекет басшысы «Халық алғысы» медалін берді. Осындай қуаныш ұрпағыма,жұртыма жұғысты болсын деймін. Кәсіпкерлік – азаматтық пен адалдықтың табысы.Өзіңді жарылқау арқылы Отанды қуандырудан артық бақыт жоқ.
Тоқан Ботабеков, ««ВТК GROUP» компаниясының
директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облыстық
мәслихатының депутаты.