Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымЖетісу - адалдық алаңыҚоғам

АДАЛДЫҚТЫ НАСИХАТТАҒАН БАЙҚАУ

Жемқорлық – елге келген жұқпалы дерт секілді үлкен індеттің бірі. Бұл дертті болдырмау, өңіріміздегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетіп, мемлекеттік басқару институтына деген ел сенімін арттыру мақсатында ауданымызда «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңесі ашылған болатын. Бұл жобаның көздеген нысаны, алға қойған негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыға бірдей төзбеушілік қағидасын қалыптастыру және азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру.

Осы жоба аясында аудандық Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен көптеген келелі істер атқарылуда. Жемқорлықпен күрестің ең нәтижелісі – оны түп тамырынан балталау. Ал, ол үшін өскелең ұрпақты жемқорлыққа жаны қас, адалдықты жаны сүйетін, елжанды азамат етіп тәрбиелеу керек. Осы орайда, ішкі саясат бөлімінің жетекшілігімен «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін көтеру, қоғамдағы сыбайластыққа қарсы көзқарасты қалыптастыратын құндылықтар жүйесін сақтау мақсатында мектеп оқушылары арасында «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Байқау онлайн форматта өтіп, оған жалпы саны 43 оқушы өз туындысын ұсынды. Сайыс болған жерде жеңімпаз да болатыны баршамызға белгілі.

4-қараша күні аудандық кітапханада карантин талаптарын сақтай отырып, бабы мен бағы қатар шауып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деп танылған жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Макымов Мухтар Канатханұлы ашып, жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсатына тоқталып, жеңімпаздарды жүлдесімен құттықтады. М. Қанатханұлы өз сөзінде: «Жас ұрпақты жемқорлыққа жаны қас, адал етіп тәрбиелеу – жаны сау қоғам қалыптастырудың басты нысаны. Сондықтан, еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, ұрпағымызды рухани тазалыққа, адалдыққа баулуымыз керек. Бүгінгі байқау да жемқорлықтың қоғамға зиян екенін оқушылар көзімен қарап, жастарды жақсылыққа үндеуге бағытталады», — дей келе, «адалдық – абзал қылық» екенін баса айтты. Ішкі саясат басшысынан кейін сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жабиева Мейрамгүл Түйебайқызы да адал жолмен табылған нанның сіңімді болатынын, адал ұрпақ тәрбиелеу – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі екендігін тілге тиек етті.

Байқау қорытындысы бойынша №14 орта мектептің 10 «Ә» сынып оқушысы Кумаш Аяулым ІІІ орынды місе тұтса, №47 орта мектептің 11 «Ә» сынып оқушысы Иргашева Муниса ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, №23 орта мектептің 9 «А» сынып оқушысы Жамалдин Динара жүлделі І орынды иеленіп, байқаудың жеңімпазы деп танылды. Жүлделі орын алған оқушыларға бағалы сыйлықтар табысталды.

А.ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button