Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамМәдениет

«Абай аманаты» — ұрпаққа ұлағат

Қазақ халқының рухани алтын қазығы болған, Алаш арыстары «Бас ақын» деп атап ерекше баға берген ағартушы, ғұлама, дана ақынымыз Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген танымдық мақалалар жарық көріп, жан-жақты талдануда. Осы орайда, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Абайдай дананың мерейтойы қарсаңында бей-жай қарамай, «Абай аманаты» атты мақала жазып, Абай мұрасы туралы кеңінен толғанған. Әр дәуірдің өз алыбы болатынын, өз заманының сұрқұлтайы болған дарын иелері секілді Абайдың да «Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір» екенін айта келіп, «Ол өмір сүрген тұста қазақ қоғамы бұрынғы хандық басқару жүйесінен біржолата қол үзіп, «өз қолынан өз ырқы кеткен» алды бұлыңғыр уақытқа тап болды; көшпенділік салттары дағдарысқа ұшырап, отырықшылық өркениет белгілері ентелеп ене бастады; баһадүр аламандықтың беті қайтып, заманауи білімге бет бұратын кез туып келе жатты» — деп, Абайдың өмір сүрген қоғамына қазіргі көзқараспен баға береді. Иә, ұлыны тану үшін де ұлылық керек. Елбасы өз мақаласында Абайды бүге-шігесіне дейін талдаған, Абай болып толғанып, Абай болып күңіренген ғалымдардың пікірін тұздық ете отырып, өзіндік пайымын, ойын, қазіргі қоғаммен байланысын айтады. Тәуелсіз жас Қазақстан үшін Абайдың алар орнын пайымдайды. Сондай-ақ, бала кезден Абай жырын жаттап, даналық сөздерін өміріне негіз етіп алған Елбасы тағдыр жолында кездескен қиындықтардан шыға-тын соқпақты Абайдан ізде-генін, Абай өлеңдері өмірлік бағдаршамы болғанын айта ке-ліп, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда сеператистер мен іріткі салушылардың жетегіне еріп кетпеуге де ақынның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі негіз болғанын тілге тиек етеді. Елбасының сөзінен мы-сал келтірсек, Н. Әбішұлы: «Шамалған ауылында зұлмат заманның тауқыметін тартып, сонау жер түбінен еріксіз қоныс аударып келген түрлі ұлт өкілдері жапсарласа күн кешіп, қоян-қолтық араласа өмір сүрді. Олардың арасында месхет түріктері, шешендер, ингуштар, украиндар, немістер, қарашайлар бар еді. Біз өзіміз құралпы басқа жұрт балаларын еш жатсынбай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай сезініп, құлын-тайдай тебісе жүріп жетілдік. Ал әкем Әбіш болса, түріне қарасаң – таулық, тіліне қарасаң – қазақшадан айырмасы шамалы бір малқар (ол кезде балқар деуші еді) отбасын үйімізге әкеп паналатып, жұмысқа орналастырды. Ішкен асымыз, жасаған тірлігіміз, көрген қызығымыз, шеккен қиындығымыз ортақ болғандықтан, тез арада туысып кеттік. Осындай ортада өскендіктен, адамзат баласын алаламайтын мінез бойыма ерте дарыды-ау деймін», — деп, бала жастан ұлтжандылықпен қатар, барша халық тең екенін, ұлттың жаманы жоқ, ал, адамның жаманына жолыққан кісі сол адам арқылы тұтас ұлтты жек көруге болмайтынын бала кезден түйсінгенін айтады. Қоғамда да, саясатта да, өмірлік бағытта да Абай сөзі жол бастайтын темірқазық жұлдызы болғанын сөз еткен Елбасы Абайша айтқанда «Баста ми, қолда малға талас қылған күншілдікке салынып, елдің шырқын бұзбауды» ойлағандықтан ел тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырған сәтте де: «Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыстың да, батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім» — дейді.

Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында Абайды рухани ұстаз тұтып, оның әрбір сөзін жадында сақтап, Абай салған негізбен әсіреұлтшылдыққа бой ұрмай-ақ ұлтты, елді сүюге болатынын сөз етеді. Оның айтуынша, «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» дейді екен дана бабаларымыз. Қазір айтуға оңай, сол уақытта біз «қайтсек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз» деп арпалыса жүріп, елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап қалдық. Тұрмыс тапшылығын да бір тайқазаннан ас ішкендей бірге еңсердік. Ол қазақтың кең қолтық, ақ жүрек мейірбандығының және Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған өзге ұлттардың Абай өнеге етіп қалдырған бауырластығының арқасында жүзеге асты.

Иә, еліміздің тұтастығы, іргеміздің беріктігін сақтау үшін бабалар салған жолдан ауытқымай, өткенімізді бүгінге ұштастырып, бүгініміз болашаққа үлгі болатынын жадымыздан шығармауымыз керек. Ол үшін тағы да бабалар аманатына қиянат жасамай, шашауы шықпаған, қаймағы бұзылмаған қалпында заман ағымына сай толғап, өлшеп-пішіп, қажетін ала білуіміз керек. Сонда ғана білімдіден шыққан сөз талаптыға кез болып, «дүние де өзі, мал да өзі» болған ғылымға көңіл бөле аламыз.

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button