Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

ЖАҢАША КӨРКЕЙГЕН АУЫЛ

«Қарасу 2» ықшам ауданы 2009 жылы күз мезгілінде жаңадан бой көтерген болатын. Сол кезде мұнда бар болғаны 5-6 үй болса, бүгінгі таңда 200-ден аса тұрғыны бар үлкен ауылға айналды. 2012 жылға дейін электр жарығы да, жолы да, ауыз суы да жоқ, барлық өркениеттен құр қалған мешеу елдімекен болатын. Тек 2012 жылы жарық түсіп, көшелер орта жөндеуден өтіп, тас жолдар салына бастады. «Қарасу 1, 2» ауылдарында көп жылдан шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе – жолдардың күрделі жөндеуден өтпеуі, газ бен ауыз судың жүргізілмеуі, жарық беретін трансформатордың құзырлы мекемелердің балансына өтпеуі, жер асты суының көктем, күз айларында жиі көтерілуі. Сондай-ақ, көше атаулары берілмегендіктен тұрғындар газет-жорналдарды жаздырып ала алмай, ауырса жедел жәрдем көлігін де шақырта алмай, әбден қиналатын. Бұл айтылған өзекті мәселелер ардагерлер ұйымының назарынан тыс қалмай, шамамыз келгенше бақылауда ұстадық. Ауыл тұрғындарының талап-тілектерін, жан айқайын ауыл, аудан, тіпті облыс деңгейіне дейін көтердік.

Б. Қарасаевтың аудан әкімі қызметіне келгеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына», — дегендей, ол қордаланып қалған шаруалардың шешімін тез тауып, ауданға жаңа леп, тың серпін ала келді. Бағдат Әбілмәжінұлы келген бетте-ақ Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген ел құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», — деген қағидасына сүйеніп, қызметкерлерге қатаң талап қойып, тәртіп орнатты. Нәтиже жаман емес. Ауданда жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптасты. Ол аз уақыт ішінде өзінің кез келген адаммен тіл табыса алатын, кішіпейіл, білімді, парасатты, зерделі, ұлтжанды, халыққа жаны ашитын, жүрегінде иманы бар, іскер, уәдеге берік басшы екенін көрсете білді. Орталық алаң мен Титов көшесі толықтай сапалы, күрделі жөндеуден өтіп, көшенің бас жағынан керемет талғаммен жасалған, әсемдігіне көз тоймайтын «Арбат» деп аталған демалыс орны пайдалануға берілді. Өтеген батыр ескерткіші мен «Арбат» халықтың көңілінен шығып, ауданның мақтанышына айналды.

Іскер де білікті басшының бірі Садыр Зәкіржанов та ауыл әкімі қызметіне келген сәттен бастап біраз шаруаның басын қайырды. Бұрындары көктем, күз айларында жер асты суы көтеріліп, жертөлелер, сырттағы әжетхана, үйдің іргетасы су астында қалып, елді әбігерге салатын. Тығырықтан шығу үшін ардагерлер ұйымы атынан М. Назарбаев ауыл, аудан басшыларының қабылдауында болып, мәселені шешу жолы туралы ұсынысын айтты. Елдің қамын ойлаған ауыл әкімі Садыр Зәкіржанов жанашырлық танытып, бізге 1 айға эксковатор бергізді. Кейіннен шұғыл түрде белсенділерден комиссия құрып, кезекшілік кестесін жасап, барлық жауапкершілікті мойнымызға алдық.

Ауыл басшылары Айтбек Сұртаев пен Жанар Оразбаеваның қолдауымен эксковатордың жанармайын механизатордың күнделікті тамағын, шай-пұлын төлеп тұрдық. 1 айда жасалған жұмыстың нәтижесінде ұзындығы 3 шақырым, ені 4-5 метр, тереңдігі 1,8 метр дренаж тоғаны қазылып, 2017 жылдың 15 қарашасында пайдалануға берілді.

Бұл ауыл белсенділерінің қажырлы еңбегімен, ауыл әкімінің қолдауымен үкіметтен қаржы бөлінбей-ақ іске асқан жоба, ел есінде қалған айтулы оқиға болды. Қуанарлық жай, келесі көктем, күз айларында жер асты суы көтерілген жоқ. Елдің разылығын алдық.

Жыл сайын көктем айында орталық Астана көшесін демеушілердің көмегімен ағымдағы жөндеуден өткізіп тұру үрдіске айналды.

2018 жылдың қаңтар айында барлық көшелерге атау берілді. Сол жылы «Қарасу 1» ауылына көгілдір газ тартылып, орталық Астана көшесі ағымдағы жөндеуден өтті. Жаңадан сайланған ауыл әкімі Бауыржан Жұмабаев 2019 жылдың ортасында келсе де, «Жас келсе – іске», — дегендей, бірден іске кірісті. 10 жыл бойы тұрғындарға арман болған су мәселесі оң шешімін тапты. 2019 жылдың қараша айының басында екі ауылдың көшелеріне ауыз су келсе, табиғи газ жүретін құбырлар тартылды. Ұлы Абай «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге», — дегендей, ел қамын жеп, ар ойлайтын басшылар келгелі сең қозғалып, мәселелер азая бастады. Су құбыры жүйесі жобада көрсетілген уақытында пайдалануға берілді. 2020 жылы 6 маусымда орталық көшелерге асфальт жол төселіп пайдалануға берілді. 13 қазанда орталық Астана көшесі бойына орнатылған түнгі жарық шамдары пайдалануға берілді. Жарық шамдары кешкі сағат 7-ден таңға дейін жанып тұрады. Түнгі жарық шамдары мен асфальт күре жолдан бастау алып, 24 лицеймен жалғасуы нұр үстіне нұр болды. Ауылға жарық кіргені, ең алдымен, жастардың, ауыл тұрғындарының түнде жүруіне қауіпсіз болса, екіншіден, оқушыларды таситын шағын автобустың да графиктен қалмауына қолайлы жағдай туғызды. Ал, 15 қазан күні табиғи газ орталық жүйеге жіберіліп, «ҚазТрансГаз» мекемесімен келісім шартқа отырған ауыл тұрғындары кезекпен көгілдір отынды үйлеріне кіргізе бастады. Бұл жерде «ҚазТрансГаз» мекемесінің участке бастығы, бас мердігер Ерболат Бегімбетовтің ерен еңбегін де айта кеткен жөн. Ол өзінің іскер де білікті, жүрегінде иманы бар елжанды азамат екенін көрсете білді. Атам қазақ «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» — деп айтқандай, өзінің уәдеге берік, еңбекқор азамат екенін іспен дәлелдеп, ел құрметіне бөленді. Ерболат қайырымдылық жасаудан да құр алақан емес. Ауылдағы бірнеше көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды қамқорлығына алып, қайырымдылық көмек беріп келеді. Бүгінгі таңда ел ауыз судың, көгілдір газдың, асфальт жолдың, түнгі жарықтың игілігін көруде. Ауыл тұрғындарының қуанышын тілмен айтып жеткізу қиын. Адам айтса нанғысыз керемет жобалар іске асты. Шариғатта «Алланың ең жақсы көретін адамы – ол басқаларға қуаныш сыйлаған пенделері» деген екен.

Қорыта айтқанда, ауылдағы жақсы жаңалықтар, игі істердің басында жүріп, барлық қиындықтарды жеңе білген аудан әкімі Б.Қарасаев, ардагерлер ұйымының мүшелері М. Назарбаев, Қ. Көрпебаев, Б. Барлыбаев, белсенділер С. Сатқынбаев, А. Сұртаев, Ж. Оразбаев, Г. Тұрашева, Е. Қуатқызы, М.Әлібекова, ауыл әкімдері С. Зәкіржанов, Б. Жұмабаев сияқты азаматтардың еңбектері орасан зор деп білеміз. Бұл игі істер жалғасып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола береді деген ойдамын.

 

Қабылан КӨРПЕБАЕВ,

Энергетик ауыл округ әкімі ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button