Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

ДАРА ТУҒАН ДАНА ТҰЛҒА

Еліміз өзінің тәуелсіздігін алғалы орда бұзар отыз жылдай уақыт өтті. Ел болып етек жиып, еңсе тіктеген қазақ халқы 1991 жылдың 1 желтоқсанында өзінің тұңғыш Президент сайлауын өткізді. Осыған орай, 2011 жылғы 10 желтоқсанда Парламент сенатының толық отырысында «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына қол қойып, 1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні болып белгіленді. Еліміздің Тұңғыш Президенті күнін атап өту – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан атты жас мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, дамушы елдердің қатарына қосу жолында мемлекет алдындағы дүр еңбегін танытуды мақсат етеді.

Елбасының ерен еңбегін айтқанда, ең алдымен, Ұлт Көшбасшысының ел іргесін бекіту мақсатында іргелес мемлекеттермен шекараны белгілеп, Қазақстан атты үлкен үйді мекендеген барша ұлт пен ұлт өкілдерінің тату-тәтті, бейбіт өмір сүруіне жағдай жасап, ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеуін тілге тиек етсек болады. Себебі, шекарасы айқындалмаған елдердің ара-сында әлі күнге шекара дауы өрбіп тұрғанына кешегі Қарабақ оқиғасы, Қытай мен Үндістан арасындағы қақтығыстар нақты мысал бола алады. Осы тұрғыда Елбасымыз көрегенділік танытып, үлкен даудың алдын алғанын мойындауымыз керек. Ал, ел тыныштығын ойлаған Тұңғыш Президентіміз Қазақстан Халқы Ассамблеясын құрып, жүзден аса ұлт өкілдерінің қазақ халқымен бірге татулық пен бірлікте бір шаңырақ астында мекен етуіне мүмкіндік туғызды. Елбасымыз бұдан да басқа келелі істердің басында тұрып, ел тәуелсіздінің 30 жылында қазақ халқын әлемге танытып, Қазақстан атты жас мемлекетті әлемдік аренаға шығарған кемел тұлға. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аз ғана жылдың ішінде Алтын Орданың заңды жалғасы ретінде кезіндегі Дешті Қыпшақ даласында Атыраудан Алтайға дейінгі кең жерге ие алып мемлекет құрды. Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің көк туын көкке көтерді. Озық өркениетті, дамыған және дамушы 150-ден астам мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты. Еліміз өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралап, таразылады, өзінің көпқырлы саясатын қалыптастырды. Кеңестік идеологиядан ада ұлттық сана мен ұлттық танымға тән үлкен өзгерістер енгізді. Ұлттық идеология-ның, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары белгіленді. Қазақстанның Ата заңына сәйкес қазақ тілі – Мемлекеттік тіл деп танылды. Қазақстан – жас мемлекет. Республика халқының орта жасы да 35 жасты құрайды екен. Демек, Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев айтқандай, Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Олар аталары мен бабалары құрған мемлекеттің тізгінін берік ұстап, кемел Елбасының сарабдал саясатын жалғастырып, әлем мойындаған Қазақстанды одан әрі асқақтата береді деген сенімдеміз. Себебі, отыз жылдай аттан түспей, ел қамын ойлаған есіл ердің жолын жалғап, еліміздің азаттығын сақтап, Тәуелсіздіктің көк Туын желбіретіп, болашаққа аманаттау біздің борышымыз.

Жанерке ҚҰРАЛ, №7 орта мектеп

Басқа жаңалықтар

Back to top button