Абай жəне жастар
Қазақхалқыныңұлыақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Ұлы Абай атамыздың артынан қалдырған өлең мен қара сөздері өшпес мұра.
Абай және жастар! Хәкім өз шығармашылық мұрасында, өлеңдері мен қара сөздерінде жастар мәселесіне де назар аударғаны мәлім. Жастардың білімге ұмтылуы, еңбек етуі, рухани тұрғыдан кемелденуіне байланысты ой-тұжырымдары аз емес. «Жастықтың оты жалындап», «Балы тамған жас қамыс ормасаңшы көктейін», «Жас уақытта көңіл гүл», «Жастықтың оты қайдасың?», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген сынды өлең жолдары өмірдің жастық кезеңдеріне деген ойшылдың көзқарасын, пайымын жеткізеді. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты — адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық түрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат — «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған.
Ақын жастар тәрбиесінің сан қырына, оның өзекті салаларына баса назар аударды, жас ұрпаққа үміт артты, олардың жүрек сезімін оятып, өзінің көкейкесті мақсат-мұраттарына жұмылдыруға ұмтылды. Жастардың еңбек етіп, ғылым мен білімге ден қоюы, алда тұрған мақсаттарына жету жолында табандылық көрсетуі қажеттігі сияқты асыл қасиеттерді уағыздау — Абайдың бүкіл ақындық қызметінің негізгі де үзілмейтін идеялық- тақырыптық желілерінің бірі. Абай мектепте оқып жүрген қазақ балаларына үміттене қарап, елдің болашағы осылар деп қуанды. Елдің мешеулігін, халықтың қараңғылығын, надандықты әшкерелеп, жаңа өмірге бастар жол оқу-ағарту, адамның рухани жағынан азат болуы деп түсінді. «Адамның білімі, өнері — адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі — жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе: «Дүние де өзі, малда өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз…», — деген тұжырым ұсынады. Жастарға тәлім тәрбиеге толы оқулары мен өлеңдерінен «Абай өлеңдері» атты онлайн байқауы Іле ауданының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырыумен өтілуде.
Сайыстың мақсаты — Абайды тану, оның шығармаларын меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне сай оқып-үйрену, жан-жақты талдай білу. Әр адамның іздегенін табатын, оны өміріне тірек ете алатын, бағыт-бағдарын айқындай алатын қуат күші де осы Абай шығармаларында екенін дәріптеу.
Іле ауданының жастар ресурстық орталығы