ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БҰРЫШЫ
Алматы облысы Іле ауданы Чапаев ауылындағы №10 орта мектепте «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» 2018 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді. Қызмет көрсету бұрышын ашудағы мақсат – мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіріп, қызметтерді қолжетімді етуге жағдай жасау, өсіп келе жатқан ұрпақтың электронды сервистерді пайдалана білуге деген қызықшылығын арттыру. Осы мақсатта мектебімізде ашылған «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышына» егов порталына еркін кіру үшін ғаламторға тіркелген компьютер мен қызмет түрін қағазға шығару үшін принтер қойылды.
Алдымен ата–аналарға, оқушыларға электронды цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ), электрондық үкіметтің веб-порталынан өзіне қажетті анықтамаларды алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Үйіне интернет желісі тартылмаған немесе компьютері жоқ ата-аналар кез келген уақытта өзіне керекті қызметті үкімет порталы арқылы ала алады. «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрышының көмегімен Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекке тұрмайды, уақытын үнемдей алады. Мектептегі «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» тек мұғалімдер мен оқушыларға, ата-аналарға ғана емес, ауыл тұрғындарына да қызмет көрсетіп келеді.
М. ТҰРЫМБЕТОВА