1 желтоксан — Тұңғыш Президент күні
Қазақстан халқы 1 желтоқсан күні еліміз үшін елеулі оқиға — Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Алайда кейбіреулерді бұл мерекенің шығу тарихы ойландырары анық. Айталық, былтыр ел Парламенті 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауына қатысты осындай шешім қабылдаған болатын. Мұның себебі неде? Себебі тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз.
Сәл тарихқа шегініс жасар болсақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы — Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78%-ы жақтап дауыс берді. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Мәселен, 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Сондай-ақ 1991 жылдың 25 қазанында Президенттің Жарлықтарымен Қауіпсіздік кеңесі және мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Оған дейін Президент «Одаққа бағынған мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды ҚКСР иелігіне ауыстыру туралы» және «ҚКСР-ның алмас және алтын қорын құру туралы» Жарлық шығарды. Қысқасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің іргетасы осылай қаланды.
10 желтоқсан күні Алматыдағы Республика сарайында Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың көп этносты халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясын қатаң сақтауға, азаматтардың еркіндігі мен құқықтарын кепілдендіруге, Қазақстан Республикасының Президентіне жүктелген міндеттерді адал орындауға ант берді. Одан кейінгі мемлекет құрылысының табысты жылдары Мемлекет басшысының 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан халқына берген антын тұтастай және толық орындағанын көрсетті.
Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі сол күні-ақ Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын Қазақстан Республикасы деп өзгертті. Еліміз бүгінде бүкіл әлемге танымал жаңа атқа ие болды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 1991 жылғы 16 желтоқсан күні қабылданды. Осы заң негізінде еліміз өзінің Тәуелсіздігін жария етті.
Осы заңның 1-тарауында: «Қазақстан Республикасы — тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Қазақстан Республикасы барлық мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқық принциптерi бойынша құрады. Өзiнiң мемлекеттiк тәуелсiздiгiн басқа мемлекеттердің тануы үшiн Қазақстан Республикасы ашық. Қазақстан Республикасының бүкiл территориясында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, сондай-ақ ол таныған халықаралық құқық нормалары қолданылады. Қазақстан Республикасының территориясы қазіргі шекараларында бiртұтас, бөлiнбейтiн және қол сұғуға болмайтын территория болып табылады», — делінген.