Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамМерекелер

Алты алаштың абыройын асырды

Еліміз тәуелсіздігін алғалы өз азаматын ел болып ақ киізге хан көтергендей, Президент етіп сайлады. Бұл – ХХ асырдағы қазақ халқының тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі еді. Өткен ғасырда қазақ елінің басынан шеккен азаптары атан түйені қайыстырардай ауыр жүк, жүрекке түскен батпан зіл болатын. Алайда, еліміздің тәуелсіздік алып, жеке отау тігіп, шекарасы мен рәміздері айқындалған азат мемлекетке айналуы – осынау жараның аузын бітеп, жүректегі шеменді жібітті. Ел болған соң сол елді басқаратын тұлға да керек. Осы тұста ел мүддесі үшін еңбек етіп, қызметте де, саясатта да өзінің біліктілігін танытып, көрегенділігімен көз-ге түскен, дипломат тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның саяси сахнасынан бой көрсетті. Елдің сенер ұлы болған соң, халық та тізгінді азаматтың қолына ұстатты. Енді ғана аяғынан тұрып, тәй-тәй басқан мемлекетті қайта құлатып алмай, елеулі еңбек етіп, ішкі-сыртқы жауға сыр алдырмай, бойдағы қажыр-қайратын, күш-жігерін, саналы ғұмырын ел игілігі үшін жұмсап, азулыға алдырмай, аяқтыға шалдырмай, қалқысыз қызмет ете білген Елбасына халықтың айтар алғысы шексіз.

Көптеген адамдар «Тұңғыш Президент күн» дегенді Нұрсұлтан Әбішұлының жеке мерекесі ретінде қарайды. Жоқ, олай ойлайтын жандар қателеседі. Себебі, Президент қай елдікі? Әрине, қазақ елінікі! Сол себепті, бұл күн – Тұңғыш Президентін сайлаған елдің ортақ мейрамы. Ел болмаса, ел билейтін азамат қайдан шықсын? Бұл мереке – қазақ халқының үш ғасырдай отар болған азапты да қиын күні артта қалып, ел болып етек жинап, халық болып ірге бекіткен күні. Себебі, Тәуелсіз, еркін ел ғана өзінің Президентін сайлай алады. Ал, сан жылдар бойы тізгіні өзге мемлекеттің қолында болған ел тұсаудан босаған аттай далақтап далаға шауып, көрінген ит-құсқа жем болмасына кім кепіл? Міне, осы тұста қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың кемел ойлы, ел үшін туған азамат екендігі айқын көрінеді. Ол қазақ елін ешкімнің жемтігіне айналдырмай, қасқыр тартқандай жұлмалауға жол бермей, ел еңсесін тіктеу үшін жан аямай еңбек етті.

Қазақстан мемлекеттілігінің негізін салушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың ілгерілеу мен өркендеу жолымен келеді. Дана халқымызда «Тарихты тұлғалар жасайды» — деген нақыл бар. Әрбір ұлттың қалыптасу жолындағы тарлан тарихын жасайтын ұлы тұлғалар болады. Олар сан ғасырлар өтсе де, уақыт шеңберінде қалып қоймай, сол ұлттың кемеңгер көсемі ретінде санаға сіңіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Осы тұста, азат еліміздің негізін қалап, елімізді іргелі мемлекеттердің қатарына қосу миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі болды.

Иә, ол өз міндетін адал атқарып, ел алдында берген антында тұрып, азаматтық борышын өтей білді. Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Президент Қазақстанның әрбір азаматы мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан құрметке ие болған кемеңгер тұлға.

Н. Әбішұлының ел үшін атқарған ерен еңбегін ескерген халқымыз оны тек Тұңғыш Президенті ғана емес, Қазақтың ел болуына ұйытқы болған көсемі деп танып, «Елбасы» атты титул берді. Осынау жалғыз сөзде Тәуелсіз еліміздің отыз жылға жуық тарихы жатқандай. Иә, тұңғыш Президентімізді сайлап, ел болып етек жиғалы да ат басындай отыз жылға жуықтап қалыпты. Осынау мереке қарсаңында еліміз аман болып, төрт көзіміз түгел кемел келешекке қадам басайық.

А. ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button