Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

ЕЛ ТІРЕГІ – ЕЛБАСЫ

Қазақ халқының тарихында есімі  алтын әріппен жазылған  саяси қайраткер, бірден бір ұлы тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігі сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, Елбасы деңгейіне көтерілген Нұрсұлтан  Назарбаевтың егеменді еліміздің қалыптасуы жолында, оның  озық мемлекеттер қатарына қосылуында өзіндік қолтаңбасы бар. Ол тек бірлікті, елдікті, бейбітшілікті сақтауда ғана емес, жаңадан аяққа тұрған жас мемлекеттің экономикасын өрістетуде, әлеуетін арттыруда, алпауыт елдермен иық тірестірерлік деңгейге жетуіне тер төгіп, аянбай еңбек етті. Жалпы алғанда, Қазақстанның дамуы, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, биліктің барлық тармақтарының өзара әрекет ету жүйесінің бір ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы осы  ұлы тұлғаның есімімен тығыз байланысты. Н. Назарбаевтың басшылығымен  конституциялық құрылыс процесі жүзеге асып, демократиялық институттар құрылды. Өз алдымызға тәуелсіздіктің туын тіккен алғашқы жылдары  Елбасының басшылығымен үлкен дағдарысқа тап болған қазақстандық экономиканы өзгертуге бағытталған ауқымды шаралар әзірленіп, жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде  жас мемлекет аяғынан тік тұрып, көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.

Халықтың мүддесін мұрат еткен, еліне тірек бола білген Нұрсұлтан Назарбаев ойы орнықты, сөзі салмақты талантты тұлға. Елін, жерін шексіз сүйетін ұлтжанды азамат. Н. Назарбаевтың көрегенділігі, үлкен ұйымдастырушылық қабілеті, әр нәрсені тереңінен ойлайтын парасат-пайымы, болашақта Қазақстанды биікке көтеретін  білікті  басшы болатындығы  өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңында-ақ жалпақ жұртқа белгілі еді. Олай дейтініміз өзіміз тікелей куә болған бір-екі жайт.  Ұмытпасам,  біріншісі 1980 жылдың аяқ шенінде  Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымды міндетін атқаратын  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Өтеген батыр кентіндегі бұрынғы «Достық» кинотетрында Іле жұршылығымен кездесу өткізді. Осы жылы жүздесуде Н. Ә. Назарбаев  шешендігімен, терең білімділігімен жиналғандарды бірден өзіне баурап алды. Ешқандай қағазға қарамай-ақ КСРО-ның, оның ішінде Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатына, экономикасына кеңінен тоқталып, нақты цифрларды мысалға келтіре отырып,  сөйлегені жұртты сүйсіндірді. Ол  уақытта үлкен жиналыстар көбіне орыс тілінде өтетін. Ал, Н. Ә. Назарбаев  қазақша сөйлеп, қойылған сұрақтарға екі тілде бірдей жауап беріп отырды. Әлі есімде,  жиналыстан соң аудандық партия комитетін ұзақ жыл басқарып, құрметті зейнетке шыққан марқұм Заманбек Батталхановтың  «Шіркін, сөйлеген соң осылай көсілу керек қой. Қазақстанды биікке шығаратын азамат  түбі  осы Нұрсұлтан бауырым болады», — деген еді. Заманбек Батталханұлының сол сөзі кейін ақиқатқа айналды. Ауданға еңбегі сіңген, қызметі өткен қадірменді ақсақалымыз   кезекті Президенттік сайлауға түскен кезде  Н. Назарбаевтың сенімді өкілі болып, қасында жүрді. Екіншісі – 1990 жылдың наурыз айында Н. Назарбаевтың  Қазақ КСР Компартиясы орталық Комитетінің бірінші хатшысы  ретінде Ынтымақ ауылында ілелік тұрғындармен кездесуі.  Нұрсұлтан Әбішұлының Іле өңіріне келуі аудандағы наурыз мейрамының тойлануына орайластырылды. Ынтымақ ауылындағы Мәдениет үйінің артындағы алаңқайға алты қанатты ақ үйлер тігіліп, ұлттық нақышта киінген халық көп жиналды. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлы ілеліктерді наурыз мейрамымен құттықтап, қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары, ұлттық құндылықтары туралы небір шежірелерге сүйеніп, мағаналы әңгіме айтты. Жұрт Н. Назарбаевтың сөзін ұйып тыңдап, артынан алғыстарын айтып жатты. Осы екі кездесуде байқағанымыз Елбасының  қазақилығы, ұлтжандылығы, барынша қарапыйымдылығы, жиналғандарды ауызына қарата білетін шешендігі, жұртын соңынан ерте білетін көсемдігі.

Қазір қарап отырсақ, өзіміз куә болған соңғы кездесуден бері 30 жыл да зырылдап өте шығыпты. Осы жылдар ішінде Елбасымыз Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде  дүние жүзіндегі барлық елдерге танытып, алаш жұртының абыройын асқақтатты. «Атаның баласы болма, Адамның баласы бол», — деп хакім Абай атамыз айтқандай Үшқоңыр жайлауының баурайында туып-өсіп, ата-анасының өсиеті мен ғибратын өміріне азық еткен, өзінің елін әлемдік биікке шығарып, дүние жүзіне танымал болған Елбасымыздың  өмір жолы, парасат-пайымы баршамызға үлгі-өнеге, тағылымды тәрбие.

    Роза АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button