Ұлың ұлықты, қызың қылықты болсын десеңіз…
Әрбір білім жолындағы ілімді баланың білімі әліппеден бастау алатыны белгілі. Сол секілді әрбір ұлықты бала мен қылықты қыздың тәрбиелік алғашқы қадамы ата-ананың тәрбиелік әліппесімен басталады. Баланың білімді болып ер жетіп, қыздың қылықты болуына міне осы ұлы тәрбиенің тікелей әсері бар. Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ал келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» — дегеніндей ұрпақтың тәрбиесіне мұқият қарамасақ, имандылықты үйретпесек өскелең ұрпақтың ертеңіне қауіп төнері ақиқат. Перзенті алдындағы Ата-ананың міндеттерінің бірі балаға дәстүрлі дінімізді үйретуі. Бүгінгі сан түрлі ағымдардың жетегіндегі білімсіздердің бірер кітап оқып, бей әдептілікпен ұлтына, дәстүріне тіпті мәпелеп өсірген ата-анасына қарсы келіп, дінде жоқ ахлақты көрсетіп жатқандары міне осы тәрбиесіз білімнің жемісі. Шариғат — бұл Тәңірі тарапынан түсірілген ұлық заңдылық. Әрі оны халыққа жете түсіндіріп насихаттау үшін Алла пайғамбарларын жіберіп отырды. Себебі шариғатты Пайғамбарларсыз түсіну мүмкін еместі. Олай болса бірер кітап оқып алып шариғатты қатігез көрсетіп жүру бұл нағыз ұстазсыз яғни тәрбиесіз хәм орынсыз алынған білімнің көрінісі. Мұндай жағдайда ұрпаққа ұлық дін мен озық дәстүріміздің аясында тәрбие беру, теріс пиғылдарды түсіндіріп тәрбиесіне қатаң қарау ауадай қажет-ақ. Жүсіп Баласағұн: «Қатал ұста бос жүрмесін сандалып, Тәртіп болса, өсер бала сомдалып» десе, басқа бір сөзінде: «Жақсы тәртіп көрсе бала күнінде, үлгісімен қуантады түбінде» — дегеніндей баланың ұлықты болуына, қыздың қылықты болуына міне осы тәрбие маңызды.
Ендеше ұл мен қызымыздың көрегенділігіне жетелейтін тәрбие жолдары қандай?
- Тәрбие тал бесіктен:
Мағжан Жұмабаев «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағип, осал болып туылады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы – туғанда іңгәләған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінекей, адам баласы осылай өте әлсіз болып туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды» — дегеніндей баланы тұлғалыққа жетелейтін бойындағы тәрбиесін, оны бала дүниеге келгеннен ақ бастау керек. Мұны қазақтың «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген астары терең даналы сөзімен ұштастырсақ та болады. Тіпті одан ерте ана құрсағында жатқанда тәрбие негізін бастау керек-ақ. Ертеректе бір кісі «балам бір жасқа толды. Енді мұның тәрбиесіне қазірден бастап көңіл бөлгенім дұрыс шығар, қалай тәрбие бастасам болады?» деп білмекке бір данагөй кісіге барғанда: «Сен бір жыл, тоғыз айға кешіктің. Себебі бала тәрбиесін құрсақтан алдын бастау керек» — деген екен. Мұның астарын мына бір хадистен байқаймыз: шариғатымыз тіпті ерлі-зайыптылар төсек қатынасына барғанда да қандай әдептері барын үйретеді. Сол әдептердің бірі «Бисмилләһи! Аллаһумма жәннибнәш-шайтона уа жәннибнәш-шәйтона мә разәқтонә» — деген дұғаны айту. Мағынасы: «Алланың атымен бастаймын! Аллаһым, бізді шайтаннан және шайтанды бізге нәсіп ететін ұрпағымыздан алыстат!» — делінген. Демек келер ұрпақты алдын ала оның шайтаннан алыс болып, иманды болуын Алладан сұрау керек. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір хадисінде: «Әрбір бисмилләһсыз басталған іс – шолақ» — деген хадисі міне осы дұғаның да маңыздылығын айқындап тұр емес пе?!
- Пайғамамбарлар тәрбиесі:
Біздерге ұлы шариғатты жеткізіп отырған пайғамбарлар өмірлерін оқып отырсақ та ұрпақтары мен халықты Аллаға құлшылық қылумен қатар дүние тіршілігіне, адалдыққа тәрбиелегенін көреміз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әрине пайғамбарлардың қиссаларында ақыл иелері үшін өнеге бар» — деп тәрбиенің негізі Пайғамбарлар қиссаларында екенін айтады. Исмаил пайғамбар мен Жүсіп пайғамбарлардың әкелеріне «Әкетайым» — деп жұмсақ сөйлеулері, Адамның (а.с) екі ұлы бірі лағнеті шайтанға еріп інісін өлтірмекке бекінгенде, інісі Әбіл: «Сен мені шын өлтіруге қол созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол көтермеймін» — деп имандылық пен бір ата-анадан туған туысқандықтың негізін көрсеткен сынды көптеген тәрбиенің негізін осындай қиссалардан табамыз. Олай болса балаларымызға аятта: «(Ей, Мұхаммед!) Бұл Құранды саған жіберу арқылы өзіңе қиссалардың ең жақсысын баяндаймыз» — дегеніндей тәрбиенің ең жақсысын Құран қиссалары мен аяттарынан үйретейік.
- Шариғат ілімін үйрету:
Құранда Алла Тағала: «Естеріңде болсын; жүректер Алланы еске алумен ғана тыныштық табады» — дейді. Бүгінде көптеген діннен хабары жоқ жастар түрлі ағымдардың Алла жайлы айтқан бастапқы насихаттарынан жүректері тынышталып, жай тапқандай сезімге бөленіп қалай ағымдарға кіріп кеткендерін байқамай жатады. Салдарынан еліне қарсы шығып, әке-шешелерін жылатып, өз тура дінінен адасқандар шығып жатыр. Сондықтан өзге адасқандарға еріп кетпеулері үшін, жастарымызға діннің негізгі іргетасын мешіттерімізде қалатқан дұрыс. Алласын дұрыс таныған ата-анасы жоқ жерде олар көрмесе де, Алла көріп тұр деп ағаттыққа жол бермейді. Ауылдардан келген жастар әсіресе қыздардың қалалықтарға еріп, оны ерекше үлгі көріп темекі шегіп жүргендерді көп байқаймыз. Мұның барлығы сол имани білімсіздіктің нәтижесі. Дұрыс, «Құдайдан қорқу керек», «Бұл күнә», «Өтірік айтуға болмайды» дегендей сөздерді кейде айтып қоямыз, бірақ бұл сөздер жақсы болғанымен оның мағынасын жете түсіндірмесе болмайды. Мысалы сахабалар «Пайғамбар (с.а.с) біздерге бірінші имандылықты үйретіп, кейіннен Құранды үйретті. Сонда біздердің Құранға деген сүйіспеншілігіміз артты» — дейді. Байқағанымыздай сахабалар Аллаға және оның Құран сөздеріне деген имандылықты үйреніп, үйренудің не беретінін түсінген кезде барып Құранға деген махаббат оянды дейді. Демек ата-ана жоқ жерде бала Алла бар деп жамандылықтан алыс болатындай хәлде имандылықты үйретудің маңызы зор.
- Балаға жақсы ат қою:
Балаға жақсы ат қою әрбір әкенің міндеті. Әрі жақсы ат қою баланың өмірі мен ақыретінде де әсері мол. Әбу Дауд риуаят еткен хадисте: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға әдемі есім қойыңдар» — деп балаға мағынасы жағымсыз есімдер бермеуге ескерткен. Тіпті кей сахабалардың жағымсыз мағына беретін есімдерін өзгерткізген. Мүслимнен жеткен мына бір хадисте: «Сәбилерге пайғамбарлардың есімдерін беріңдер және ең жақсы есімдер – Абдулла және Абдурахман, ең шыншылдары – Харис және Һаммам, ал ең жиіркеніштілері – Харб және Мурра» деп те атап көрсеткен. Яғни хадистегі жиіркенішті деп атаған Харб – «соғыс», ал Мурра – «ащы» (Ібілістің бір аты) деген мағыналарды білдіреді. Тіпті балалардың кей есімдерін мазақ етіп, жастардың жиі кикілжіңдерге бет алатынын көріп жүрміз. Бұл, баланың психологиялық жағына да әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан шариғат жақсы ат қоюды арнайылап әкеге міндеттеген.
Нұржан Керімбеков, «Абахалис Кәрімұлы» мешітінің имамы