Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

ЖАҚСЫ АҒАЛАР ЖАДЫМДА

Жер бетіндегі әрбір пенденің пешенесіне жазған кездейсоқ болса да, ұмытылмас кездесулері болып тұратыны анық. Мен дос әрі құрдас ақындар, биыл біреуі қараша айында, екіншісі наурыз айында 85 жасқа толған, кеше ғана арамызда жүріп өрнекті жырларымен оқырманын тәнті еткен қайран ағамыз Нүсіпбек Исахметов пен қазақтың бел ақыны, өлеңдерін сүйіп оқитын және тыңдайтын Тұманбай Молдағалиевпен болған кездесулерді ұмытпасым хақ. 

Өзіміз тұрып жатқан Өтеген батыр ауылының күре жолы Жансүгіров көшесінде базарға қарама-қарсы бетінде қаламнан жасалған ескерткіш тұр.  Жанынан өтіп жатқан сан халықтың біреуі білер, біреуі білмес. Бұл ескерткіш жерлесіміз ақын Нүсіпбек Исахметов ағамызға арнап орнатылған. Осы жерден Исахметов көшесі бастау алады…

Нүсіпбек ағамен таныстығым 1993 жылы басталған. Аға ол кезде аудандық Мәдениет бөлімін  басқарады екен.  Ол кезде ауданда кеңселер тапшы болған болуы керек, Мәдениет бөлімі мен жұмыс істейтін АГРЭС-тің (кәзіргі ТЭЦ-3)  балансындағы АГРЭС құрылыс басқармасының үш  қабатты ескі ғимаратында, оқшаулау жерде орналасқан екен. Мәдениет бөлімін іздеген кісілер ол жерге электро-станцияға көмір келетін темір жолды жағалап, қуыс-қуыстың арасымен қиналып жететін.

Нүсіпбек аға өмірде өте қарапайым, үлкенмен де, жастармен де тіл табысып кететін кісі екен, шүйіркелесе қалдық. Қайдан келгенімді сұрады. Жұбайы Раушан жеңгей де, менің жарым да арғын руынан болғасын мені бажасындай қабылдады. Сосын «Осы жерде жерлесің бар» — деп, өздеріңіз оқып отырған «Іле таңы» газетінің сол кездегі редакторы Шархан Қажығұловпен таныстырды  Бір қызығы Шарханның пәтері сол үшінші қабаттағы редакцияға қарама-қарсы орналасыпты. Ағамен қоян-қолтық араласпасақ та, көшеде кездесіп қалып жүрдік, сәлеміміз түзу болатын. Ағаның өлеңдері өзі сияқты қарапайым болғанмен, естіген құлаққа сіңімді, оқырманын бір жылатып, бір күлдіріп көңілде жаттала қалатын. Мысалы, «Белгісіздік» деген өлеңіндегі:

Соққандай арттан дауыл, алдан-құйын,

Өлең сөз топырлаған толған жиын.

Белгісіз солдат болу – атақ десек,

Белгісіз ақын болу қандай қиын?! немесе «Жас кезімде» өлеңіндегі:

Жас кезімде мен-дағы гөй-гөй едім,

Сіз дейтұғын жерлерде сен деп едім!

Соның бәрін, шіркін-ай, мүмкін болса,

Түзегім кеп тұрады кейде менің?! — деген жолдары есімде қалыпты.

Кейінірек, Нүсіпбек ағаны соңғы сапарға шығарып салып тұрғанда досы Тұманбай Молдағалиев күйзеліп тұрып: «Нүсіпбек мықты ақын еді… Мықты… Ауыл, аудан жағалап көп жүріп қалды. Әдеби ортадан алыстап кетті. Әйтпесе, осы жүргендердің біразын шаң қаптыратындай құдіреті бар еді», — деген еді. Шындық!

Нүсіпбек ағаны ең соңғы көруім былай болды….  АГРЭС-тің (ТЭЦ-3) акт залында «Асар» партиясының атынан  Мәжіліс депутатығына үміткер  Серік Нұғымановпен кездесу өтетін болды. Серік ініміз есіктің алдында тұрып, әр есіктен кірген адаммен қол беріп амандасып тұрды. Нүсіпбек аға Нұғымановтың сенімді өкілі екен. Залға кіргесін Нүсіпбек ағаны көріп жанына барып сәлемдестім. Сәлемімді алып болғасын маған қарап: «Інім, әнеукүнгі солярка не болды?» — деп сұрады. Мен: «Аға, Сіз мені басқа біреумен шатастырып тұрсыз. Біз солярка жөнінде келіскен жоқпыз» — дедім. Шынында, мені басқа біреумен шатастырып тұрса керек.  Тағы бір есімде қалғаны, аға бір орнында көп отыра алмай тұрып кетеді екен. Бұл жолы да қатарласқан орындықтардың ортасындағы бос жерде ары-бері жүріп әңгіме айтып кетті. Ел, жер тарихы, замана ағысы жайында  біраз әңгіме айтып, өлеңдерін оқыды.

Өмірімде бір рет Нүсіпбек ағаның атын пайдаландым. Бұл оқиға былай болған еді. 1995 жылы 8 май жұмыс күні болатын, ертеңіне мейрам – Ұлы Жеңістің 50 жылдығы. Ол кезде астанамыз Алматы қаласы. Панфилов көшесіндегі Экология Министрлігіне құжаттарға қол қойдыруға барсам, Катков деген маман орнында жоқ екен. Қасындағылар: «Қазір келеді күте тұрыңыз» — деді. Уақытты босқа өткізбейін деп сол жерде институтта бірге оқыған достарым Сұлтанов Сәбит пен Досжанов Рысбайға  хабарласып, кездесетін болып келістік. Жақын жерде Панфилов пен Комсомольская көшелерінің қиылысында бұрынырақ «Аққу» деген дәмхана болушы еді, бассейнде аққулар жүзіп жүретін. Барсақ, бассейн құрғап қалған. Дәмхана қаңырап тұр. Амал жоқ, Көк базарға тарттық. Ол кездері Көк базардың жанында  ашық алаң болатын, сол жерде тамақ пісірілетін. Тамаққа тапсырыс  беріп енді отыра бергеніміз сол еді, бізге қарай атақты ақын ағамыз Тұманбай Молдағалиев келе жатыр. Орнымыздан ұшып тұрып: «Тұмаға, отырыңыз?!» — деп бәйек болып жатырмыз. «Иә, жігіттер, жиналып қалыпсыздар?» «Ертеңгі Жеңіс күнін атап өтейік», — дедім амандықтан соң.   Дастарханды бір шолып шығып: «Мен шарап ішетін едім» — деді. Рысбай жүгіріп барып шарап тауып алып келді. Біздің жерлесіміз, Москвада қатар оқыған досымыз Асқар Жұмәділдаев Тұманбай ағаның қызы Қарлығашқа үйленген. «Е-е-е! Құда екенсіңдер ғой», — деді. Бірінші құттықтау сөзімізді құдалықтан бастадық. Сосын мен:

—        Махмұтбай Әміреевті білесіз ғой, — дедім.

—        Әрине, білемін. Байғұс бала менің 50 жылдық мерейтойымда шапан сыйлаймын деп, жұмысынан шығып қалыпты, — деп жауап берді арқалы ақын.

Сыр бойына белгілі ән «Қызылорда вальсының» авторы Махмұтбай Әміреев менің жездем еді. Сондықтан бұл оқиғамен жақсы таныспын. Жездем ол кезде Сырдария аудандық «Сырдария» газетінің редакторы, әрі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болатын. 1985 жылы наурыз айында Тұмағаң 50 жасқа толып, соған жиналып жатса, редакцияның бір жігіттері біз де қосылайық деп, ақша жинап беріпті. Содан арты үлкен дауға айналып, «жездемді қарамағындағылардан  ақша талап етті» — деп айыптап, қызметінен кетуге мәжбүр болған еді. Жездем қазір облыстың белді ақындарының бірі, бірнеше өлең жинақтары жарық көрді. Тұмаға мен жездемнің достығы мына өлеңде білінеді:

 

Махмұтбай атын

ұмытпай жүретін,

Аяулымсың  алаулатқан жыр отын.

Екеміздің тауымыз бір шығатын,

Жауымыз бір сыртымыздан үретін.

Махмұтбай — аппақ бұлттай

нәзік жан,

Қай уақта да қатарынан озық жан.

Жолымыз бір екеуміздің, бауырым,

Алыстарға, ағыстардай созылған.

Махмұтбай — Сыр өңірі, сұлу Сыр,

Сен аман бол, ұзақ, ұзақ өмір сүр.

«Сіз Нүсіпбек Исахметовты білесіз бе?» — деп сұрадым.  – Жақында жолығып қалып едік, Сізге 60 жылдығында «маған шапан тимей қалды» — деп өкпелеп отыр, – деп, естігенімді айттым.  «Иә, той болғасын «у-ду», кімге не берілгенін өзім де білмей қалдым. Жақсы көретін досым ғой,  жол түсіп бара қалсам бір шапан апарып берейін», — деді Тұмаға.  Нүсіпбек аға екеуінің арасындағы достығы жайында біраз әңгімелеп берді.  Сөйтіп, Нүсіпбек ағаны танитындығым арқасында Тұмағаңмен емен-жарқын әңгімелестім.  «Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей!», — деген нақылдың  мәнісін түсінгендей болдым. Ол кезде ақын балалар сүйіп оқитын «Балдырған» журналының бас редакторы екен.

Нүсіпбек аға да, Тұмаға да өлмес жырларын қалдырып, мәңгілік сапарға аттанып кетті. Осы екі ақынмен аз да болса таныс болғандығымда  олардың қазақи, ұлтжанды, өте бауырмал әрі  қарапайым жан екендіктеріне көз жеткіздім. Өлең өлкесінде өшпестей із қалдырған Тұмаға мен Нүсекеңнің адами қасиеті жастарға үлгі болса екен деймін.

Ғ. Сүйіндіков

Басқа жаңалықтар

Back to top button