Іле ауданы № 24 лицей кітапханасында, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік жылдары» атты онлайн кітап көрмесі ұйымдастырылды. Желтоқсан оқиғасынан бастау алған тәуелсіздікті баяндайтын 1986 жылдағы жастардың солақай саясаттың әділетсіз шешіміне қарсы пікірлерін білдірмекке алаңға шығып қарулы тойтарысқа тап болғанын білеміз.Осыған байланысты желтоқсанда құрбан болып,қыршынынан қиылған жастар Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұқаметжанова сияқты қаһарман ұл-қыздарымыз туралы кітаптар мен материалдар қойылды.
Рухы биік осы өрендеріміздің жанқиярлық ерліктеріне тағзым етеміз.
«Сәл аялдап,тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер, деп сол кездегі әділетсіз, жалтақ қоғамның қиянатына ашына үн қосқан ақын ,қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ағамыз жырлағандай , олардың ерліктері мен арман,үміттері ақталып біз тәуелсіздікке жеттік. Бұл көрмеге еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі егеменді еліміздің қалыптасуы мен дамуын баяндайтын , елбасының тәуелсіздік жылдарындағы атқарылған еңбектері мен жеткен жетістіктеріміз туралы кітаптар қойылған. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 29 жыл. Жиырма тоғыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Кітап көрменің мақсаты еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен, бойында рухы бар, Отанға деген патриоттық сезімі қалыптасқан азаматтардың өмірін болашақ ұрпаққа үлгі өнеге ету және тарихымызды таныту. Жеке тұлғаның өз пікірін тиянақты жеткізіп, елдің көркейуіне үлес қосуға тәрбиелеу. Тәуелсіздік туралы терең мағлұмат беру. Ата — бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, өз Отанын сүюге, еліне, халқына қызмет етуге тәрбиелеу. Еліміздің тәуелсіздігін атап өту қарсаңында ел тарихына шолу жасау.
Іле ауданы, №24 лицей кітапханашысы
Ақбота Аманкелдина