Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

МӘСЛИХАТ – ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ ӨКІЛЕТТІ ОРГАН

Біздің сұхбат

Баршамызға белгілі үстіміздегі жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың сайлауы өтті. Биыл VII шақырылған аудандық мәслихатқа 24 депутат сайланды. Осыған байланысты біз Іле аудандық мәслихат хатшысы Роза Михайловна Абиловамен кездесіп, жалпы мәслихаттың атқаратын жұмысы жайлы сұраған едік.

– Роза Михайловна, алдымен Сізді мәслихаттың хатшысы болып қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, мәслихаттың қоғамдағы рөлі туралы сұрақтар қойсақ деп едік.

– Рахмет!

Жалпы мәслихаттың өкілеттілігі жайында айтып өтсеңіз?

-Мәслихат дегеніміз тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Басқаша айтсақ, осы ауданда тұратын халықтың мұң-мұқтажын қорғап, олардың қалауы мен ықтиярын білдіреді, берген аманатын орындайды. Сонымен бірге, жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып ауданда қабылданған шешімдердің жүзеге асыру шараларын белгілеп, оның орындалу барысын бақылайды.

Мәслихатты сайлау және оның пайда болуы халықаралық стандарт талаптарына жауап береді. 2001 жылдың 23 қаңтарында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес мәслихат өкілетті орган болып табылады. Ол төмендегі жұмыстарды орындайды:

  • аумақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті, қоршаған ортаны қорғау бойынша бағдарламаларды, әкім ұсынған әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару сызбасын бекітеді;
  • атқарушы органдар жетекшілерінің есептерін қарау, мәслихат шешімін орындамаған ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту бойынша тиісті органдарға ұсыныс береді;
  • ҚР заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету өкілеттіктерін іске асырады;
  • жергілікті бюджеттің, жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларының орындалуына бақылау жасайды; мәслихаттың тұрақты комиссиясын және басқа да органдарын құру, олардың қызметтерінің есептерін тыңдайды;
  • ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімдік жанынан құрылған консультативтік-кеңестің жеке құрамын әкімнің ұсынысымен бекітеді;
  • ҚР Жер заңдары бойынша жер қатынастарын реттеуді жүзеге асырады.
  • ҚР Конституциялық нормаларын, заңдарын, Президенттің актілерін, ҚР Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерін орындауға қатысады.

–    Үстіміздегі жылғы VII аудандық мәслихаттың өткен шақырылымнан айырмашылығы неде?

– VI шақырылымда аудандық мәслихатқа 18 депутат сайланса, ал VII шақырылымда 24 депутат сайланды. Ол төрт партиядан құралған. Оның ішінде «Nur Otan» партиясынан – 18, «Қазақстан Халық партиясынан» – 2, «Ауыл» партиясынан – 2, «Ақ Жол» партиясынан 2 депутат сайланды.

Жоғарыда атап өткен Заңға сәйкес фракция дегеніміз — депутаттардың ұйымдасқан тобы. Ол мәслихатта тиісті саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің мүдделерін білдіру мақсатында құрылады. Фракция мәслихаттың кемінде бес депутатын біріктіруге тиіс. Осыған байланысты, депутаттық корпусқа басқа саяси партиялардан 2 депутаттан енгізілгендіктен, Іле аудандық мәслихатында «Nur Otan» партиясының ғана депутаттық фракциясы құрылды.

Депутаттық корпус көп партиялы болғанымен, біздің, яғни депутаттардың мақсаты бір – ол мықты экономика, құқықтық мемлекет, дамыған азаматтық қоғамды қолдау.

Өткен шақырылыммен салыстырғанда депутаттардың құрамы 90 пайызға жаңартылған. Талап бойынша оның 30 пайызы – әйелдер, 20 пайызы жастарды құрап отыр. Аудандығы сайлаушыларға келетін болсақ, бүгінгі күні олардың саны 162 мың 918 болса, оның 110 мың 847-сі дауыс берді. Яғни, жалпы сайлаушылардың 68 пайызы сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Бұл жаман көрсеткіш емес.

 – Мәслихат өзінің өкілеттілігін қалай жүзеге асырады?

– Өкілеттілікті сессия арқылы жүзеге асырады. Өткен шақырылымда (2016-2021 жылдар аралығында) 20 рет кезекті сессия, ал 50 рет кезектен тыс сессия өткізілді. Сессияның барлығы ашық түрде өтеді. Мәслихат өзінің өкілетін сессияда (кезекті сессия жылына 4 рет өткізіледі), өзінің тұрақты комиссиясы, мәслихат сессиясының төрағасы, мәслихат хатшысы арқылы жүзеге асырады. Мәслихат сессияның төрағасы мен оның хатшысын сайлайды, олардың есептерін тыңдайды, тұрақты комиссияны қалыптастырады, мәслихаттың шығындарын анықтайды, мәслихат аппаратының құрылымын бекітеді.

 – Тұрақты комиссиялардың жұмысы қай бағытта құрылған?

– Біздің аудандық мәслихатта 3 тұрақты комиссия құрылды. Оның біріншісі, бюджет, әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік құрылыс, байланыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы. Төрағасы – Сұлтан Данашұлы Жарқынбеков. Екіншісі, әлеуметтік қорғау, еңбек, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақ-тау мәдениет, спорт және тіл мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия. Төрағасы –  Бауыржан Ербозымұлы Ысқақ. Үшіншісі, депутаттық этика, өкілеттілік, заңдылықты сақтау, құқық тәртібі және жұртшылықпен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты ко-миссия. Төрағасы – Сыдық Әбуұлы Дәулетов. Тұрақты ко-миссия жылына бір рет есеп беріп тұрады.

Бұрын әр сайлау учаскесі арқылы аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер тіркелуші еді. Яғни, олар алдын ала қай учаскеде депутат болатындығын біліп отыратын…

Биыл бәрі басқаша. Үміткерлер алдымен «Nur Otan» партиясының ішкі праймеризіне қатысып, тұрғындардан көп қолдау тапқан ең таңдаулылар депутаттыққа үміткер болып тіркелді. Олар өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын әлуметтік желілер мен баспасөз арқылы жүргізді. Мұнда да халықтан көп дауыс жинағандар ғана мәслихат депутаты болды. Биыл басқа партияларға да көп мүмкіндік берілді. Соның нәтижесінде аудандық депутаттар құрамы төрт партиядан қалыптастырылса, мәжілісте үш партиядан қалыптастырылды. Олар: «Nur Otan» партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы және «Қазақстан Халық Партиясы». VII шақырылған мәслихаттың алғашқы сессиясында тұрақты комиссия мүшелері сайланып, әрбір депутатқа тиісті округтер бекітіліп берілді. Осыған сәйкес Ащбұлақ округіне А. Алғазиев, Д. Даниярова, Б. Рымжанов жауапты болса, Байсерке округіне С. Жарқынбеков, А.Иманбекова, М. Омарова, Х. Жансұлтан, Жетігенге – Р.Абилова, Д. Котелевский, КазЦикке – Д. Кузиев, Б.Сержанов, Қараойға – В. Талюс, А. Худайбердиев, Күртіге – С. Дәулетов, Междуреченскіге – Т. Омаров, Ж. Тұрсынғалиев, Боралдайға – М. Әбдірахманов, А.Сатибаев, Е. Потапова, Чапайға – А.Әбдірахманов, Энергетикке – Г. Ақжолтаева, Н. Түймелиев, Б. Ысқақ, Н. Сержанов сынды депутаттар бекітіліп берілді. Олар тұрғындарды жеке мәселелері бойынша арнайы бекітілген кестеге сәйкес айына екі рет қабылдайтын болады. Мұнан басқа депутаттар кез келген уақытта өз сайлаушыларының жазбаша және ауызша өтініштері мен талап-тілектерін ескерусіз қалдырмай оны өкілетті органдарға уақтылы жолдап, дұрыс шешілуіне бақылау жасайды. Депутаттар үшін ең басты міндет – өздеріне жүктелген аманатқа адалдық таныту.

Біздің аудандық мәслихаттың және депутаттардың жұмысымен ресми сайтымызда таныса аласыздар http://ile-maslihat.kz. Мәслихаттың қабылдау бөлімінің телефон нөмірі 8 (72752)2-00-27.

–    Әңгімеңізге рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

 Сұхбатты жүргізген Бақтияр Талғатұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button