Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБез рубрикиЖетісу - адалдық алаңыҚоғам

Жемқорлыққа қарсы бағдарлама жобасы

Қоғам індетінен арылып, аурудан айығуы керек. Қазір ғаламдық үрдіс күн сайын өзгеріп, неше түрлі ешкім болжай алмаған қоғамдық қайшылықтар туындап, әлем құбылып тұрған шақ. Сонымен бірге «болжау мүмкін емес» деп бейқам отыруға да болмайтыны хақ. Осының дәлелі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынған Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиясының маңыздылығына күн сайын көзіміз жетіп отырғаны да аян.

«Нұр Отан» партиясының жуырда жариялаған жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа бағдарламасы соның айғағы дер едім. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті еңбегінде осы мәселеге айрықша мән беріп келеді.

Парақорлық пен жемқорлық бүгін туған қарым-қатынас емес. Адамзатпен бірге жасасып келе жатыр. Бірақ оның жағдайы әртүрлі қоғамда әрқалай.

Қазақ жерінде, әсіресе патшалық отаршылық ғасырында бұл ауру өте терең етек алды. Ұлы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романының бірінші кітабында мынадай мағлұмат береді: «Омбыдан келген шенеунік пен көмейі кең майыр бар. Бұның арты ақша, пара, үлкен-үлкен жем деген сөз». Ұлы суреткер патшалық биліктің қазақ жерін билеп төстегені, қазақ даласының атқамінерлерінің пара арқылы отарлаушы шенеуніктерге қаншалықты тәуелді болғанын жазады.

Бұл — өткен ғасыр. Өткен заман. Бүгінгі мынау жаңа заманда жаңа тәуелсіз мемлекет болған шағымызда неге сол отарлау дәуірінің ең сорақы қылықтарынан құтыла алмай жүргеніміз әрине қынжылтады-ақ.

Тәуелсіздік, бостандық, рухани еркіндік, тазалық сияқты ұлы құндылықтарды жемқорлық, парақорлықпен былғап, ластап жүргеніміз ұлтымызға, намысымызға сын. Әр қазақ, «Нұр Отанның» әрбір мүшесі осыны өз санасымен сезінуі керек.

Парақорлық пен сыбайлас жемқорлықты туғызатын да, қоғамда жүргізетін де, оған жол беретін де әр түрлі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы, көп жағдайда мемлекет ісінен гөрі өз жеке басының қамын басымырақ ойлайтындығы.

Сыбайлас жемқорлыққа жол беретін заң олқылықтарын қайта қарап, ондай мүмкіндіктерді жою шарты да кезек күттірмейтін маңызды мәселе.

Мемлекеттік қызметке тағайындалған азаматтардың өкінішке орай, көп жағдайда сананың төмендігіне куә болып жүрміз. Халыққа күнделікті қызмет көрсететін салалар қызметкерлерінің санасы да, білімі де, мәдениеті де өте төмен. Олар негізінен халыққа қызмет міндетін ескермей, мұқтаж болып алдына келіп отырған адамды өзіне тәуелді етіп, өзінің үстемдігін өткізгісі келеді. Сондай бюрократтық мінез құлық пен мәдениетсіздіктен парақор туындайды.

Қоғамда көтеріліп отырған бірден бір  өзекті тақырып жемқорлық пен парақор мәселесі болды. Бұл жөнінде халықтың айтары көп.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Мен өз халқымның жолында өз басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садақа ететін осындай халыққа мені ұлым, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыт – толыққанды тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын»-деген сөзі кез келген лауазымды мемлекет қызметкерлеріне үлгі ант болып тұрғандай.

Соның ішінде жемқорлықпен күрестің ең нәтижелі құралдарының бірі мәліметті беруді цифрландыру болып отыр. Сол жолға түсіп те келеміз. Бұл күнде мемлекеттік қызметтің басым бөлігі электронды форматта көрсетілуде. Сол арқылы мемлекеттік қызметкердің қызмет алушымен тікелей қарым-қатынас орнатуына жол берілмейді. Бұл да жемқорлықпен күрестің бір жолы.

Сыбайлас жемқорлыққа ең алдымен адами фактор әсер етеді. Яғни қызмет көрсетуші мен алушының арасында тікелей байланыс болмаған жағдайда жолдан тайғандар да болмайды. Ол үшін ең алдымен осы мемлекеттік қызметшілерді цифрландыру маңызды.

Осы мәселеге ел Президенті де ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде мән беруді қажет ететін маңызды бағыттарды алға тартқан еді. Сол кезде Президент атап өткен сегіз бағыттың екіншісі елдегі сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде болды. «Жемқорлық-мемлекеттің дамуын тежейтін кесел». Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз, деді Қ.Тоқаев.

Президент халыққа берген уәдесінде тұрды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі ведомствоға бөлініп, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта құрылды.

Бұл қадам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында түбегейлі бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесті. Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою. Бұл жұмысты еш созбалаққа салмай, қарқынды түрде жүргізу қажет деді. Ендеше, Президент алға қойған бұл міндет өз деңгейінде орындалуы тиіс.

 

С. Жармагамбетов

Междуреченск ауылы

Басқа жаңалықтар

Back to top button