ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МӘҢГІЛІК ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Тәуелсіздік – бабалардың ғасырлар бойы аңсаған арманына ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміздің егемендігі туралы айтқанда, Желтоқсан оқиғасына тоқталмай кетуге болмайды. Өйткені, дәл Желтоқсан оқиғасы ызғарлы, қасіретті болса да, жанымызға нұр сеуіп,тәуелсіздіктің ақ таңының атуына себепкер болды.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Сол күні егемендіктің көк байрағы еркін қалықтап, жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланды. Дегенмен, алғашқы жылдары еліміз көп қиындықтарға тап болды. Егемендікпен бірге жарыса келген нарықтық экономика халыққа оңай болған жоқ. Ірі кәсіпорындар жабылып, жұмыс орындары қысқарды. Көп адамдар нарыққа бейімделе алмай, дағдарып қалды. Экономика да шатқаяқтады. Алайда, Елбасымыз Н. Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында жағдай біртіндеп қалпына келіп, халықтың тұрмысы ақырындап түзеле бастады. Қандай қиындық жолықса да төзімділіктің, шыдамдылықтың арқасында еңсеміз тіктеліп, әлеуметтік жағдай жақсартуға қол жеткізілді. Қазақстан ақырын жүріп, анық басып, өзін дүние жүзіне мойындатты. Мойындата отырып, мәдениетіміз бен ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді сақтап қалды. Қазір Туымыз тұғырлы, Елтаңбамыз еңселі, Әнұранымыз айбатты болып, өркениетті елдер қатарына қосылдық.
Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Р. Қыстаубаева,
Қапшағай қаласы ауданаралық
әділет басқармасының басшысы