Aқ желеңді абзал жандарды құттықтады
Көктемнің алғашқы мерекесі – аналар мен ару қыздардың мейрамы!!! Қар астынан гүл ашқан бәйшешектей, кей аруларымыз өздерінің нәзік иықтарымен жауапкершілігі мол, өмірлік маңызы зор қызметтерді атқарып жүр. Соның бірі – медицина саласында қызмет етіп, адам өмірі үшін аурумен арпалысып жүрген ақ халатты абзал жандар!!! Медицина қызметкерлері – адам жанының арашашысы. Бұған жыл бойы елімізді әлекке салған коронавирус індетімен күресу кезінде ақ халатты абзал жандардың төтенше жағдайға дейін де, одан кейін де қарапайым халықтың қамын ойлап, аудан тұрғындарының денсаулығы мықты болуы үшін көз ілмей атқарған еңбегі куә!
Ақ желеңді жандардың адал еңбегін ескеріп, 8 наурыз – халықаралық аналар күні қарсаңында аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауданымыздағы дәрігерлер мен медбикелерді құттықтауға арналған іс-шара өткізілді. Шара барысында орталық аурухананың директоры Бауыржан Ербозымұлы Ысқақ сөз сөйлеп, нәзікжандыларды келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Бауыржан Ербозымұлы өз сөзінде: «Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Ауданымызда денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Құрметті аяулы арулар, аналар, қыздар! Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін. Сіздерді халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілеймін», — деп, аудандық медицина саласында қызмет етіп жүрген нәзікжандылардың еңбегін ерекше атап өтті.
Мерекелік шарада аудандық орталық аурухананың және ауылдық дәрігерлік амбулаторияның бірқатар медицина қызметкерлері облыстық кәсіподақ ұйымы төрағасының арнайы алғыс хатымен және аудандық орталық аурухана директоры Б.Ысқақтың алғыс хатымен марапатталды.
А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ