Аудан жаңалықтарыБілім және ғылымМәдениет

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚУ БІЛІМ САПАСЫНА ӘСЕР ЕТПЕУІ КЕРЕК

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс сапармен ауданымызға келді. Еліміздің бас мұғалімін Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Али мен аудан әкімі Бағдат Қарасаев күтіп алды. Министр Өтеген батыр ауылында орналасқан «Қуат» балабақшасына барды. Балабақша өткен жылы күрделі жөндеуден өтті. Жиһаздары мен жабдықтары толық жаңартылып, заманауи техникалармен толықтырылды. Бұны көрген министр оң бағасын беріп, балабақша әкімшілігіне табыс тіледі.

Министр балабақша жағдайымен танысқаннан кейін №24 мектеп-лицейінде Алматы облысына қарасты аудандық білім бөлімінің басшыларымен кездесті. Кездесу барысында білім беру саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар айтылды.

Әлемдік індеттің кесірінен 2020-2021 оқу жылының онлайн форматта басталуы мұғалімдерге біршама күш салғаны белгілі. Соған сәйкес, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Каткеева аудандағы білім беру саласы бойынша мәлімдеме жасады. Дәстүрлі білім берумен теңеспес дегенмен, мектеп мұғалімдері қашықтықтан оқуға арналған платформалар мен мессенджерлерді тиімді пайдалана отырып екі тоқсанды нәтижелі аяқтағанын жеткізді. ІІІ тоқсанда кезекші сыныптардың ашылуымен мектепті аңсаған оқушылардың бір бөлігі сақтық шараларын сақтай отырып, мектепке келіп оффлайн оқу формасына көшкенін айтты.

Білім беру саласындағы тағы бір ерекшелік, алдағы уақытта мектепке орналасу мектеп директорының құзырымен емес, конкурстық коммиссия шешімімен шығады. Бұдан былай мектепке орналасушы мұғалімнің білімі туралы куәлігінен бөлек, жазу-сызу, сондай-ақ, сабақ өткізе алу қабілеті тексерілетін болады.

Келелі кездесу кезінде Асхат Аймағамбетов Алматы облысындағы басты мәселе үш ауысымдық мектептер екендігін атап өтті. Әсіресе Жамбыл, Қарасай, Іледе де мектеп тапшылығы байқалатынын тілге тиек етті. Айтуынша, бұл мәселелер министрліктің басты назарында және алдағы уақытта түбегейлі шешілуіне ерекше ден қойылады деді.

Сондай-ақ, Асхат Қанатұлы М. Мақатаев атындағы №13 орта мектепке барды. Биылғы жыл – бұл мектеп үшін ерекше. Өйткені, аталған оқу ордасына 30 жыл. Асхат Қанатұлын мектеп директоры Аяулым Керимкулова қарсы алып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Мектепке кірген бойда ІТ сыныбының оқушылары жасаған робот-машиналардың жұмыс істеу қабілеті таныстырылды. Мектептің халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан алған жетістіктерін министр жоғары бағалап, сәттілік тіледі. Артынша, Мұқағали Мақатаевқа арналған мұражайда ақын өмірінен деректер айтылып, Мұқағали шығармашылығынан өлеңдер оқылды.

Е. АХМЕТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button