Адал еңбегіміз – адалдық алаңында
Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті әркім өзінен бастау керек.
Сыбайлас жемқорлықпен күресудегі негізгі мақсатымыз жұртшылық арасында парасаттылық, ізгілік, адалдық пен адамгершілік, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халықтың құқықтық сауаттылығын, сыбайлас жемқорлықты жою жолында қоғам белсенділігін арттыру
Бұрынғы өткен ата — бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.
Адамның ниеті, ойы, іс-әрекеті шындыққа негізделгенде адам өзіне де, өзгеге де адал болады. Адал болу кез-келген адамның өз қолында. Ол біздің ішкі жан-дүниемізден бастау алады. Адамның көңілі таза, пейілі кең, адал, шыншыл болғанда әділдікке қол жеткізеді.Әр адам дүние есігін ашып шыр етіп өмірге келген күннен бастап жүрек қалауымен , ата-анасының берген тәрбиесімен, жақсылық жамандықты көре жүріп өмір сүре бастайды. Адал еңбек – абырой бастауы-деп еңбек жолымды 1973 жылы мектеп бірген жылдан бастап, 46 жыл кітапхана саласында адал еңбек еттім деп ойлаймын. Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болу – өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады. Ал,адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адам бағасының бір өлшемі де іспетті. «Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық — пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді т.б. асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Көшпелі қазақтардың адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы шетелдік саяхатшылардың қолжазбалары мен күнделіктерінен де кездестіруге болады. Осы тұста ұлы тұлғалардың осы тақырып төңірегінде айтқан ой толғамдарын назарларыңызға ұсынғанды жөн санап отырмын. Ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұн «Парасат –қараңғыдағы шырақ» деген,ал, парасаттылық – адам бойындағы кісілік қасиет. Адалдық пен әділдікке, жемқорлыққа төзбеушілік иммунитетін мектеп жасынан бастап әр оқырманның бойында қалыптастыруымыз керек-деп ойлаймын.Мәуелі жас ағашты баптағанда ғана, оның жайқалып, түзу өсетіні айдан анық. Сол сияқты қанатын енді қаққан жастарға жемқорлық атты індетке төзбеушілік имунитетін қалыптастыруға жол сілтеп ,мүмкіндіктер жасай отырып, белсенді жастардың талапты талпынысына жол ашып, бойына патриоттық сезімін ұялатып, салауатты өмір салтын үгіттеп, парасатты, адал көзқарасын дамытуымыз қажет.Жастарды әділдік, адамгершілікке тәрбиелегенде ғана парасатты қоғам қалыптасады.Ең бастысы – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз керек. Әрине, оның жолдары сан алуан. Қарапайым еңбек адамының тәжірибесін насихаттау арқылы елдің өркендеуіне үлес қосудың маңыздылығын ұғындыруға болады емес пе?
Жұртқа сенбе тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап,
Өзіне сен,өзіңді алып шығар
Еңбегін мен білімін екі жақтап–деп Абай Құнанбаев нашар әдеттен жастарды сақтандырған өсиеті.Сондықтан жастарға өздеріңе сеніңдер , қайратың мен ақылыңа сүйеніп адал еңбек етіңдер дегім келеді. Әрбір азамат қол қусырып отырмай, адал табыспен таза еңбекке сүйеніп, еліне, отбасына, қала берді, ең болмаса өзіне пайда тигізуі қажет. Кәсіп ашып, ел пайдасына жараса, елде риза болған болар еді. «Адал еңбек аздырмас» дегендей, ұрлық, зорлық, жемқорлық, маскүнемділік, нашақорлық, т.б осы сияқты індеттермен азып тозбаған болар едік.Ал,мақсатымыз – әділдікпен , парасаттылықты дәріптеу.«Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» немесе «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді.
М.Жабиева,
Іле аудандық аналар кеңесінің төрағасы