Аудан жаңалықтарыЗнай нашихТұлғаЭнергетический ауылдық округі

АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Бабалардың айтуынша адамды жақсы білу үшін не қызметтес, не көрші, не дос болу шарт екен. Ал орыс халқында, адамды толық білу үшін 1 пұт тұзды бөліп ішкенде ғана біледі екенсіз.

Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы үш нәрсе бар, біріншісі халқына адал қызмет ету, екіншісі әділдік, үшіншісі ар-ұят. Адам осы үш қағида арқылы бақытын табады десе, бұл қағида шариғатта да айтылады. Әңгіме арқауы біраз уақыт әріптес, қызметтес болған Садыр Закиржанов туралы болмақ. Сәл шегініс жасап Садырдың еңбек жолына үңілсек:

Садыр Закиржанов Іле ауданы, Али ауылында қарапайым шаруа отбасында 1969 жылы қаңтар айының 8 жұлдызында дүниеге келді. Жасынан оқуға зерек , көпшіл, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысса үлгілі, озық оқушылар санатында болды. №22 орта мектептің 8 сыныбын жақсы бағамен бітірген талапты жас 1984 жылы Алматы қаласындағы политехникалық техникумға оқуға түседі. 1988 жылы аталған оқу орнын үздік бітірген Садыр техник-механик мамандығын алып шығады. Кейін отбасы жағдайына қарай 2002 жылы сырттай Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылық институтына оқуға түсіп, 2006 жылы ойдағыдай бітіріп, инженер-механик мамандығын алды.

Еңбек жолы:

1988-2007 жылдары 40 жылдық колхозында автомеханик;

2007-2012 жылдары «Турсынжан» шаруа қожалығының жетекшісі;

2012-2017 жылдары Іле аудандық әкімдігінің ТҮКШ бөлімінде бас маман;

2017-2019 жылдары аралығында Энергетический ауыл округі әкімі қызметтерінде жемісті еңбек етті.

Ол қай салада қызмет етсе де, өзінің қайсарлығы, еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, білікті де іскер, шебер ұйымдастырушы, елмен тіл табыса білетін талапшыл басшы, кәсіби маман ретінде таныла білді. Ел арасында, өзі істеген ұжымдарда үлкен беделге ие болды.  Аудан басшылары Садырға үлкен сенім білдіріп, аудан орталығындағы «Энергетический» ауыл округі әкімі қызметіне 2017 жыл тамыз айында тағайындалды.

Ол келген бетте ұжымда қатаң тәртіп орнатып, жақсы моралдық-психологиялық ахуал қалыптастырып, мықты мамандарды тарта білді. Нәтиже жаман емес. Аз уақытта барлық көрсеткіштері бойынша алға шығып, озық мекемелер қатарына ілікті. Садыр сөзі мен ісінде алшақтық жоқ, қандай шаруа болмасын істің көзін таба білетін, елді соңынан ерте білетін, ел билеу өнерін жетік меңгерген көреген басшы болды. Дүние танымы мен жаратылысы өзгелерден бөлек, кісілігі мен кішілігі таразы басында тең тұратын, уәдеге берік, жүрегінде иманы бар, не айтса да істің байыбына жетіп дәл айтады, дөп айтады. Оның әдептілігі мен тектілігі әр сөзі мен ісінен байқалып тұрады. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген, әрқашан халыққа жақын болып, елге жаны ашитын, ұлтжанды азамат екенін іспен көрсете білді. Садыр әкім қызметінде бар болғаны 1 жыл 9 ай істеді. Әр салада қолтаңбасы қалды. Ауылдағы қордаланып қалған проблемаларды «жас келсе іске деген», іскерлікпен, шеберлікпен шеше білді. Енді сөзіміз дәлелді болу үшін атқарылған жұмыстарға тоқталайық.

1. Мәселен, Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл өтсе де ауыл, көше атаулары Кеңес үкіметімен мұраға қалған мәні, мағынасы жоқ атаулары әртүрлі себеппен өзгермей келген. Осындай атауларды өзгерту туралы мәселе ауыл округі әкімдігінде, ардагерлер ұйымының қатысуымен қызу талқыға түсті. Онда 20.000 дай халқы бар Покровка ауылының атын, Өтеген батыр аулына қарасты елді мекендердегі мәні мағынасы жоқ көшелердің Садовая, Овражная, Светличная, Космическая тағы басқа 20 шақты көшелер аты аталып, түсі түстелсе, артынша ортақ шешімге келдік. Покровка атауы сол кездегі орыс көпесінің аты болса, көше атаулары да стихиялы түрде берілген, ешқандай логикаға келмейтін, ұлттық намысыңызға тиетін, уақыт талабына сай емес өзгерту қажет деп шештік. Мәселен, Покровка ауылына қазақтың біртуар ақын, сазгер, әнші Кенен Әзірбаевтің атын берсе, ал аталған 20 шақты көшелерге қазақтың атақты хан, батырлары, өнер адамдары мен қоғам және мемлекет қайраткерлерінің атын беру егемен ел болғанымызды дәріптейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын, уақыт талабына сай, саяси мәні бар іс-шара деп қабылдадық.

Күн тәртібіндегі 3-ші мәселе «Энергетический» ауыл округі әкімдігі атауын, Өтеген батыр ауыл округі әкімдігі деп өзгерту де уақыт талабы, әрі көпшіліктің көңілінен шыққан кезек күттірмейтін іс-шара деп қаулы қабылданып, хаттама толтырылды.

Артынша Покровка аулында ауыл тұрғындарымен жиын өткізілсе, 20 шақты атауы өзгертілетін көшелерде де көше тұрғындарымен жиындар өткізілді. Бұл екі батыл бастама да ауыл тұрғындарынан қолдау тапты. Жиындарда қаулы қабылданып, хаттама толтырылды. Бұл жерде белсенділік танытқан ауыл әкімі Садыр Закиржанов, ардагерлер ұйымы мүшелері Қабылан Көрпебаев, Мухтар Назарбаев, Мақсат Сайдалиевтің қажырлы еңбектерін атап өткен жөн. Барлық өзгертулерге байланысты құжаттар аудан әкімдігі ономастика комиссиясына тапсырылды. Жақында Астанадағы ономастика комиссиясынан барлық өзгертілген атаулар қабылданғаны туралы жақсы хабар келді. Еліміздің тәуелсіздігін айғақтайтын атаулар өзгеретін күн қашық емес.

2. Тағы бір айтулы оқиға — Өтеген батыр есткерткішін орнату кезеңін «Бітер істің басына, жақсы келер қасына демекші бұл науқан да Садырдың әкім болып келуіне дәл келді. Дереу ауыл округі әкімдігі аппараты мен ардагерлер ұйымының, бас қосқан жиыны болды.

Әкім бұл іс-шараның саяси мәні бар екенін, «аруағын сыйлаған ел азбайтынын» айта келіп, белсенділерден жұмыс тобын құрды. Мақсат айқын, әр белсендіге үндеу парақшаларын тарату жүктелсе, әр мекеме, әр кәсіпкер, бюджет саласы қызметкерлері мен ауыл тұрғындарымен үгіт-насихат жүргізуді тапсырды. Еңбек ақталды. Көп түкірсе көл деген. Бас аяғы 3 айда Өтеген батыр аулынан 5.0 млн. теңге қаржы жиналды. 2017 жылдың аяғына Өтеген батыр бабаның тоғыз жолдың торабы ауылдың шыға беріс батысында орналасқан Қапшағай трассасы бойында керемет талғаммен салынған алыстан мен мұндалап көрінетін алып ескерткіші елдің рухани демалатын орнына, ауданымыздың мақтанышына айналды.

3. 2018 жылдың қаңтар айында Қарасу 1, 2 ауылдарына барлық көшелерге атау берілсе, артынша Қарасу-1 ауылына көгілдір газ тартылып, ауыл тұрғындары кезекпен көгілдір отынды үйлеріне кіргізе бастады. Ел көп жылдан армандаған табиғи газдың игілігін көре бастады. Көптен мұндай жақсылық көрмеген жұрттың көңіл күйі өте жоғары болды. Әсіресе көшесіне атау берілген, көгілдір газ келген ауыл тұрғындарының қуаныштарында шек болмады. Ауыл ақсақалдары Садырға жарыса бата беріп жатты. Арты ауыл өнерпаздарының концертіне ұласты. Күннің суығына қарамай ән шырқалып, би биленді. Мереке соңынан ауыл әкімі алдын ала тапсырыспен жасалған көше аттары жазылған тақтайшаларды әр көше комитеттерінің басшыларына салтанатты жағдайда тапсырды. Жиналған жұрт көтереңкі көңіл күймен, марқайып қайтты.

4. Ауылда шешімін таппай келе жатқан проблеманың бірі жарық энергиясының төлемақысын жеке счеттарға ауыстыру, жарық беретін трансформаторды үкімет қарауына өткізу болатын. Істің мән-жайын әбден ой елегінен өткізген әкім, бұл іске де белсене кірісті. Көп ұзамай жарық трансформаторының аудан әкімдігінің ТҮКШ балансына өтуі де үлкен жаңалық болса, көп жылдан келе жатқан проблема оң шешімін тапты. Ауыл тұрғындарының жарық пайдаланғаны үшін құжаттарын заңдастыруда, әр жарық тұтынушыға банкте жеке счет ашуда ақыл кеңесін аямаса, ұйымдастыра білді, қиындықты жеңе білді. Нәтижесінде жарықтың төлем ақысы 1квт 0,22 тиыннан, 0,15 тиынға кеміді. Елдің алғысын алды.

Қамқорлық жасау, қайырымдылық жасау адамның бойындағы асыл қасиеттің бірі болып табылады. Садыр қайырымдылық жасаудан да құр алақан емес. Ауылдағы бірнеше көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды қамқорлығына алып , қайырымдылық көмек беріп келеді.

Күнделікті өмірде Садыр өте қарапайым, адам талғамайтын, дастарханы жиылмайтын қонақжай қазақы мінезімен сізді тәнті етеді.

Қорыта айтқанда, ол әкім қызметінде жаңа қырынан көрінді. Аянбай еңбек етті. Бәрін айтып тауыса алмайсыз. Ұлы Абай «Адам тек адал еңбегімен ғана ел құрметіне бөлене алады» деп өнегелі сөз қалдырған. Садыр кішіпейіл, көркем мінезімен, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген азамат. Ғұлама Мұстафа Шоқай «Алған білімін өз халқының қажетіне жарата алған адам бақытты, оның білімі баянды» деген екен. Әсілі адам өмірініңмәнді, мағыналы болуы адамның өз жолын адаспай тауып, мүмкіндігін, қабілет-қарымын дұрыс пайдалана білуінде десек, Садыр Закиржановтың бақыты мен абыройы да осында. Ол атақ-абырой емес, ұлт руханиятын байыту мақсатында еңбек етіп келеді.

Ерен еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен басқа да әр деңгейдегі Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Аудан маслихатының 25 жылдығы медалімен наградталса, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын алған.

Үйленген. Зайыбы Закиржанова Саракүл Тастанбекқызы ұлағатты ұстаз. Бүгінгі таңда 2 бала тәрбиелеп өсірген үлгілі, өнегелі отбасы.

 

Қабылан КӨРПЕБАЕВ,

еңбек ардагері, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы

Басқа жаңалықтар

Back to top button