ТӨРТІНШІ БЛОК ІСТЕН ШЫҚТЫ
Апат айтып келмейді. Дәл осыдан 35 жыл бұрын, 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогында жарылыс болып, ауаға тараған радионуклид йоды мен цезидің таралуы 30 шақырымға дейін жерді апатты аймақ алып жатты. Оған сол кездегі КСРО құрамына кіретін 15 республикадан әскерилер мен партизандық қызметке қосымша күштер тартылды. Олардың ішінде қазақстандық азаматтар да бар еді. Алайда атом станциясынан жайылған радиация ешкімді тірі қалдырмады. Алғашқы күндері жақын жұмыс жасаған барлық адамдарды жалмады. Қаланың халқын басқа региондарға көшірді.
Міне осындай аласапыран уақытта біздің ауданымыздан да азаматтар апат аймағын көшіруге және радиацияның уын ауаға тарап кетпеуі үшін өшіруге қатысып, Отан алдындағы борышын өтеуге атсалысты. Солардың бірі Байсерке ауылының тұрғыны Кузеванов Николай Николаевич еді. Ол Байсерке ауылының тумасы. Өкінішке орай ,кеудеге жабысқан радиация салдарынан 2008 жылы көз жұмды. Оның артында баласы және жары Татьяна Федоровна қалды. Николай Николаевич жастайынан «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы колхозда құрлысшы, одан кейін тракторшы болып еңбек жолын бастаған. Жоғары оқуды аяқтағаннан кейін 1955 жылы Моңғолия даласында әскери борышын өтейді. Ауылға келген Николай колхозда өзіне тапсырылған жұмыстарды жоғары деңгейде орындап, мақтау қағаздармен марапатталады. Қатардағы қарапайым жұмысшыны 1987 жылы аудандық Қорғаныс әскери комиссариаты арқылы қайтадан партизандық отрядқа шақырып, жедел түрде Украинаның Чернобыль қаласына апаттың жайылуының алдын алуға жі-береді. Сол жылы апатты аймақтағы КСРО Ішкі істер минстрлігінің №240 әскери бөлімінде қызмет еткен. Осы-лай жерлесіміз Николай Николаевич Кузеванов өлі қаланың тірі куәгеріне айналады. Сол кездегі Ресейдің таратқан ақпаратына сенсек, 15 Республикадан Орта Азиядан апатты аймаққа тек Қазақстаннан барған. Ол жерде шамамен 1986-1992 жылдарда қатысқан адамдардың саны 600 мыңнан асқан екен. Олардың ішінде ресми тізімде 31 743 қазақстандық тіркелген.
Қазіргі уақытта зерттелген мағлұматтар бойынша Чернобылдегі апаттың да ақтаңдақ тұстарын ақтарылып жатқаны көрінеді. Соның бірі КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов қол қойған №045 құпия бұйрықта “…залалсыздандыру жұмыстарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген, екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұмысқа тартылу мерзімі үш айдан аспасын” деп жазылған. Алайда, апатты залалсыздандыруға жастары жиырмаға толмаған әскерге шақырылғандар да тартылған. Тіптен, екі жыл қатарынан сонда әскери қызметін өтегендер де болыпты.
Біз марқұм Кузеванов Николай Николаевич туралы ақпаратты аудандық «Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» Кеңесінің төрағасы Нұрқайым Мухиддинов мырза мен жауынгердің жұбайы Татьяна Федеровадан алдық.
Нұрқайым Мухиддиновтың айтуынша ауданда 62 ардагер бар. Оның бесеуі о дүниелік болған. Пандемия кезінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалынан әлеуметтік көмек ретінде қаржылай және азық-түлік жағынан қамтамасыз етілген.
Жалпы жер шары үшін, адамзат баласы үшін ядролық қару қаупі әлі сейілген жоқ. Оны тоқтату үшін де түрлі саяси дипломатиялық шаралар жүріп жатыр. Қазақстан – жойқын атом қаруының зардабын ең көп шеккен және одан өз еркімен бас тартқан ел.
Семей полигонындағы 456 жарылыс – Чернобылдегі 119 апатқа тең. Ядролық радиацияның зардабын басынан өткізген және әлі де өткізіп келе жатқан қазақ халқы чернобылдіктерді жақсы түсінді. Әлемдегі ең үлкен атом бомбасын сынаған, ядролық сынақ алаңы болған Семейде 456 рет жарылыс болды. Оның қуаты Чернобылдегідей 119 апатпен тең екен. Алайда, адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізген зияны туралы әлемдік қауымдастық әлі ештеңе білмейді. Жапониядағы Хиросима мен Нагасакиге тасталған АҚШ-тың атом бомбасынан 90 есе қуатты деп танылған Чернобыль туралы айтқанда Семей мен Аралды, Ақтау мен Сарышаған полигондарын да еске алу керек.
Бағдат ЧОЙБАСОВ