Алматы облысында 14501 түлек ҰБТ тапсырады
Мектеп бітіруші түлектердің алдындағы үлкен сынақ ол-ҰБТ. Биыл Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет электрондық форматта 15 сәуір — 30 маусым аралығында өткізілетін болады.
Алматы облысында аталған оқу жылында мектеп бітіруші түлек саны 17703 құрап отыр. Олардың ішінде 1671 бітіруші «Алтын белгіге» үміткер, ал үздік атестат алуға 1352 оқушы құлық танытуда. Болжам бойынша 14501 оқушы ҰБТ тапсыруға ниетті.
ҰБТ-ның электронды түрде өткізілуінің артықшылықтары сынақ тапсырушы тестілеу күнін өз еркімен таңдай алады.Сонымен қатар тестілеуге 4 сағат уақыт беріледі. Және тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ берілген уақыт аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге мүмкіндігі бар. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады. Негізгі шекті меже 140 балл. Түлектер, Қазақстан тарихы мен математикалық сауаттылық пәндерінен 15 сұрақтан, оқу сауаттылығы – 20, таңдау пәндері — 35, барлығы 120 сұраққа жауап беруі тиіс.
«ҰБТ тапсырушылар үш міндетті, екі таңдау пәнінен сынақ тапсырады. Айта кетейік, тест тапсыру барысы үнемі бейнебақылауда көрініп тұрады. Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыратын мүмкіндікке ие. Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады»,- дейді Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Маманқызы.
Бүгінгі күні аймақта компьютерлермен жабдықталған 5 пункт ҰБТ өткізуге арнайы жабдықталған. Айта кетейік, тестілеу барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізіледі.