Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

КАРАНТИН ҚАЙТА КҮШЕЙТІЛДІ

«Ковид-19» індеті өңірлерде дүрбелең туғызып, елді әбіргерге салып, біресе қызыл, бірде сары түске боялып, кейде жасыл түске еніп, бағдаршамның шырағын жаққандай әсер қалдыруда. Бұл індеттің әлемді дүрліктіріп, экономикалық-саяси әл-ахуалына да әсер етіп, бүкіл елді бір дәннің қауызына сыйдырғанына да жылдан асып барады. Алайда, «бір жаманшылықтың артында бір қайыр бар» дегендей, бұл да еліміздің бірлігі, елдігі сыналған шақ болды. Қайырымды жандар мүмкіндігінше түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандарға азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен көмектесіп тұрды. Өздерінің ауыздарынан жырып, көпбалалы және көмекке зәру отбасыларға шамасынша жәрдем жасап, қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып отырды. Мұның өзі дәтке – қуаныш, жанға – жұбаныш.

Ел басына туған зардаптың кесірі мемлекеттің жарқын болашағы мен кемел келешегін қамтамасыз ететін білім саласын да айналып өтпеді. Мектептің сәні де, мәні де күлімдеген бүлдіршін, ойын қызығына тоймай жүгірген балалар, сыныптың шырайын кіргізіп жарыса білім алатын оқушылар екені баршамызға мәлім. Оқушысы жоқ мектепте жұртта қалған аңшының қосындай қаңырап, өлі тыныштық орнаған еді. Ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап Білім және ғылым Министрі Асхат Аймағамбетовтың шешімімен елімізде 9 және 11 сынып оқушылары, ақпан айынан бастап 1-5 сынып оқушылары санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектепте дәстүрлі түрде білім алды.  Көшеде сөмкесін асынып мектебіне асығып бара жатқан оқушыны көріп, іштей шүкір дестік. Осынау дүрбелең басылып, барлық оқушы мектепке оралып, алтын ұя білім ордасы жанданып, нұрға шомса, керемет емес пе? Бірақ….

Бірақ, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Себебі, өңірімізде коронавируспен, пневманиямен ауырғандардың саны күрт өсіп, өскелең буынның денсаулығын сақтау мақсатында IV тоқсанда оқушылар қайтадан онлайн білім алу жүйесіне көшті. Іле аудандық санитариялық-эпидемологиялық бақылау басқармасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А. Смағұловтың 7.04.2021 жылғы №36 қаулысына сәйкес, тек қана мектеп оқушылары ғана емес, аудандағы барлық білім алушылар оқу жылының соңына дейін онлайн білім режиміне көшіп, балабақшалар мен ойын-сауық орталықтары, интернет клубтар өз жұмысын уақытша тоқтатты. Сондай-ақ, көптеген мекемелерде шектеулер енгізіліп, сақтық шараларын қатаң сақтау талап етілуде.

Біз көп жағдайда аурудың салдарымен күресеміз. Ал, осы хәлге жеткізетін жағдайды әсте есте ұстамаймыз. Олай дейтінім, бір күндік өмірмен күн кешіп жатқан жандай, ертеңімізді, айналамыздағы жақын жандарымызды ойламай, көшеде сақтық шараларын мүлде ұстанбаймыз. Бірреттік бетперде тағып жүрудің орнына бір сәттік ауа жұтқанымызды артық көреміз. Ол ауада коронавирус жұқпалары болуы мүмкін екенін, сол ауаны жұту арқылы біз өз өмірімізді қатерге тігіп отырғанымызды, жақсы көретін адамдарымызды өз қолымызбен сырқаттандырып жатқанымызды қапері-мізден шығарып алғанбыз. Осыны ойласам, адамдар өздеріне өздері зиян келтіріп, өзгені кінәлайтындай, өз өміріне деген жауапкершіліктен қашатындай көрінеді. Әйтпесе, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» — деп, денсаулықтың қадірін білген елдің ұрпағы емес пе едік? Сондықтан, әлі де болса сақтық шарасын ұмытпай, өзімізге және жақындарымызға жана-шырлық танытып, қоғамдық ортада бетперде тағып, арақашықтықты сақтай білейік. Құдыреті күшті Алла Тағала: «Сақтансаң, сақтаймын» — депті. Демек, өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін ұмытпайық!

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button