“Артек” лагерінің аналогы Жетісуда ашылмақ
Алакөл ауданында «Жалын» заманауи балалар лагері жұмысын бастайды. Жазғы демалыс кезінде бір маусымда 100 – ден астам баланы қабылдау көзделіп отыр. Яғни, бір маусым он күн аралығын қамтыса, алты маусымда 600 дей балаға демалуға мүмкіндік жасалмақ. Демалыс орнына келетін балалар тобы жас ерекшеліктеріне байланысты жинақталады.
«Жалын» қала сыртындағы балалар демалыс орнының жобасына сәйкес лагерь аумағында 20 орындық бес жатын корпус, бір шығармашылық үй, бір асхана, персоналға арналған жатақхана, бір медпункт, балалар алаңы, балалар қалашығы, спорт алаңдары, қонақ үй қарастырылған.
«Аудан орталығына қарасты Ақши ауылынан «Жалын» лагері салынатындығын естіген бойда балам қатты қуанды. Бұрын-соңды болмаған заманауи үлгідегі демалыс орны балаларымыздың жазғы демалысына таптырмас мүмкіндік. Туризм саласының дамыған ошағы Ақши ауылы болғандықтан барынша жан-жақты дамытып, қолдау білдіріп отырған аудан басшысы мен құрылыс мамандарына айтар алғысым шексіз»,- деп ризалығын білдірді Арай Тұрғанбаева.
Құрылысы кезінде 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде штаттық режимде 47 тұрақты жұмыс орның ашу қарастырылуда. Лагердің жалпы құны 1 млрд. 26 млн. 728 мың теңге. Мамандардың айтуынша, Ақши ауылы маңында бой көтеретін «Жалын» қала сыртындағы лагері қазіргі заманғы талаптарға сай жасақталады. Бұл өз кезегінде балалардың емін-еркін демалуына қолайлы жағдай жасау мен салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етпек.