Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамЧернобыль апатына - 35 жыл

Апатта да антымызға адал болдық

Чернобыль апатына — 35 жыл

Олар «Отан – ана» шақырады деп ұрандап, оқ пен оттың ортасында соғысқан жоқ. Жарылған бомба, ұшқан оқтың астында, окоптарда, танкіге қарсы зеңбіректің,  миномёттің ысқырған оғының астында қай жерге келіп жарылады деп бұғынып жатқан жоқ. Олардың қол-аяғын оқ жұлып кетіп қансыраған жоқ.

Олар көрінбейтін соғыстың, көрін-бейтін жаудың, оқтан да жаман «радиация» деген сәулелі соғыстың дәмін татты. Жұтқан ауа арқылы тілдері темір татып, тістері күкірт татып өздеріне әлі де беймәлім жаумен арпалысып, болашақтарында, алғы өмір-лерінде, алдарында қандай күндер күтіп тұрғанын білген де, сезген де жоқ.

Олар да әскери киім киді, Отан алдында, партия алдында, айнымастай «Ант» берді. Алдарына, өздеріне жүктелген міндеттемені адал орындады. Олар «У» жайлаған жарты Европаны, жарты Ресей жерін миллиондаған адам баласын келешекке деген жарқын өмір, дені сау жас ұрпақ жарқын болашақ үшін өз денсаулықтарын құрбан қылды. Сол күнгі, яғни 1986 жылғы 26 сәуірде бүкіл әлемді дүр сілкіндірген «Чернобыль» апатының қасіреті әлі біткен жоқ.

Қазақстан бойынша сол кездегі кеңес әскері қатарында міндетті әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлер, не бәрі 19 бен 20 жаста ғана болды. Мен Ерлан Әбдіқалов Тоқтасынұлы осы жауынгерлердің бірімін. 1986 жылы тамыз-қазан айларында сол апатты жоюға өз үлесімді қостым. 1987 жылы июнь айында абыроймен өз туған жеріме оралдым. Біз сол кезде «Отан» — деген қасиетті еліміз үшін «У» — жұтып, азабын тартамыз деп кейін шегінген жоқпыз.

Біз өз борышымызды «Отан» алдында адал абыроймен орындадық. Мен сол кезде әлейім халық үшін, келер болашақ үшін, осы күн үшін Чернобыльге қатысып өз денсаулығымды жаралағаным үшін ешқашан өкінген емеспін және өкінбеймін. Сол бір қасіретті Чернобыль апатына да міне, 26 сәуір 2021 жылы – 35 жыл толып отыр. Осы бір уақыттар, жылдар ішінде «У» жұтып жүріп өз борыштарын адал атқарып келген мерзімді қызмет жауынгерлері мен партизандар өзіміздің жерлес батырларымыздың қазіргі уақытта тірі жүргендері бес мыңға жуық қана. Қаза болғандары 28 мыңнан асады. Осыған қарап-ақ, өздеріңіз нәтижесін шығара беріңіздер. Бұл — біздің өміріміз. Бұл — біздің тағдырымыз. Десек те, қазіргі уақыттағы қиыншылықтар, сол бір ардагерлердің ай сайын, күн сайын, жыл сайын азайып бара жатқандары іш қынжылтады.

Әлі де шешілмей жатқан заң талаптары, ардагерлерге деген әкімшілік жағынан көз-қарас, төрде отырған төрелердің немқұрайлығы өз кедергілерін жасамай қоймайды.

Біздің «Іле ауданында» қазіргі таңда 58 Чернобыль ардагері тұрады. Осы бір азаматтарға, үнсіз батырларға, аудандық әкімшілік, әрбір ауылдық әкімшілік осы таңда қаншалықты көңіл бөліп жатыр? Олардың қазіргі таңда қандай мұқтаждығы бар, денсаулықтары қандай жағдайда, тұрмыстары қалай деп бір рет аралап тексеріп, ардагерлердің қал жағдайын білді ма екен? Әй, қайдам! Ол жағына менің күмәнім бар.

Ақерке ОТАРБАЕВА

 

ЕРЛІК жайлы ел білсін

Жапырақ – ғұмыр, жаралы кеуде жан тылсым,

Жазайын бүгін Чернобыль жайлы ел білсін.

Тұншығып «У» — мен, тұнжырап жатты сары орман,

Көрінбес жауды жағадан алып, кім жыртсын?!

Жапырақ – ғұмыр, жанарым сөнбе қазірше,

Чернобыль шерім, жүректің отын сөндірме

Қаныма сіңген жауымды жүрмін көтеріп.

Көтерсе басын, улаймын екпе дәріге.

Тағдырдың жазған үкімі шығар маңдайға.

Барады күндер, жалғасып уақыт айларға

Күн санап жүрміз, дос санап жүрміз…

Қазір біз…

Қамығып қарап аттанып жатқан достарға!…

Азалы күнді назалы жырмен бастырам,

Қаралы күнді еске алу жырмен аштырам.

Өлген жоқ олар, бір мызғып алып тұрады,

Ескерткіш қойып, жырменен шашу шаштырам.

Жапырақ – ғұмыр, жанардан отым сөнбегін,

«У» басқан орман, кім айтар қазір өлшемін?!

Әлемді қорғып, әлегін көрген батырлар…

Кім біліп жатыр, олардың қылған ерлігін!

Көсеуі біткен, кешегі күнде кім білер?

Ерлікті айтсам қазіргі жұртқа, кім сенер?!

Көрінбес жауды көтеріп жүрміз қандағы

Азабын жұтқан азалы күнді біліңдер!…

Ерган Әбдіқалов, 1986 жыл.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button