Алматы облысының жаңалықтарыҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғамТұлға

«БІЗДІ АЛАҢҒА ЖЕТЕЛЕГЕН – ҰЛТТЫҚ НАМЫС»

Желтоқсан оқиғасына — 35 жыл

Алдибеков САУКЫНБЕК:

Биыл алып империя КСРО-ның шаңырағын шайқалтып, босағасын қаусатқан, өзге елдердің оянуына түрткі болып, лаулаған жалынға тамызық болған «Желтоқсан» оқиғасына 35 жыл, еліміз Тәуелсіздік алып, егеменді елге айналғанына 30 жыл толғалы тұр. «Желтоқсан» оқиғасы – халық жүрегінен өшпейтін ауыр жара. Себебі, азаттықты аңсап бейбіт шеруге шыққандардың бірі түрмеге қамалды, бірі атылды. Сол кездегі ауыр соққы мен ызғардың салдарынан мүгедек боп қалғандар да жоқ емес. Бейбіт шеруге шығамын деп, бұзақы атанып, қоғамда орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деп қудаланған қаншама жастар әлі күнге ақталмай, өзінің бүлікші емес, ұлтжанды азамат екенін дәлелдей алмай жүр. Осындай желтоқсаншының бірі, Жетіген ауылының тұрғыны Алдибеков Саукынбек ағаны әңгімеге тартқан едік.

— Сәлеметсіз бе Саукынбек аға! Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын.

— Сәлеметсіз бе. Рахмет.

— Аға, әңгімені оқырмандарымызға өзіңіздің өмір жолыңызды таныстырудан бастасақ… 

— Мен, Алдибеков Саукынбек 1969 жылдың 24 сәуірінде Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Сұңқар ауылында дүниеге келдім.  1986 жылы мектепті тәмәмдаған соң, арман қуып Алматыға келдім. Арманым – филолог болу еді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға тапсырып, жоғары оқу орнына түсе алмадым. Алайда, ол кезде институтқа оқуға түсе алмаған талапкерлер техникумдарға емтихан тапсыра алатын. Себебі, қазіргі кездегідей емес, ол заманда жоғары оқу орындарының емтиханы маусым-шілде айларында өтсе, техникумдардың емтиханы тамыз айында өткізілетін. Бойында білімі бар, талапты жастар институтқа түсе алмаған жағдайда техникумға түсуіне мүмкіндік бар еді. Мен де ҚазҰУ-ға түсе алмаған соң, сағым сынып, ауылға бос қайтпайын деп, Алматы байланыс электро-техникумына тапсырып, «механизация предприятие почтовой связи» мамандығына оқуға түстім. Біздің мамандық жаңадан ашылған мамандықтардың бірі екен. Осы техникумды аяқтап, жолдамамен Іле ауданының поштасына инкассатор болып жұмысқа орналастым. Ол кезде қазіргідей арнайы жасақ брондалған көліктермен жүрмейді. «Почта» деген жазуы бар уазбен жүріп елдің жалақысы мен зейнетақы, басқа да әлеуметтік көмек қаржыларын таситынбыз. Кейіннен әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. Әскерден 1991 жылы оралдым. Ол кез – елдің Тәуелсіздік алып, көптеген мекемелер жабылып, ел іші дүрбелең боп жатқан кезең еді. Мен қызмет еткен пошта жабылып, мамандар қысқарып жатыр екен. Нағашы ағамның көмегімен Жетіген ауылына жол-бақылаушысы болып жұмысқа орналастым. Міне, содан бері осы уақытқа дейін бір жерде тапжылмай қызмет етіп келемін. Осы ауылда тұрып отбасылы болдым. Жұбайым – Көкежанова Жадыра Жанетайқызы, Жетіген ауылдық «Балдырған» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет етеді. Жансая және Қарақат атты екі қыз және Олжас атты бір ұл тәрбиелеп отырмыз.

— Желтоқсан оқиғасына қатысты кей мәліметтерге сүйенсек, оқу орындары мен зауыт-фабрикаларды аралап, алаңға шығуға үгіт-насихат жүргізілген екен. Ал енді кей деректерде алаңға күшпен алып шыққан жағдайлар болды деседі. Сіздің алаңға шығуыңызға не түрткі болды? 

— Біздің техникум қазіргі «Тұран» университетінің ғимаратында орналасқан болатын. Жастардың шеруі өткен алаң тура біздің оқу орнымыздың алдында болатын. Қыркүйекте сабақ басталып, үш айдай білім алдық. «Желтоқсан» оқиғасы кезінде бар-жоғы 17 жастағы баламыз. Жастық жалынмен 17 желтоқсан күні алаңға шықтық. Терезеден алаңға жиналған үлкен-кіші, қарақұрым халықты көргенде, олардың ұрандатқан сөздерін естігенде, «Қазақты қазақ басқарсын» деген лозунгтарды көріп, қалайша делебең қозып, қазақы қаның туламайды? Бізді алаңға жетелеген – ұлттық намыс. Сабақта отырып, алаңдағы жұртты көріп, тып-тыныш сабақ оқып отыруға шыдамай, алаңға шығып елмен бірге болуға талпындық. Тек мен емес, тобымыздағы бір топ оқушы сабақтан қашып, алаңда жиналған елге қосылдық.

— Сонда сіздерді алаңға шығуға тыйым салып, жолдан бөгеген ешкім болмады ма?

— Мұғалімдер, шеберлер алаңға шығу – өз болашағымызға балта шабумен тең деп, шықпауға үгіттеді. Алайда, сыртта қазақылықты ұрандап, елдігімізді, ұлттығымызды айтып жатса, қалай шықпасқа? Көзбен көріп, құлақпен естімесек, бірсәрі,көз алдымызда өтіп жатқан оқиғаға қатыспасақ, туған ұлтымызды сатқандай күй кешіп, амалын тауып сытылып шықтық. Бұл кез 1986 жылдың 17 желтоқсан күні күндізгі сағат 10:00-дің шамасы болатын. Алаңға шығып, елмен бірге біз де қазақты қазақ билеуі керектігін, еркін ел болуымыз қажеттігін айтысып, Желтоқсан-Сәтбаев көшелерінің қиылысына жеткенде, қызылжағалылар бізді резеңге шоқпармен (дубинка) ұрып, кейін қарай қуа жөнелді. Жиналған халық лек болып толқын соққандай алға бір, артқа бір ұмтылып, кейін қаша бастағанда, қардан көрінбей тұр екен, бетондалған арыққа аяғым шалынып құладым. Менің үстіме тағы бір адам құлап, шалынысып, бірнеше адам жығылдық. Бір кезде жанымда тұрған милицияны көрдім. Ол кезде жастықпен шаш қойып, сәнмен жүруші едік. Милицияның бірі шашымнан сүйреп тұрғызып, «Смотри, самый молодой» деп қасындағыға айтып, екеулеп қолымды қайырып, автозакқа апарып қамады. Автозакқа барғанша екі лек болып тұрған қызылжағалылар резеңке шоқпармен ұрып, денемді көтере алмай қалдым. Кейін Саяхаттың маңындағы (бұрынғы Москва ауданы) №16 болу керек қателеспесем, учаскелік пунктқа әкеп қамады. Учаскелік пунктта бізді алаңға шығу мақсатымызды сұрап, тергеді. Іс ашып, жан-жағымыздан суретке түсіріп, бізді таза қылмыскердей сұраққа алды. Алаңға қайтып бармаймыз деген қолхат жаздырып алды. Түн ішінде босанып шығып, сол маңда тұратын ағамның үйіне бардым.

— Содан алаңға қайта бармадыңыз ба?

— Мүмкін балалық болар, әлде бұрын-соңды милиция көрмеген соң олардың айтқанын орындамау – үлкен қылмыс секілді көрінді. Бір жағы денемнің ауырып қалғаны бар, оқуға да ынтам болмай, ертеңіне ауыл қайдасың деп тартып отырдым. Содан жаңа жылды өткізіп барып, техникумға 1987 жылдың қаңтарында қайта келдім. Сынып жетекшім қолыма сотқа шақырту қағазын ұстатты. 31. 01. 1987 жылы сол кездегі Калинин аудандық сотына бардым. Барсам, сыртымнан үкім шығарып, бес күнге Рысқұловтың бойындағы еңбекпен түзеу лагеріне жіберді. Ол жақта өткен бес күнім бес жыл болмаса да, бес айға татыды. Камерада ине шаншар орын жоқ. Көбісі өзімдей жастар. Барлығы дерлік «Желтоқсан» оқиғасына қатысушылар.

— Алаңға шығып, қамалғаныңыз оқуды жалғастыруға кедергі болмады ма?

— Алаңға шыққаным үшін оқудан қуылмадым. Оқуда озат әрі тәртібім жақсы болғаны үшін де мұғалімдерім қудаламады. Бес күн арнайы еңбекпен түзеу лагерінде болып, кейін сыныптастарыммен бірге сабағымды жалғастырып, дипломымды алып, қызметке орналастым. Әскерге барған кезде де алдан шыға ма деп ойлап едім, ешқандай да кедергі болмады. Алайда, бір топта оқыған Үйсінбаев Ызғарбек деген сыныптасым 2 жылға еңбекпен тәрбиелеуге сотталса, Байболов Дүйсенбек 5 жылға сотталып кете барды. Екеуі де оқудан шығарылды.  Ал мен сызу сабағынан сызба жұмыстарымның папкасын уақытында өткізбегендіктен (ол кезде қамауда болып, артынан ауылға кетіп қалған едім) шәкіртақыдан айрылып қалдым. Бірақ, шәкіртақы төленбесе де, оқудан шықпағаныма, ауылдағы ата-анамды сөзге қалдырып, алаңға шығып несі бар еді, оқудан қуылды деген сөз естімейтініне қуандым.

— Бір сәтке болса да алаңға шыққаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

— Жоқ. Қазақы ұлттық намысымды қорғап, елім деген жандармен бірге бір кемеде болып, алаңда елдік мәселені көтерген шеруге шыққаныма еш өкінген емеспін. Себебі, мен өз елімнің намысын жырттым. Аллаға шүкір, қазағымның көк туы желбіреп, Тәуелсіздік алдық. Біз алаңға өкіну үшін немесе атақ үшін шыққан жоқпыз. «Қазақ ел болса» деген арманның жетегінде шықтық. Еңбек – ақталды.

— Айтпақшы, «Желтоқсан» оқиғасына қатысушылардың бір шоғыры ақталып, «Желтоқсаншы» куәлігін алды. Сіз қай жылы ақталдыңыз?

— Кезінде оқиғаға қатыстық. Алаңға шеруге шықтық. Бірақ, өзімді жау жапырған, тау қопарған батырмын дей алмаймын. Сол себепті «Мен – Желтоқсаншымын» деп кеудеге соққан кезім болмады. Тіпті, кешегі күнге дейін мен ақталу мәселесі жайлы білмеппін. 2019 жылдың желтоқсан айында техникумда бірге оқыған курстасым Ө. Әбішев «Сен ақталдың ба? Техникумның архивінде сен желтоқсаншы ретінде тізімде тұрсың. Ақталуың керек» деп, архив меңгерушісінің телефон номерін берді. Сол кісіге хабарласып, архивтен анықтама алып, прокуратураға барып, ақталу жөнінде өтініш жаздым. 2020 жылдың ақпанында ақталдым.  Ақталғандығым жайлы анықтаманы алып Іле аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне барып, «Желтоқсаншы» куәлігін алдым. Алайда, бөлім қызметкерлері облыста желтоқсаншыларға ешқандай жеңілдік берілмейтінін айтты. Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктер берілетін болған соң қалаға тіркеліп, сол жақта есепте тұрмын. Былтыр желтоқсаншы ретінде ақшалай көмек көрсетіліп, қалалық қоғамдық көліктерде тегін жүретін «Оңай» картасын берді.

— «Желтоқсан» оқиғасына қатысушылармен байланысыңыз бар ма? Мысалы, «Желтоқсан» кезінде сотты болған бірге оқыған достарыңызбен араласасыз ба?

— Жоғарыда айтып өткен Ызғарбектермен жақын араласамыз. Одан бөлек, Алматы қаласында «Желтоқсаншылар» ұйымы бар. Сол ұйымға мүше жандар арагідік жиналып, кейде әлеуметтік желі арқылы хабар алысып тұрамыз. Іле ауданында ақынжанды Бағдат есімді тәтемен де хат жазысып тұрамыз. Жуырда «8 Наурыз – халықаралық аналар мен қыздар күні» мерекесіне орай ұйымдағы желтоқсаншы қыздарды құттықтадық.

— Қазіргі таңда ақтала алмай жүрген қаншама желтоқсаншылар бар. Сол кісілердің ақталуы үшін қандай құжаттар керек? Тағы да бір санамалап айтып өтсеңіз…

— Ең әуелі «Желтоқсан» оқиғасына қатысқан кезде өзі қызмет еткен жұмыс орнынан не оқыған оқу орнының архивінен оқиға кезінде сол мекемеде қызметте не оқуда болғандығы жайлы архивтік анықтама алады. Одан кейін сол кісінің «Желтоқсан» оқиғасына қатысқанын растайтын үш куәгер жазбаша куәлік етуі керек екен. Сонымен қатар, соттылығы жөнінде анықтама алып, өзі тіркеуде тұрған өңірдің прокуратурасына барып, ақталу жайлы өтініш жазады. Прокуратура құжаттарды алып, тексеру жүргізіп, шынымен де ол кісінің оқиғаға қатысқаны, қудалау көргені рас болса, ақтап анықтама жазып береді. Осы анықтамаларды алып өзі тұратын аймақтың не қаланың әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне барып «Желтоқсаншы» куәлігін ала алады.

— Аға, өскелең ұрпаққа қандай ағалық ақыл-кеңесіңізді айтасыз?

— Жас ұрпаққа айтарым, өз елінің патриоты болсын. Қайда жүрсе да қазақ атты ұлы халықтың ұл-қызы екенін естен шығармай, ата-бабамыз аттың жалы, атанның қомында жүріп бізге аманаттап кеткен ұлан-байтақ жерімізді болашаққа жеткізіп, Тәуелсіздігіміздің қадірін білсін. Қазақ жерінде енді қантөгіс болмасын. Еліміз – аман, жұртымыз – тыныш болсын деп тілеймін. Азаттықтың Көк байрағы мәңгілікке желбіресін!

— Әңгімеңізге рахмет.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

 

Алмат ЕРГЕШБАЙ

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button