ЕРЛІГІҢІЗ АСҚАҚ, ЕҢБЕГІҢІЗ ЕРЕН
Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны да саусақпен санарлықтай аз қалды. Ардагерлер келмеске кеткенімен олардың жасаған ерлігімен ел дамуына қосқан ерен еңбектері өскелең ұрпаққа мәңгі мирас болып қалды. Ал, көзі тірі ардагерлерімізді ардақтап, олардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай қарастырылған. Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай Өтеген батыр кентіндегі ардагеріміз Толғанбай Тәңірбергеновтың шаңырағына барып қайттық.
Қарт жауынгермен карантин шараларына байланысты көзбе — көз тілдесе алмадық. Тәңірберген атамыздың ерлігі жайлы оқырмандармен деректермен ғана бөлісуге тура келді. 1942 жылы бар болғаны 19 жасында Отан алдындағы борышын өтеуге Армия қатарына шақырылып, Арменияның Ленинакан қаласындағы үш айлық дайындық курсынан өтеді. Содан кейін №14 шекара мен Сталинград маңындағы №10 мемлекеттік шекарада қызмет атқарды. Қатал жау қанқұйлы соғыс өртің өршітіп, Кавказ жерін басып өтіп, жылжып отырып Сталинградқа жақындап қалған кезде, шекараны көздің қарашығындай сақтап қалуға күш салды. Осы тұста қаншама қандыкөйлек қарулас достарынан айрылады. Мемлекеттік шекарада 1942-1949 жылдары абыройлы қызмет атқарып, елге 1949 жылы оралды. Туған жерге келген соң бейбіт еңбекке араласып, 1951 жылы Республика Ішкі Істер Министрлігіне шақырылып, туып-өскен Ақсу ауданы Ішкі Істер Бөліміне қызметке орналасып, 1975 жылдарға дейінгі осы қызметінде Жетісудың біршама өлкесінде Ішкі Істер Бөлімі қылмыспен күрес және оны болдырмау жолындағы үздік көрсеткіштерге қол жеткізеді. Алматы облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің көшпелі «Қызыл ту» ордені және Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы», Іле ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие. 1975-1977 жылдар аралығында милиция полковнигі, Іле ауданында көмекші прокурор, бас прокурор ретінде жауапты қызметтерді үлкен абыроймен атқарды.
Өзіне артылған міндетті орындауда еліміздің Ата Заңы аясында құқықтық қағидаларды негізге алып, әділеттің ақ туын әрқашан биікте ұстады. Сұрапыл соғыс атты тарих сынынан сүрінбей, II дәрежелі «Отан соғысы», «Кавказды қорғағаны үшін», «Германияны тізе бүктіргені үшін» орденімен, «Маршал Жуковтың» медалі, «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қызметі үшін» құрмет грамотасымен, «КСРО Ішкі істер министрлігінде сіңірген қызметі үшін», «Өте жақсы полиция» белгісімен, «1941-1945 ж.ж. ҰОС 20, 30, 40, 50, 55, 60, 65, 70 жыл» мерекелік медалдарымен, «Кеңес полициясына 50 жыл» мерекелік медалімен және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған!
Бақтияр Талғатұлы