Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамМерекелерТұлға

ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН, ДӘУЛЕТІ АРТҚАН ӘУЛЕТ

Қазақ халқы қашан да қонақжай әрі бауырмашыл ғой. Кім келсе де жылышыраймен қарсы алып, төрінен орын береді. Әсіресе, басқа ұлт өкілдерін өзінің жақынындай қарсы алатынын қайтерсің? Қытайдан 1958 жылы көшіп келген Ушуровтар әулетін Жетіген (бұрынғы Николаевка) ауылының тұрғындары жатсынбай қарсы алды. Өкімет оларға үй, жұмыс бергенімен де, алғашында көрші-қолаң оларды ерулікке шақырып, жергілікті халықпен сіңісіп кетуіне бар жағдайды жасады. 5 балалы Раджап мен Амина Ушуровтар да ашық-жарқын мінездерімен, еңбекқорлықтарымен жаңа орынға тез үйренісіп кетті. Отағасы Раджап аға бірден ұжымшарға жұмысқа тұрып, уақытпен санаспай күндіз-түні еңбек етті. Амина апа бала тәрбиесімен айналысты. Өйткені, өмірге тағы да бірінен соң бірі 6 бала келді. Осылайша Ушуровтар отбасы осы өңірге тамырын жая бастады. Қазір екеуі де о дүниелік болып кетті. Бірақ, олардан өрбіген ұрпақ Раджап пен Аминаның қара шаңырағының түтінін түзу ұстап, ата-аналарының жоқтығын білдірмей отыр. Ушуровтар әулетін жақсы білетін ауданның Құрметті азаматы, Жетіген ауылдық ақсақалдар қоғамының төрағасы Асқар Махмұдұлы Юсупов өзінің әңгімесінде былай дейді:

— Раджап аға мен Амина апаның өздері болмаса да, ұрпағы ата-анасының орнын жоқтатпай отыр. Мен институтты жаңа бітіріп, осында жұмысқа орналасқанда Раджап аға механик болып еңбек ететін. Артық сөзі жоқ, өз ісін жақсы білетін. Ұзақ жыл ұжымшарда табысты еңбек етіп, құрметті зейнетке шықты. Еңбек ардагері болды. Кейін ол кісілердің балаларымен жақсы араласып кеттім. Әсіресе ұлдары Хакиммен отбасы болып араласамыз. Жалпы, отбасының өзін бір мемлекет, бір ел деп есептейтін болсақ, бір жанұяның өзін басқару, оның қажеттілігін өтеу, шаңырағын шайқалтпау, бала-шағаға тәрбие беріп, оқыту, олардың өмірде өз орындарын табуға мүмкіндік жасау, үйдегі ауызбіршілік пен ынтымағын сақтап, айрандай ұйытып отыру ең алдымен ата-анаға байланысты. Бұл ретте Раджап аға жұмыс істеп табыс тапса, Амина апа жолдасы мен балаларының бар жағдайын жасап, үйдің берекесін мерекеге айналдыра білді. Қашан келсең де қазақтар сияқты дастархандары жиылмай тұратын. Қолдарынан талай рет дәм таттым. Олардың ұлты дүнген болса да, қазақтармен мидай араласып кетті. Екеуі де таза қазақша сөйлейтін. Қазақтың салт-дәстүрлерін қатты құрметтейтін. Жалпы ақ ниетті, адал жандар еді.

—  Шынында да бүгінде Жетіген өңірінде Ушуровтарды білмейтіндер кемде-кем. Кезінде осы өлкеге тамырын тереңге жайып, алып бәйтерекке айналған марқұм Ушуров Раджап ағаның қара шаңырағынан өсіп-өнген 11 баладан тараған ұрпақтар үлкен бір әулетті қүрайды. Әулет болғанда қандай! Ырысы тасыған, ынтымағы жарасқан көпұлтты әулет! Ушуровтардың әулетінде дүнген, қазақ, орыс, ұйғыр, украин, молдаван, қырғыз, азербайжан ұлттары бар. Олардың барлығы дерлік Жетіген ауылында әр салада еңбек етіп, округтің, ауданның экономикасы мен әлеуметіне өз үлестерін қосуда. Раджап пен Аминаның тұла бойы тұңғыштары Бакир және оның зайыбы Роза о дүниелік болып кетті. Олардың артында қалған балаларына Ушуровтар әулеті қамқорлықтарын аяған емес. Ал, екінші ұлдары Хаким әкесінің жолын жалғастырып, механик мамандығы бойынша «Рассвет» ұжымшарында ұзақ жыл еңбек етті. Қазір өзінің жеке техникалық қызмет көрсету станциясы бар. Хакимның жұбайы ұйғыр қызы Рашидам Сайдалиевна саналы ғұмырын медицина саласына арнады. Бүгінде зейнет жасында болса да Жетіген ауылдық округінің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Ол осы округтағы аналар кеңесінің төрайымы. Іле ауданы бойынша ұйғыр этно-мәдени орталығының төрайымы. Олардың ұлдары Рустамның жұбайы Евгения орыс ұлтынан болса, қыздары Асиямның жолдасы Фархат ұйғыр. Осы отбасының үшінші ұлы Харли Раджапович мал шаруашылығымен айналысады. Өзінің жеке кәсібі бар. Жолдасы Мария Мадихуановна қоғамдық тамақтандыру саласында еңбек етеді. Харли мен Марияның қызы Аминаның жолдасы Фуркат ұйғыр болса, ұлдары Камилдің жұбайы Нәзгүл қазақ қызы. Төртінші ұл Рамазан Раджапович ұзақ жыл жүргізуші болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Оның жұбайы Оразхан Нүсіпжанқызы педагогика саласының тәжірибелі маманы. Олардың ұлдары Нұрланның жұбайы Лариса молдаван қызы. Екінші ұлдары Нұрсұлтанның жұбайы Жанель қазақ қызы. Раджап пен Аминаның қыздарының үлкені Фатима көпбалалы ана. «Мир» ауыл әйелдері қоғамдық бірлестігінің басшысы. Оның жолдасы Ламзар үстіміздегі жылы қайтыс болып кетті. Фатима мен марқұм Ламзардың қыздары Оның Шура, София, Халиманың жолдастары. Таубек, Талғат, Ерлан атты қазақтың азаматтары. Тағы бір қызы Салиманың жолдасы Арслан азербайжан ұлтынан. Фатимадан кейінгі қыз Халиманың жолдасы марқұм Илиз ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен еді. Қазір оның кәсібін Халима жалғастырып жатыр. Халиманың ұлы Шамильдің жолдасы Жамалхан қазақ болса, қызы Жаннаның жолдасы Қанат – қазақ, Фатимасының жұбайы Мақсат – қырғыз. Көлік мектебінде нұсқаушы-жүргізуші болып еңбек ететін Хасан Раджаповичтің  жұбайы  Айнаш Садыққызының ұлты – қазақ. Олардың ауылшаруашылығы саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын ұлдары Закирдің әйелі Салма дүнген. Хусаин Раджаповичтің жұбайы Сейденова Раушан қазақ қызы. Мұхамед деген ұлының жұбайы Әсем қазақ ұлтынан. Ушурова Роза Раджаповна жоғары білімді маман. Ұзақ жыл қоғамдық тамақтандыру саласында еңбек етіп, қазір халыққа қызмет көрсету бағытында кәсіпкер. Розаның жолдасы Жексембеков Ерғали Басарбайұлы да жеке кәсіпкер. Ол қазақтың жігіті. Сонымен бірге Роза мен Ерғалидың Хамит деген ұлының әйелі Әйгерім қазақ болса, қыздары Рамиланың зайыбы Махмұт дүнген. Үйдің кенжесі Құрбан Раджапович жолдасы Бақытгүл екеуі саудамен айналысады. Жеке кәсіптері бар. Бақытгүлдің ұлты – қазақ. Ушуровтар Арсмазы Людмиланы ерекше құрмет тұтып, қадірлейді. Людмила Хахим атты арыстандай ұлды тәрбиелеп отырған асыл ана. Осыншама ұлт өкілдерінен құралған Ушуровтар жақсылық болса да, қиындық кездессе де бір жерден табылады. Жақсылыққа шаттана білсе, жұдырықтай жұмылып қиындықты да, кездескен қасіретті де бірге жеңіп шығады. Кішілері үлкенге бағынады, үлкені артындағы бауырына қамқорлық жасайды. «Үлкенге ізет, кішіге құрмет», — деген нақыл сөз осы әулетке жарасатындай. Ата-аналары Раджап пен Амина оларды солай тәрбиелеген. Олар балаларының бойына ибалықты, имандылықты, адамгершілікті, ізеттілікті жасынан сіңіре білу арқылы ұрпағының болашағына мықты кірпіш қалап кетті.

Ұлтқа бөліну, дінді алалау деген мұнда жоқ. Бұл әулетте мұсылман және христиан дінінің өкілдері болғандықтан олар дінге ерекше құрметпен қарайды. Жалпы, кез келген діннің адамзаттық құндылықтарды, этика, эстетика, ғылымның іргетасын құрауы адамдардың өзара түсінісуіне байланысты екендігі әлдеқашан дәлелденген. Ушуровтар әулетіндегі түрлі ұлт пен дін арасындағы татулық өзара түсіністікке, сыйластыққа негізделген. Олар әулеттің әрбір мүшесіне ұлт тұрғысынан емес, бірінші кезекте адам ретінде қарап, қарым-қатынас жасайды. Сондықтан да діни мейрамдарды барлығы бірге атап өтеді.

«Отбасы» – шағын мемлекет деп жатамыз. Адам өмірінің ең бастауы да отбасы. Бірнеше отбасы тұтас бір әулетті құрайды. Бастапқыда бір отбасы болып, одан 11 бала өз алдына шыңырақ құрып, ұрпақтарын өрбітті. Бүгінде марқұм Раджап пен Аминаның 11 баласынан 40 немере, 59 шөбере тарап, үлкен бір әулетті құрап отыр. Бір кездері сонау Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп, Жетіген өңіріне орнығып, тамырын тереңге жайып, жапырағын жайқалтқан Раджап пен Амина Ушуровтардың отбасы тәуелсіз еліміздің мықты бір уығы бола білді.

 

 Роза АЙДАРБЕКОВА

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button