МЕЙІРБАН МЕЙІРКЕШ
Құралай Сеткерімқызының Іле аудандық ауруханасында мейіркеш болып еңбек етіп келе жатқанына жеті жылдан астам уақыт өтіпті. Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылынан арман қуып Жетісудың бел қаласы Талдықорғанға барады. Ондағы ойы бала күнінен аңсаған мақсатын орындау еді. Арман қуған ару қыз 2008 жылы қаладағы медициналық колледждің табалдырығын аттайды. Үш жылдықты сәтті аяқтап, «Емдеу ісі» бойынша мейіркеш мамандығын игереді. Еңбектің даңғыл жолын Құралай Сеткерімқызы, Алматы облысы, Іле ауданындағы №13 орта мектептің мейіркеші қызметінен бастайды. Екі жылдай аялдап, тәжірбие алған жас маман аудандық аурухананың балалар бөліміне ауысады. Міне осы сәттен бастап ақ желеңді кейіпкеріміз қолы қалт етпей педиатрия саласында балалар мейіркеші қызметін атқарып келеді. Осында өмірлік жары Фархад Шапағатовты кездестіреді. Ауданға алғаш келгенде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 1 бөлмелі шағын жатахананы иеленді. Сол аядай үйде аяулы ана атанып үлгерді. Қазір Талант, Тәуекел, Жантөре есімді үш ұлдың ата-анасы атанып отыр. Отағасы Фархад мырзаның мамандығы ағартушы саласы бойынша алған, яғни педагог.
– Жолдасым өте ақылды, кеңпейіл жан. Менің мамандығымды жете түсініп, емін-еркін жұмысымды жасауға мүмкіндік береді. Үйдегі ұлдарына да тәрбие беруде өте байыптылығын танытады – деп ағынан жарылды.
Қазір кейіпкеріміз ұлдарын жақсы білім алып, салауатты өсіп өнуін күш салып келеді. Өнегелі отбасы, берекелі ошағының басы қасынан табылуда.
Құралай Сеткерімқызы туралы бас дәрігері ауданға белгілі педиатр Қаршыға Тұрсынқұловаға телефон соқтық. Ол: «Құралаймен 2014 жылдан бірге жұмыс істейміз. Құралай – өз ісінің маманы десем, артық айтпағаным. Адамгершілігі өте жоғары мейірбике. Бір жұмыс тапсырсам, алаңсыз жүремін, себебі ол істі мүлтіксіз бітіретініне сенімдімін. Мейіріммен қарайды әрбір балаға. Жұмыспен қатар отбасында да үлгілі ана, әйел!!! Күндіз де түнде де учаскені аралап, әрбір қоңырауға жауап береді. Мен осындай мейірімді мейірбикемен жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын!» – деді білікті маман.
Елімізде орын алған қысылтаяң шақта кейіпкеріміздің бүлдіршіндердің денсаулығына алаңдаушылығымен, жұмысқа деген ынтасымен жауапкершілігі еселене түскен. Өзі: «Әркім өз ісін үйіп, жүрек қалауымен орындаса, шаршап-шалдығуды білмейді» – дейді.
Бағдат ЧОЙБАСОВ