Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғам

ӨРКЕНИЕТ ӨРНЕКТЕРІ

Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізіп, дүниежүзілік өркениет көшінің алға жылжып, дамуына үлес қосқанына биыл отыз жыл. Оындай мерейлі сәтті жанжүрегімен сезіне алған әрбір жанның жүрегіне қуаныш пен шаттық ұялап, алға қарай қарыштап қадам басып, игілікті ісіне жаңа серпілістер сыйлайтындығы даусыз. Тарих тағылымындағы өткенімізді екшеу арқылы бүгінгі күн тұрғысынан бағалаған соң баянды болашағымызды бағамдау ұлт перзентінің парасатты парызы.

Тәуелсіздік алғалы елімізде барлық салада өркендеу мен даму, озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып мемлекет мүддесі мен ұлттық ұстанымға сәйкес жедел қолға алынған бірегей бағалы бастамалар болды. Олардың бірі – елімізде қазақ сыныптарының ашылып, қазақ мектептерінің бой көтеруі. Түрлі білім ошақтары салынып қана қоймай, білім саласын дамыту да жолға қойылды. Себебі, келешек ұрпағына сенім артып, зор үмітпен қарайтын кез келген мемлекет жастардың, соның ішінде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың сапалы білім алып, тәлім-тәрбиесі мол азамат болып өсуіне айрықша назар аударады. Мұндай үдерістен қалыс қалмаған Қазақстан да тәуелсіздік жылдарында жаңалықтарға тосырқамай, білім беру саласында бірқатар реформаны жүзеге асырғаны белгілі. Осыған орай, аталған реформалардың арқасында отандық мектепке дейінгі, орта білім жүйесінде қандай өзгерістер орын алғанына, балалар құқығын қорғау саласында қандай жетістіктер болғанына шолу жасап көрсек…

Азаттықтың алғашқы жылдарында ел экономикасы күйреп, тоқырауға ұшырауынан  еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдары азайып, жас бүлдіршіндер балабақшадан қағылып, қаңырап қалған бақшалардың ғимараты жекеге сатылған сәттер де болды. Қазіргі таңда мемлекеттік балабақшалармен қатар, жеке балабақшалар да ел ертеңі жас ұрпақтың игілігі үшін қызмет етуде.

Бүгінде елімізде 7 440 жалпы білім беретін мектеп бар. Оларда 3,4 млн бала білім алады екен. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда әлдеқайда көш ілгері жылжып, білім саласында көптеген түйіткілдің шешіліп жатқанын аңғартады. 30 жылдың ішінде республикада 1 800-ден астам мектеп салынып, 4 ауысымда жұмыс істейтін мектептер жойылып, 3 ауысымда білім беретін мектептер саны әжептәуір қысқарды. Оқушы орны тапшылығы төмендеп, апатты мектептер саны азайды. Мектептерді Интернет желісіне қосуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінде еліміздегі білім ордаларының 96,8 пайыздан астамы жылдамдығы секундына 4 мбит болатын кеңжолақты Интернетпен қамтамасыз етілген. Ал, ауданымызда да тәуелсіздік жылдары 28 білім ошағы салынып, кейбірі күрделі жөндеуден өткізілген. Олардың ішінде орта мектептермен қатар мектеп-гимназиялары, мектеп-лицейлер де баршылық. Алайда, қайта салынған мектептердің басым бөлігі аралас тілді мектептер. Ел болып ірге кеңейткен отыз жылдың өзіндік тартуы ретінде аралас мектептердің санын азайтып, мемлекеттік тілдегі, яғни, қазақ тілді мектептерді көбейткеніміз абзал. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екенін атап айтқан болатын. Бұл – өзге ұлттың тілінің намысына қол сұғу емес, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін атқарылу керек аса маңызды іс.

Тәуелсіздік алғаннан кейін білім мазмұнының нұсқалылығы жаңа үлгідегі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етіле бастады. Орта білім ұйымдарының желісі жеке мектептермен, лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептермен толықты. Барлық сыныптар білім берудің жаңартылған мазмұнына көшірілді. Білім мазмұны жаңартылған 20 Назарбаев зияткерлік мектебі құрылды. Қазіргі уақытта дәл осы мектептердің тәжірибесі еліміздің бүкіл білім жүйесіне енгізіліп жатыр. Қазақстан тәуелсіздігінің тағы бір жетістігі – Ұлттық білім сапасын бағалау жүйесінің қүрылуы. Бұл ретте білім сапасын бағалауда ішкі және халықаралық құралдар қолданылады. Қазақстандық оқушылар алған білімдеріндегі жетістіктерін тәуелсіз халықаралық бағалауға мүмкіндік беретін PISA, TIMSS, PIRLS сынды зерттеулерге де қатысады.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Педагог мамандығының мәртебесін арттыру үшін жүктеме 18-ден 16 сағатқа дейін қысқартылып, мұғалімдердің есеп-қисап беретін құжаттарының саны 10-нан 2-ге дейін азайтылды. Өткен жылы педагогтердің жалақысы қосымша ақы мен үстемақылардың артуы есебінен 45 пайызға, ал осы жылдың қаңтарынан 25 пайызға артты. Дене тәрбиесі пәнінен беретін педагогтерге үйірмелер мен спорттық секцияларды жүргізгені үшін қосымша ақы төлене бастады. Еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылды. Ұлттық біліктілік тестілеу қорытындысы бойынша мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын көтеру де көзделген. Олар лауазымдық жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы алатын болады. Сонымен қатар елімізде педагогтерді қызметіне кірмейтін жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынған.

Иә, білім саласындағы осындай оңтайлы өзгерістер – Тәуелсіздіктің жемісі. Мұғалім мәртебесін көтеріп, қағазбастылықтан арылтқанының өзі не тұрады? Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамытып, ұстаздардың материалдық тапшылыққа алаңдамай, өз ісіне беріліп жұмыс істеуі үшін жалақыларын көтеріп жатыр. Себебі, тәуелсіз еркін елдің ұрпағы жалтақтамай, ел игілігі үшін қызмет ете алатын тұлға болып өсуі керек. Тәуелсіздікке қол жеткізу қиын болса, оны сақтап қалу, болашаққа аманаттап жеткізу өте ауыр әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Ал, болашақ ұрпақ ертеңіне сеніммен қарай алуы үшін – білім саласы кемелденуі керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауы мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласының идеялары мектеп тәрбиесіне жаңа мазмұн беруге жұмылдырады. «Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр», – дей келе, ұлт болмысының сапасын арттыру мақсатында жас ұрпақ тәрбиесін қоғамдық жаңа қағидаттарға бағыттауда алты бағдар ұсынды: терең білім, еңбек етуге бейімдеу, кәсіби дағдыларын қалыптастыру, темірдей тәртіп пен жауапкершіліктің бойда болуы, әділдіктен айнымау, адалдық пен ұқыптылық және тиянақтылық.

Білім саласы тек мемлекет пен мектеп үшін емес, әрбір білім алуышы мен оның ата-анасы үшін де маңызды. Сондықтан, білім саласында олқылық кездессе, оны жылы жауып қоймай, аурудың алдын алуға әрекет жасауымыз керек. Қазіргі компьютерленген заманда оқушыларды кітап оқуға баулып, ой-танымының кеңеюіне бар мүмкіндік жасалуда. Көптеген жастарымыз сол мүмкіндіктерді уысынан шығарып алып жатыр. Себебі, жоғарыда атап өткендей, баланың тәрбиесі мен білімін тек мектептің мойнына іліп, ата-ана жауапкершіліктен жалтаратын жағдайлар да кезігуде. Сондықтан, биылғы Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерейтойы қарсаңында жас отбасыларға, өскелең буынға үлкен сабақ болатын «Отбасы институты» немесе тәлімдік, ұлттық таныммен ұштасатын арнайы орталықтар құру керек. Әйтпеген күнде қашықтан білім беру үрдісінде ұялы телефон мен компьютерге байланған жас ұрпақ қазақылық дәстүрден алшақтап бара жатқандай. Ертеңіміз жарқын, келешегіміз кемел болуы үшін, жас ұрпақ білім мен тәрбиені қатар меңгеруі керек. Сонда ғана тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, көк байрағымыз көкте мәңгі желбірейді.

#Qazaqstan30

А. ЕРГЕШБАЕВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button