Аудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

АСЫЛ ҚАЗЫНАНЫҢ АРДАГЕРІ

Жақында Іле аудандық кітапханасында ардагер кітапханашы Мейрамгүл Түйебайқызы Жәбиевамен оқырмандардың кездесуі өтті. Оның мақсаты – жас оқырмандарды руханияттың орталығы кітапхананың жұмысымен кеңінен таныстырып, қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген абыройлы мамандық иелері туралы мағлұмат беру. Сонымен қатар, аудан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан М.Жабиеваның еңбек жолын үлгі ете отыра жас оқырмандарды адалдыққа, төзімділікке, еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке шақыру.

Ал, Мейрамгүл Жәбиева ол кім? Ол – Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», Ол – Іле ауданының «Құрметті азаматы». Ол бар саналы ғұмырын ой-еңбектің қасиетті мекені, рухани білім ордасы кітапхана саласына арнаған ардагер кітапханашы. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы. Іле өңіріндегі қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Аяулы жар, ардақты ана. Оның өмір жолы адал еңбекпен, парасат-пайыммен өрілген, қызмет баспалдағы талмай ізденістен, қажыр-қайраттан құралған. Бұрынғы Күрті ауданы Ақши ауылындағы көпбалалы отбасында дүниеге келген кішкентай Мейрамгүл жасынан жұмыс істеудің қандай болатындығын білді. Өйткені, әкесі Түйебай шопан болғандықтан қысы-жазы желдің өтінде, елдің шетінде жүретін. Әкесі Түйебай мен анасы Сара өте еңбекқор жандар болған. Сондықтан шығар Сара сонау өткен ғасырдың 1961 жылы халық депутаттары аудандық кеңестің депутаты болып сайланыпты. Баланың төртіншісі болса да Мейрамгүл мектепке бармай тұрып ата-анасының жанынан қалмайтын.Мектепке барғанда да жазғы, қысқы каникул күндері ата-анасына көмектесетін. Ал, мектепте болғанда атасы Тәби мен апасы Ұлыбайдың көмекшісі де өзі болды. Алдында әпкелері бола тұра артындағы сіңлілері мен бауырларына бас-көз болып, солардың жағдайын жасау Мейрамгүлдың мойнында еді. Сөйтіп жүріп ол жасынан адал еңбектің қалай болатынын, жақсы мен жаманның не екенін біліп, көкейіне түйіп өсті. Мектеп бітірген соң да ата-анасының бір жағына шығысайын деп, оқу қуалап, Алматыға кетпей, ауылда қалып өзі білім нәріне сусындаған №41 мектепке кітапханашы болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастады. Бір-екі жыл мектепте жұмыс істеген соң Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесін кітапханашы мамандығы бойынша бітіріп шығып, Күрті аудандық орталық кітапханасына. әдіскер болып жұмысқа қабылданды. Біраз жыл кітапхананың әдіскері болып, бұл саланың қыр-сырын жақсы меңгеріп алды. Көп ұзамай аудан басшылығы міндетіне жауапкершілікпен қарайтын, өз ісінің білгірі Мейрамгүл Түйебайқызын орталықтандырылған кітапхананың директоры қызметіне тағайындады. Ал, 1999 жылдан бастап Іле аудандық кітапханасының директоры қызметін атқарып, осы жылдар аралығында аудан – ауылдық жерлерде жаңадан тоғыз кітапхана ашып, оларды заман талабына сай жабдықтап, кітапханалық КАБИС, РАБИС бағдарламаларын орнатып, ғаламтор желісіне қосып, модельді кітапхана болып ашылуына көп еңбек сіңірді. Еңбегінің нәтижесі ретінде Іле аудандық кітапханасы бірнеше жыл қатарынан Алматы облысы бойынша үздік кітапхана деп танылды. Республиканың түкпір түкпірінен кітапхана қызметкерлері тәжірбие алмасу мақсатында Ілеге келіп,жаңа технологияға сай оқырмандарға қызмет көрсететін аудандық кітапхананың жұмысымен танысып қайтты. Осылайша Мейрамгүл Түйебайқызы басқаратын кітапхана бір уақыттарда тәжірибе алмасу орталығына айналды.

Мамандығын өміріне серік етіп рухани байлыққа кенеліп, өзгеге қуаныш сыйлай білген Мейрамкүл Түйебайқызы 2014 жылы Ұлыбританияның Ұлттық кітапханасында іс-тәжірибе алмасу мақсатында «Кітапхана ісіндегі жаңа технологиялар: ақпарат және мәдени орталықтар» тақырыбында өткен халықаралық семинарға қатысып, Британ Ұлттық кітапханасының, Франция Ұлттық кітапханасының инновациялық жұмыс әдістерімен, болашақтағы кітапхана жұмысының жобасымен танысып, өз ісінің кәсіби маман екендігін дәлелдейтін арнайы Сертификат алып қайтты.

Зейнетке шыққанша яғни жиырма жыл аудандық кітапхананы басқарған Мейрамгүл Жәбиева өзін ұтымды ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білді. Соның нәтижесінде кез келген қиын жағдайда жол тауып,күрделі мәселенің өзін ретімен шеше алды. Кітапхана ол үшін екінші отбасына айналды. Қарамағындағы әріптестерінің жағдайына қарап, оларға қажет кезінде көмегін де жасай білді. Қазір де жанына жақын білім орталығынан қол үзіп кеткен жоқ. Жастарға өзінің білгенін үйретіп, ақылын айтып, өзінің ұжымының ортасында жүр.

Кездесу барысында оқырмандарға Мейрамгүл  Түйебайқызының  өмірі  және еңбек жолы кеңінен таныстырылып, оның осы салада қол жеткізген жетістіктері мен табыстарына әдеби монтаж арқылы шолу жасалынды. Шақырылған құрметті қонақтардың ішінен Іле аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы,Энергетик ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұхтархан Мақымов, аудандық кітапхананың директоры Қарлығаш Тұранқызы Бұдығұлова Ардагерлер ұйымының төрағасы сөз сөйлеп, Мейрамгүл Түйебайқызына ақ жарма тілектерін арнады.

Кітапхананы руханияттың асыл қазына дейтін болсақ, осы қазынаның ардагері Мейрамгүл Түйебайқызының өмір жолы кім кімге болса да үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие екендігі осы кездесуде анық байқалды.

Р. АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button