Бірліктің басты белгісі
Тіл – ұлттың біртұтас ұлт ретіндегі бірегейлігі, өзіндік ерекшелігі мен мәдениетінің айнасы. Ұлттың тіршілігі мен бірлігінің басты белгісі – тіл. Сондықтан біз қазақ тілін ана тілі ретінде дәріптейміз және мойындаймыз.
Елбасы өз сөзінде: «Кез келген мемлекеттің өзегі – оның бірегей мемлекеттік тілі. Бүгін мен қазақ тілін меңгеріп, оқып жүргендерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Өз балаларын Отанының мемлекеттік тілінде оқытып, қазақ тілін білуі үшін балабақшаларға беріп жатқан ата-аналарға да алғысым шексіз. Бұл біздің бірегей азаматтығымызды білдіреді. Қазақ тілінің дамуы тарихта осындай ауқымды қарқынмен жүргізілген емес», — деген екен.
Ұлттың рухани жаңғыруында тілдік сананың жаңғыруын айырықша атап өткен абзал. Өйткені, әр халықтың ұлттық болмысы ұрпақ бойына ана тілі арқылы дарығанда үлкен нәтиже береді деп ойлаймыз. Олай болса, қазақ тіліне ұлттық сана-сезімді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді, бір сөзбен айтсақ, халықтың болмыс- бітімін танытатын рухани құрал ретінде қарауымыз керек. Мемлекеттік тіл мен ұлттық рух – ол біздің рухани жаңғыруымыздағы басты бағдар болуға тиіс. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан біраз шаруалар жасалып жатыр.
Елбасы алға қойған үш міндеттің бірі латын әліпбиіне көшу. Қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең алдымен, заман талабы болып отыр. Сондықтан да заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз жөн сияқты. «Бұл үдеріс жақсы дайындықты және ойластырылып жүргізілуді қажет етеді. Осы орайда, ХХ ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз дұрыс. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде.
Латын әліпбиіне көшу – ол, өз әліпбиімізге оралу, нақтырақ айтқанда түрік әлеміне, тіліне оралу.
Ендеше, қазақтың тілі мен ұлттық рухы рухани жаңғыорудың негізгі өзегіне айналып, әлемдік өркениетте өз орны бар, Мәңгілік елдің жарқын болашағы үшін бәріміз жұмыла еңбек етейік.
Өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесі терең, ұстанымы берік, рухы биік болғай!
Р. ҚЫСТАУБАЕВА, ауданаралық әділет
басқармасының бастығы.
Қапшағай қаласы