Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

БАЛАЛАР МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙЫҚ

Өткен аптаның соңында Боралдай кенті әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық кітапханада 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты бала – бақытты ел» атты республикалық акцияның аясында кездесу өтті. Акцияға білім бөлімінің әдіскерлері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың және «Іле таңы» газеті бас редакторының орынбасары Ербол Ахмет қатысты. Бұл шараны өткізудегі басты мақсат елімізде балалардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-топтардың, БАҚ-тың күш-жігерін біріктіру, орталық және жергілікті деңгейлерде баланың құқықтары мен мүдделерін мемлекеттік саясаттың алдыңғы қатарына шығару, әр баланың құқықтарын насихаттау және қорғау, балалардың құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдесу, балаларға құрметпен және қамқорлықпен қарау болып табылады.

Шара барысында баланың отбасында және қоғамдық ортада өзін қауіпсіз сезінуі, өскелең ұрпақтың ешкімнен зәбір көрмей өсуі үшін атқарылатын жұмыстар мен олардың құқығының қорғалуы сөз болды. Жергілікті Юневалды полиция бөлімінің қызметкері Тұрлыбеков Думан Дәулетұлы баланың отбасында өмір сүру бақыты туралы сөз қозғап, қазіргі кей балалардың қиын тағдыры туралы, өгей әке-шешеден қыспақ көрген бүлдіршіндер мен жеткіншектердің өмірін қалай жақсартуға болатындығы жайлы ой қозғады. Д. Дәулетұлы «Баланың отбасында өмір сүру құқығын іске асыру барысында отбасы институтын нығайтып, отбасылық құндылықтарды сақтау және дамыту тәсілі ретінде отбасы мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіру керек. Отбасы институты ұғымын көпшілік түсіне бермейді. Бұл жерде отбасы мен отбасы құндылықтары туралы академиялық білім беріліп, жас отау иелері өздерінің отбасылық өмірін осы жерден кеңес алып, жоспарлай алады. Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген жақсы тәмсіл бар. Елдің тұтастығы, азаматтардың бақытты болуы, мемлекеттің келешегі ең әуелі әрбір отбасының жағдайымен, елдегі отбасы институына қатысты халахуалмен тығыз байланысты» — дей келе, бала үшін өз отбасы қауіпсіз мекен болуы керектігін баса айтты.

Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы, Кәсіподақ комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Кенжеғараев Ноябрь Жанатұлы болса соңғы бір айдың ішінде 90 бала тұрмыстық бұйымдарды (түйме т.б.) жұтып қойып, ауыр хәлде ауруханаға түскендігі жайлы айтты. Ноябрь Жанатұлы өз сөзінде «Ата-аналар көп жағдайда баланың не істеп отырғанына алаңдамайды, баланы ауыртып, дәрігердің жауапкершілігіне қалдырады. Дәрігерлер қолынан келген емін жасап, біріне шипа болса, бірі жазылмауы мүмкін. Осындай сәтте дәрігерлер оқымаған, түк білмейді деп тілдейтіндер де бар», — дей келе, бала науқасының себебімен  емес, салдарымен күресуі керектігін, ата-ана балаға салғырт қарамаса, мұндай оқыс оқиға болмайтынын айтты. Қай кезде де кінәні өзгеден іздемей, әр ата-ана баласына жауапкершілікпен қарауы керектігіне тоқталып өтті. Ал, аудандық Білім бөлімінің әдіскері Молдағұлова Ақмарал Құрманжанқызы баланың білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздігі, мектепте бала құқығының қорғалуы жайлы айтты. Сонымен қатар, ауданымызда балалардың танымын арттыратын, спорттық-мәдени орталықтардың басым бөлі-гі ресми тілде (орыс тілінде) жұмыс жүргізіп, қазақтілді балалардың да мемлекеттік тілде спорттық секциялардың жоқтығына байланысты орыс тіліндегі үйірмелерге қатысып жүргендігіне ерекше тоқталып өтті. А. Құрманжанқызы: «Ел Президенті Қ. Тоқаевтың «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» — деген еді. Сондықтан біз де балабақшаларда, мектептерде, жеке әр түрлі секцияларда да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстауымыз қажет» — деп, әрбір жас ұрпақ өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің тілін білуі керектігін тілге тиек етті.

Жоғарыда айтып өткендей, шара барысында қатысушылардың дені Елбасымыз үміт артқан жас ұрпақтың мемлекеттік тілде танымдық клубтар мен спорттық секцияларға қатыса алмауы, олардың басым бөлігі орыс тілінде жүргізілетіні Тәуелсіз елдің болашағы деп саналатын өскелең буынның өз тілінде қызмет түрлерін ала алмауы, шымбайына бататынын айтып, орыс тілді орталықтар ресми тіл мен мемлекеттік тілді қатар қолданса деген тілек білдірді. Сондай-ақ, аудан орталығында жастарға тәлім беретін мәдениет үйі мен оқушылар сарайы болмауы қатысушылардың назарынан тыс қалмады. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» — деп заңғар жазушы М. Әуезов айтқандай, еліміз өркендесін десек, жас ұрпақ лайықты білім алып, мәдени кемелденген, жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасулары керек. Ол үшін ауданымыздың басшылары мен кәсіпкерлері бірлесе отырып орталыққа оқушылар сарайын салып берсе деген үкілі үміт жылт ете қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымы аясында осынау базынамыз билік басында отырған ағаларға жетіп, жас ұрпақтың құқығы қорғалуы тек қана бір күн сөз болып қоймай, ел тілегіне құлақ асып, балаларымыз алдағы уақытта бір орталыққа бас қосады деген үміттеміз.

 

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button