Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам
Алматы облысында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Осы мерейлі күнге арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, жыл сайын 10 номинация бойынша өтетін конкурста биылғы үздік шыққандарды марапаттады. Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасының гематолог дәрігері Меруерт Жұмабаева мен Іле ауданы Қосөзен дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Алма Сембаева «Үздік дәрігер» және «Үздік ауыл дәрігері» аталымының жеңімпаздары атанып, әрқайсысына 1 млн. теңгенің сертификаты берілді, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты жиын облыстағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы фильммен ашылды. Мұнан соң медицина мамандарына облыс әкімі Амандық Баталов құттықтау сөзін жеткізді:
— Құрметті медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Елдегі қалыптасқан пандемия жағдайында бар білімі мен тәжірибесін, ерік-жігерін індетпен күреске, халықтың саулығын қорғауға бағыттаған баршаңызға жетісулықтардың атынан және өз атымнан алғыс айтамын! Дені сау адам – қоғамның байлығы. Сондықтан кез келген мемлекет ел азаматтарының денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Бұл ретте Елбасының тапсырмасына және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып келеді. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Медицина қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылды, — деп атап өтті А. Баталов.
Ол сөз сөзінде биылғы жылы медицина саласына бөлінген қаржы 168 млрд. теңгеден асқанын айтты. Сол сияқты қазір жергілікті бюджет есебінен медициналық жоғары оқу орындарында және резидентурада 239 адам оқуда, биылғы жылы тағы 30 студентті оқуға кіргізу жоспарланған. Сондай-ақ өткен жылы медиктерге 127 пәтер сатып алуға 756 млн. теңге жұмсалды. Тағы 30 жалгерлік үй жаңа коттеджді қалашықтан берілді. Оған қоса Талдықорғанда денсаулық сақтау мамандарына арнап тағы бір көп пәтерлі үй салу жоспарланып отыр.