Аудан жаңалықтарыҚоғамМерекелер

КИНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ: ТӘРТІП ПЕН ТӘРБИЕ

21 маусым — Қазақстан Республикасының  кинологтар күні. Жақсы тәрбиеленген ит адамның жан досы екенін біз жақсы білеміз. Сабырлық пен қайырымдылықты, қауіпсіздікті ту еткен адамдар мен достықты пір тұтатын төрт аяқты достарымыздың төл мерекесі болып саналады. «Қазақта ит жеті қазынаның бірі» — деп қадір тұтып, құрмет көрсеткен. Міне сол итті өсіріп баптап, адамзаттың пайдасына жарату  үшінде еңбектенуі қажет.

Өткен аптада ҚР Қызметтік иттерді өсіру және дамыту орталығына барып, төрт аяқты достарымыздың жәй күйімен танысып қайтқан едік. Оларды да тумай жатып, құрсақта жатқаннан бастап назарда үстайды. Туылғаннан кейінде азаматтық құқығы бар жануарға айналып шыға келеді. Ол мемлекетті қорғауға шекара шебіне аттанады. Қорғаныс шебіндегі қызметтік иттердің жәй күйін иттерді өсіру және дамыту орталығының нұсқаушысы, ефрейтор Айбек Сүлейменов қысқаша әңгімелейтін болады.

— Жануарды қайдан аласыздар?

— Біздің орталықтың тарихы сонау тәуелсіздік жылдарынан бастау алады. Осы орталықта асыл тұқымды иттерді тудырып, бағып, тәрбиелеп республика көлеміне таратамыз. Онда ізшіл иттеріміз бар, жарылғыш заттарды, наркотикалық заттарды және қоғамдық ортада тәртіп сақтауға арналған иттерді тәрбиелейміз. Әрине оларды осы жерде дүние есігін күшік болып ашқаннан бері тынбастан адамзатқа пайдасын келтіру үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіледі. Оның психологиялық жағдай және денсаулығы, қандай салаға бейімділігі бірінші орынға қойылады. Тамақтарында қадағалап рационмен беріледі. Арнайы дәрумендермен қосып тамақтандырамыз.

— Асыл тұқымды иттердің қандай түрлері бар?

— Бізде қазір лабродор, неміс овчаркасы, белгиялық овчаркасы сынды бәрімізге белгілі текті иттердің тұқымы бар. Осы жердегі мамандар күшіктің мінезін байқайды. Ғылымда белгілі меланхолик, флегматик, холерик, сангвиник болып төртке бөлінеді. Біз көптеген тәжірбиелермен сынақтар арқылы меланхолик және холерик мінезді күшіктерді қызметке пайдалануға аламыз. Осы жерде туғызып әрі 4 ай бойы тәрбиелеп саптық бөлімге жібереміз. Бала сияқты бағамыз. Көңілін сындырмаймыз. Көңілі күшік кезден қалған ит болашақта мықты із кесуші болмайды. Осының барлығына мән беріледі.

Жалпы ғылымда иттерге иелік ету адамның денсаулығын жақсартуы, депрессияны төмендетуі және тіпті ұзақ өмір сүруге көмектесетінін ескертеді. Адам мен жануардың алғашқы қызметтік жұмыстары қандай болатынын орталықтың саптық итерді тәрбиелеу бөлімінің сержанты Нұрсұлтан Сүгірбаев әңгімелеп берді

— Нұрсұлтан Түгелбайұлы, саптық иттерге ие болу жолдарын және  тағылатын міндеттерді айтыңызшы?

— Бізге курсанттар келеді. Төрт ай осындай оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Итті бағып-қағуды үйренеді. Иттерге иелік ету үшін арнайы психологиялық дайындықтан өткен азамат міндетті түрде мінезіне қарай өз иті таңдалады. Ол күнде таң ертең итімен бірге серуенге шығады. Алғашында 15-20 минут қана итпен иесіне уақыт беріледі. Жануарға түсіндіреді, оқытады. Одан кейін алғашқы үш шақырымын жүреді. Итке азық беру арқылы  із кесуді үйретеді.  Із кесу ара қашықтығы  500 метірден 7 шақырымға дейін созылады. Ары қарай күрделене түседі. Мысалы адамның жүріп өткен уақытынан екі сағаттан кейін арты нан іздеу салғызамыз. Осылай иттің қабілетін ашамыз. Адамның ынтасын арттырамыз. Осы жерден тәрбиеленіп шыққан кейн еліміздің түкпір-түкпіріне таратылады.

— Өзіңіз тәрбиелеген иттерді кездестіріп қалатын уақыт болды ма? Ол сізі таныды ма?

— Әрине, өзімнің тәрбиелеген иттерімді кездестірдім. Төрт аяқты жануар демесеңіз олардың еске сақтау қабілетімен иіс сезу қасиеті  өте жоғары ғой. Сені көргенде қуанып, қарсы алады. Екеуара ізгі достықтың табы өле өлгенше сақталады ғой.

Тәрбие мен тәртіпке тұнып тұрған кинология орталығында болған азғантай ғана уақыттың ішінде елдің тыныштығын сақтайтын төрт аяқты жануарлардың да үлесі мол екенін байқадық.

Міне біздің ҚР Қызметтік иттерді өсіру және дамыту орталығына деген жарты сағаттық саяхатымызды аяқталды. Бұл нысан стратегиялық құпия болғандықтан көп жазбаның да аса қажеттіліг бола қоймас. Ізшіл  иттердің тыныс тіршілігімен етене таныстыруға мүмкіндік берген Қызметтік кинология басқармасының тәрбие, идеологиялық және кадр бөлімінің офицері майор Нұрат Кайбалдинге үлкен рахмет айтамыз. Шекара аймағы тыныш, ел іргесі аман болсын!

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button