Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыЗнай нашихҚоғамТұлға

ЕҢ БАСТЫСЫ ХАЛЫҚТЫҢ ӨТІНІШІ ҚАНАҒАТТАНУЫ КЕРЕК

Қазақта «Ауылға қарап, азаматын таны» деген нақыл бар. Біздің аудан Алматы облысы бойынша өнеркәсібі өркендеген өрелі аудан екенін бәріміз білеміз. Дәл осы экономикасы қара қазанда қайнаған ортада жұмысын тыңғылықты орындап отыратын мемлекеттік қызметшілер баршылық. Соның бірі Іле ауданы әкімі аппаратының басшысы, мінезі салмақты, ісіне адал  Азамат Жандосовты әріптестері өте жоғары бағалап, оны әрқайсысы ақылшы дос тұтады. Әкімдікте қатысты кез келген ағынды ақпаратты иненің көзінен өткізгендей сүзіп шығып, нақты ақпаратты тиісті бағыттарда жіберіп отырады. Бәзбіреулер үшін ақ қағазды жай ғана арқалау болып көрінгенмен, бұл нағыз ұқыптылықты талап ететін іс.

— Мерекеңізбен Азамат Серікұлы алғашқы дәстүрлі сұрағымыздан бастасақ. Жалпы мемлекеттік қызметшінің бойында қандай қасиет болуы керек?

— Менің пікірімше мемлекеттік қызметкерде тиянақтылық, сергектік, сабырлық пен парасаттылық керек. Өзіндік мінезі де болғаны дұрыс. Парасаттылық демекші, ел алдында мемлеккеттік қызметкер ең алдымен халыққа жақын болып, әр өтінішке құлақ аса білгені абзал. Ілтипатпен жауап беріп, ерінбей нақты, әрі толықтай жауап беруі міндетті.  Ақ қағаздағы жазылған ақпаратты елеп, екшеп, маңыздысын сараптап алып,  арыз иесіне немесе жоғары тұрған органдарға жіберу қажет. Ел алдындағы абыройыңыз асқақтай берсін десеңіз, өз жұмысыңызға, мойныңызға артылған міндетке қатаң қарауыңыз керек. Қазіргі кезде біздің кейбір әріптестерімізге жетіспей жататын қасиет осы. Қоғамда үлкенді-кішілі мәселемен тұрғындар тоқтаусыз әкімдікке жүгініп жатады. Халықтың көкейіндегі көптеген өзекті мәселені осы жергілікті әкімдік шешетіні белгілі. Ауылдағы тірліктің тігісін жатқызып, тілін де табатын біздің әріптестер.  Бұл деген үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік қызметкер осы тұрақсыз толқынға төтеп беріп, кез келген стандартты емес жағдайға дайын болғаны абзал.

—  Осы ауданға алғаш келгендегі мойыныңызға артылған міндетті қалай атқардыңыз?

— Аудандық әкімдіккке ең алғаш табалдырығын аттағанда аудан әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас маманы болып орналастым. Міндетім ай сайын жергілікті атқарушы органдармен мемлекеттік қызметтердің уақытылы әрі сапалы көрсетілуіне мониторинг жүргізу. Осы кезде, өзім жас маман бола тұра өзгенің жұмысын сараптау, мін тағу өте қиынға соғатын. Округтерді, бөлімдерді аралап,  қызмет алушыларға жасалған жағдайларды зерделеп, қолымнан келгенше әдістемелік көмек көрсеттім. Жаман емес. Осы уақытқа дейін әріптестерім тарапынан алауыздық туып, арыз-шағым түспеді. Соған қарағанда дұрыс бағыттамын деп ойлаймын.

— Қазір сіз аудандық әкімшілік аппаратын басқарып отырғаныңызға екі-үш айдың жүзі болды. Бұл салада қандай талап қойылады?

— Әкімдікте мемлекеттік қызметші болып жүргеннен кейін бір лауазымнан екінші лауазымға ауысуда жауапкершілік жүгі ауырламаса, ешқашан жеңілдемейді. Негізігі міндетім — аудан әкімінің тапсырмасының орындалуын сала-сала бойынша қадағалау. Айтылған жоба болсын, тапсырмалар болсын уақытында орындалмаса, әрине, өте қиын. Екі сөйлеу кімге жарасады деп ойлайсыз?! Сондықтан,  қысылтаяң уақытқа қарамай тапсырманы өз уақытында орындауға тырысамыз. Осы ретте, әр салада өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып отырған аудан әкімдігінің құрылымдық бөлімдеріне, ауыл әкімдеріне, жалпы ұжымға алғысым шексіз. Іле ауданы, Алматы облысының үлкен бір өнеркәсіп лабороториясы десем қате айтпаймын. Халқы да тығыз орналасқандықтан әлеуметтік және саяси жағдайы қашан да қол тигізбейтін қып-қызыл шоқта жатқан темірдей қызып тұрады. Қосымша ауданда әдеп жөніндегі уәкіл міндеттері мойныма жүктелген. Жаһандық ақпараттық технологиялардың, оның ішінде әлеуметтік желілердің дамыған заманында,  мемлекеттік қызметшілердің әр қадамы қоғамның жіті бақылауында отыр. Күнделікті күйбең тіршілігін шешумен жүрген қарапайым халықпен қоса әкімдікке атақ іздеп, немесе жеке басының пайдасын шешуге бел буған жекелеген азаматтар да жиі келеді. Олар мемлекеттік қызметшінің әр сөзін аңдып, тырнақ астынан кір іздеп, мамандарды теріс қылыққа итермелейтін іс-әрекеттерді әдейі істеп отырады. Сондай мезеттерде мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларынан аттамай, сабырлық танытып, сұралған мәселе бойынша толыққанды ақпарат ұсына білуін талап етіп, ұжым қызметкерлерімен тұрақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамыз.

— Өз туған жеріңіз туралы айта кетсеңіз?

— Мен, Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылының тумасымын. Сол жерде орта мектепті аяқтап, 2011 жылы, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, 2016 жылы, Д. А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын сәтті аяқтадым. Үйде үш ұлмыз, әкеміз Серік Қартайғанов, сол ауылдың элеваторында, анам Ғалия Қартайғанова Қазақстан Темір жолында қызмет етті. Балаларының барлығы аяқтанды. Өзімнің де шағын мемлекетім бар.

— Адамның бойындағы қандай қасиетті жоғары қоясыз?

— Шынайылық, имандылық, білімділік, досқа деген адалдықты жоғары бағалаймын. Адамзат өмірінде дос табу қиын, дос тапсаң оны ұстап отыру екі есе жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан адамның бойындағы сертке адалдықты, қайсарлықты, пайда көздемейтін тазалықты ерекше құрметтеймін.

— 23 маусым ҚР мемлекеттік қызметкерлер күніне орай айтар алғысыңыз бар ма?

— Әрине, барлық мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтаймын! Қашан да жаңашылдықты, ізденімпаздықты, халыққа адал қызмет етуді тоқтатпайық. Еліміздің қарыштап дамуында сіздердің қосар үлестеріңіз маңызды орын алмақ. Ұлы қазақ даласының дамуы — сіздердің өздеріңізге артылған міндетті кіршіксіз таза орындалуын қажет етеді. Сондықтан бойларыңызға сабырлық, төзімділік, ұшқыр ой мен істеріңізге береке тілеймін!

— Сұхбатыңызға рахмет! 

Құдайберген ҚОЙТАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button