ҚАЛАМЫ ҰШҚЫР ЖУРНАЛИСТ, АРДАҚТЫ ӘКЕ
28 маусым – елдің мұңын арқалап, сөздің жүгін көтерген журналистер күні. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелері – халықтың көзі, құлағы һәм тілі іспетті. Қандай адам журналист бола алады? Журналистің бойында қандай қасиеттер болуы керек? Акула дейтін су жануары бар. Ол бір минут демалып, тоқтаса, өліп қалады екен. Журналист те сол акула сияқты. Олай дейтініміз, журналист үнемі ізденіс үстінде, жаңалыққа жаны құштар болуы шарт. Алғыр, жіті, идеялы, жылдам, интеллекті жоғары осы қасиеттің бәрі бір адамның бойында тоғысқан сәтте ғана журналист жақсы маман болып қалыптасады. Қазақстан журналистері күні әрі халықаралық әкелер күні мерекесі қарсаңында жоғарыда аталған талаптарға толықтай сай келетін, жаңа-лықтың жаршысы болып жүрген ауданымыздың белгілі журналисті, қарымды қалам иесі, төрт баланың ардақты әкесі Чойбасов Бағдат Тоқанұлы туралы сөз қозғамақпыз. Біздің кейіпкеріміз 1981 жылы Алматы облысы Алакөл ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, «Не адамның тәнін емдеймін, не болмаса жанын емдеймін» деп өзіне серт беріп, ақ халатты абзал жан болуға бел буады. Осы арманның жетегінде еліміздің белді арнаулы орта білім орындарының бірі «Республикалық медициналық колледжге» тапсырып, «гинеколог» мамандығына оқуға қабылданады. Алайда, «Адамның басы – Алланың добы» емес пе?! Ол кез – 2000 жылдардың басы. Халық тоқыраудан шығып, әркім күнкөріс қамы үшін әрқилы іспен айналысып, оқу орнының басым бөлігі ақылы білім беру үрдісіне көшкен кез. Тағдырдың соқпағы болар, Бағдат ІІ курс оқып жүргенде оқудан шығып қалады. Бірақ, сонда да жасымай, алға қарай ұмтылған ол күнкөріс қамы үшін құрылыс алаңдарында жұмыс істейді. Адам тәнін емдеймін деген арманы желге ұшқанымен, адам жанын рухани тұрғыда емдеп, халықтың мұңын айтып, сырын жеткізіп, елдің құлағы мен көзі болып, билік пен халықтың арасын жалғайтын алтын көпір – журналист болуға бел буады. Арман жолында қандай қиындықтар кезіксе де, ауырлықтың бәрін еңсеріп, 2006-2010 жылдары аралығында Алматы қаласындағы белді жоғары оқу орындарының бірі Орталық Азия университетінде журналистика маман-дығында білім алады.
Университет қабырғасында жүріп өзінің курстасы, жүзінен иман нұры төгілген, сыпайы, қазақы ибалылығын сақтаған Ботагөзбен сөзі жарасып, екі жастың арасында сезім ұшқыны пайда болады. Бағдат Ботагөзді өзінің өмірлік жарым деп танып, 2010 жылы екеуі бас қосады. Бота аудандық мектептердің біріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп орналасса, Бағдат 2011 жылы «Іле таңы» аудандық қоғамдық-саяси апталық газетінің тілшісі атанды. Содан бері табаны күректей он жыл бойы «Іле таңы» газетінің тілшісі, фототілшісі, бас редактордың орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарып келе жатқан Бағдат әріптестері арасында сыйлы, өзіндік орны бар, ауданымыздың мүйізі қарағайдай журналистерінің біріне айналды. Ол қажет еткен кісіден көмегін аямайтын, тіпті қалтасындағы соңғы тиынына дейін бере алатын сері мінезді сырбаз жан.
Бағдат Тоқанұлы жақсы дос, қаламы қарымды журналист, жүрегі «Елім» деп соғып тұрған абзал азамат болуымен қатар, отбасында қадірлі жар, асқар таудай әке. Бағдаттың жар қосағы Ботагөз екеуі отбасын құрған он жылдан аса уақыт ішінде қатты сөзге келмегенін, Бағдаттың отбасында жайлы отағасы екенін мақтанышпен айтты. Студенттік шақтан естелік айтқан Бота: «Бағдат екеуіміздің махаббатымыз ерекше болды. Біз Орталық Азия университетінің студенттері үшін аңыз махаббат иелері болдық десем, артық айтқандық болмас. Курстастарымыз да, төменгі курс студенттері де бізді үлгі тұтар жұп болдық. Адал махаббатпен, асқан сүйіспеншілікпен қосыл-дық. Осы уақытқа дейін бірде-бір рет көңілімді қалдырып, жаныма қаяу салған кезі болмады. Балаларына да үнемі көңіл бөліп, олардың отбасындағы тәрбиесіне, дұрыс білім алуына алаңдап отырады», — дей келе, алдағы өмірде де адалдығы мен азаматтық болмысын жоғалтпайтынына сенетінін білдірді. Ағайынға сыйлы, дос-жаран алдында қадірлі, өнегелі отбасының тізгінін ұстап отырған Бағдат бұл күнде Ақниет, Інжу атты екі қыз бен Ақиық, Ілияс атты қос ұлдың әкесі. Балалары да оны жұмыстан келген кезде алдынан жүгіріп шығып, ерекше құрметпен қарсы алады. Иә, әкенің балаларына сыйлы, елге қадірлі болуының бір негізі алған жарында. Бағдаттың да осылай ұл-қызына асқар тау, діңі мықты бәйтерек болуына – ең әуелі өзінің азаматтық болмысы себепші болса, екіншіден, жан жары Ботагөздің балаларына жақсы үлгі көрсетіп, ерін сыйлап, әкелерін құрметтеуге баулып, әкенің орнын әрдайым биік етіп тәрбиелеуі себеп болса керек. Бағдат та өз кезегінде балаларынан әкелік мейірімін аямай, шапағын шашып, ұл-қызының жақсы өмір сүріп, тәртіпті, қатарына үлгілі болып өсуі үшін алаңдайды. Сол үшін өзі де балаларына жақсы істерімен үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Иә, Алла тіл мен көзден сақтап, елге құр сөзбен емес, ісімен өнеге болар осындай отбасыларымыз көп болсын.
«Әкелі бала – жаужүрек» деп Бұқар жырау айтқандай, әкелеріміз қорғанымызға, аналарымыз ардағымызға айналсын. Сөз арасында айтарым, әкелер күні құтты болсын. Асқар таудай әкелеріміз де, бұлақтай нәрлі аналарымыз да, жайқалған жасыл құрақ ұл-қыздарымыз да аман болсын! Бағдат Тоқанұлына кәсіби мерекесі қарсаңында шалқар шабыт тілей отырып, қаламының мұқалмауын, халықтың айтар ойын дөп басып, газетіміздің көшін бастайтын аға журналистердің қатарынан көрін дегіміз келеді.
Атаулы мерекеге орай «Іле таңы» газетінің барша журналистер қауымын, БАҚ саласында қызмет етіп жатқан әріптестерімізді мерекесімен құттықтаймыз! Өз кәсіптеріңізге адалдық танытып, ақпарат майданында маңызды жаңалық жеткізуді мұрат тұтқан игі істеріңізге табыс, шығармашылық шабыт тілейміз! Тәуелсіз қазақ қоғамының дамуы, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыру жолында аянбаңыздар!
Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ