Аудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

УӘДЕЛІ ІСТІҢ ОРЫНДАЛУЫ ДА ОҢАЙ ЕМЕС

Елімізде карантиндік режим әлі де болса сақталуына байланысты ауыл-аймақтарда «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының «Бақытты отбасы» акциясы дәстүрлі түрде жалғасын табуда. Осы игі бастамаға орай аудандық мәслихат депутаты А. Абдрахманов Чапай ауылына қарасты «Черемушка» саяжайында тұратын Балабаевтар отбасына азық-түлік пен ойыншықтарды сыйға тартты.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар. Дәл осындай демеушілердің көмегімен жыл басынан бері ауылдағы 200-ге жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетілген. Жалпы Ауылда 45-ке жуық атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы жанұя тұрады.

Біз Айдар Абдрахмановты сөзге тарттық. «Өткен аптада Чапай ауылында тұратын Балабаевтар отбасының халін білуге ат басын бұрдым. Бұл Үйде Райгүл әпкеміз тәрбиелеп жатқан 8 бүлдіршін бар.  Естеріңізде болса, бұл отбасына кезінде «Қарекет» қоры үй алып берген болатын!

Бір апта бұрын Райгүл әпкеміз халықпен Депутаттық қабылдауымда, жеке келіп арнайы өтініш білдірген. Онда азық-түлік, ұн, сұйық май, киім-кешек адам баласына қажетті заттармен мүмкіндігімше жәрдем беруімді сұрап және кішкене бүлдіршін қызы жаныма келіп, балғын тілімен еркелеп, «Аға, маған бір велосипед алып беріңізші», — деп өтініш айтты. Мен ойланбастан уәде берген едім. Сол шаңыраққа бүгін сәті түсіп, отбасымен жақынырақ танысуды жөн көріп, жол тарттым. Кездестім, қуандым, қауыштым. Аманатын табыстадым.

Өмір – керуен.  Уақыт мылқау, өтеді, кетеді… «Ел тірегі жастар» – деп Елбасы әу бастан-ақ айтып келеді. Бәріміз де бала болдық. Ананың қуанышын көру – бір бақыт,  баланың қуанышын көру – бір шаттық. Ертең осы кішкентай бүлдіршіндер ер жетіп, еліміздің айбынын асқақтатып, Туын көкке көтермесіне кім кепіл? «Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақ» екенін ұмытпайық», – деді жадырай күлімдеген халық қалаулысы.

Бұл игі шарада тек қамқорлық көрсетіп қана қоймай, өзінің қабылдауында көтерілген әрбір шаңырақтың қажеттіліктері мен мұң-мұқтажына құлақ түрген депутат айтылған өтініш-тілектер бойынша алдағы уақыттарда тиісті органдармен жұмыс жүргізетінін айтты.

 

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button