Ауылым – алтын бесігім
Биыл егеменді мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Яғни, егемен еліміздің тәуелсіздігін жалпақ жұртқа паш ететін жеке дара көк байрағының көкке самғап, желбіреп тұрғанына 30 жыл! Бұл күн – барша қазақ үшін қасиетті де қастерлі мереке. Отан деген ұғымның ең алдымен әрбір адамның отбасынан, содан соң туған ауылынан басталатындығы сөзсіз. Мен үшін де Отаным – өзімнің отбасым, туған өлкем, туған ауылым, кең байтақ егеменді елім! Әсіресе, туған жерім жаныма жақын, қымбат әрі маңызды. Себебі, адам баласының дүние есігін ашқан күннен бастап жанына, жүрегіне жақын, қимас сезімге бөлейтін алтын ұясы, құтты мекені – туған жері. «Туған жер» ұғымы әрбір адам жүрегінен ерекше орын алады. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген сөзді қазақ даналары бекер айтпаса керек. Әр адамға туған мекенінің топырағы, тауы мен тасы ыстық әрі қымбат.
Уа, дариға алтын бесік – туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің?!
Сенде тудым, сенде өстім мен,
сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім! — деп Қасым Аманжолов жырға қосқандай, әркім туған жерін мақтан етіп, қадір тұтады. Өз туған жерімізді қадір тұту – біздің жанымызға ана сүтімен дарып, қанымызға сіңген. «Атамекенім — тал бесігім» деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Ол өз перзентіне барын, нәрін береді. Төсінде тербетіп, аялап әлпештейді.
Адамның болашағы да, өткені де туған жерімен тығыз байланыста болады. Мен үшін туып-өскен жерім Іле ауданына қарасты Ынтымақ ауылына ештеңе жетпейді. Туып-өскен Ынтымақ ауылым – менің шағын Отаным. Ес білгелі топырағын басып, таза ауасымен тыныстап, тұнық суын ішіп өскен туған өлкемнің тұнып тұрған әсем табиғаты бойыма мақтаныш сезімін ұялатады. Туған жерімнің желпіп өткен самалы бетімді осып өтсе де, мен үшін аялаған жұмсақ алақандай сезіледі. Қаншалықты табиғаты қатал болса да, ол мен үшін мейірімге толы мекен. Кейбір адамдарға менің мекенім кішігірім, ел көзінен тыс, қала маңына жақын бір ауыл болып көрінсе де, мен үшін үлкен бір қала іспеттес.
Бүгінде алдыңғы қатардағы ауылдардың біріне айналған Ынтымақ ауылы еліміз Тәуелсіздігін алғалы бері көркейіп, даму үстінде. Нақтырақ айтқанда, халыққа қызмет көрсететін түрлі орталықтар салынды. Ынтымақ аулындағы «Дольче Фарм» зауыты, №30, 46 орта мектептер, балабақша, мешіт, пошта, тойхана сияқты елге қажетті нысандардың бой көтеруі осының айқын дәлелі бола алады. Мұнымен қоса елдімекеніміздің аумағы да қанатын кеңге жайып, барынша ұлғаюда. Заманауи үлгідегі сәулетті үйлер көптеп салынып, ауылымыздың ажарын айшықтай түсті. Атына заты сай ынтымағы жарасқан ауыл адамдары да бауырмал, бір-біріне көмекке дайын тұратын мейірімді жандар. Осынау елдімекенімізде талай дарынды адамдар дүниеге келген. Ауыл тұрғындарының, елдің көркеюі үшін жасалып жатқан ерен еңбектері мен жетістіктері қаншама?! Ата-баба дәстүрімен тәрбиеленген ұрпақтан ғалымдар, әдебиетшілер, өнер, мемлекет, қоғам қайраткерлері шығып, елімізге ерен еңбек етіп жатыр. Ал қазіргі ауылымыздағы өсіп келе жатқан жастардың талпынысы кешегі заманда өткен ата-бабаларымыздың салып кеткен жолын өшірмей жүргендігін айқындайды.
Ақын боп, азамат боп Отан-Ана,
Өзіңнен қайта тудым осы арада.
Жер түгіл, айды айналып күнді құшсам,
Жаныма мұнша шаттық қоса ала ма? — деп Оразақын Асқар ағамыз жырлағандай, туған жеріңді ешбір жермен ауыстыра алмайсың. Ауыстырсаң да өз туған мекенің сыйлаған махаббатты сезіне алмасың анық. Сондықтан, Отаныма, туған жерге деген құрмет, мақтан тұтар сезім әр қазақтың баласының жүрегінде болу керек деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман болғай!
А. Бұрлыбекова,
№46 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі