ЕМДЕУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ КЕРЕК
Қоғамның бір дерті – нашақорлық, маскүнемдік. Отбасында болсын, әлеуметтік-қоғамдық ортада болсын көптеген қылмыс жоғарыда аталған зиянды заттарды қолданушылар тарапынан орын алып жатыр. Осы орайда, ауданымыздағы есірткі мен алкоголь өнімдерін тұтынушылар жайлы ахуалды білу мақсатында Іле аудандық орталық аурухананың нарколог-дәрігері Давлетбаев Бауыржан Таласбекұлын әңгімеге тартқан едік.
— Сәлеметсіз бе, Бауыржан Таласбекұлы. Әңгімені дәстүрлі сұрақтан бастасақ… Ең әуелі оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз…
— Мен 1988 жылы 9 ақпанда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылында дүниеге келдім. 1994-2005 жылдар аралығында орта білім алдым. Мектепті тәмәмдаған соң ақ халатты абзал жан болсам деген ақ арманның жетегінде Алматы қаласына келіп, сол кездегі М.Алиев атындағы Қазақстан медициналық университетіне (Қазіргі Қазақстан-Ресей медициналық университеті) оқуға түстім. Осы оқу орнында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алдым. Оған қоса 2012 жылы нарколог-психологқа үш айлық курстан өтіп, 2012-2017 жылдар аралығында Алматы қалалық наркологиялық медициналық-әлеуметтік түзету орталығында дәрігер-нарколог қызметін атқара жүріп, қосымша Талғар қаласында да кезекші дәрігер болып жұмыс істедім. Ал, 2015 жылдың қыркүйегінен Іле ауданында дәрігер-нарколог болып қызмет етіп келемін.
— Дәрігер-нарколог дегенде көпшіліктің ойына нашақорлармен жұмыс істейтін маман елестейді. Шын мәнінде дәрігер-нарколог дегеніміз кім?
— Иә, кейде наркологтың қабылдауына жазылып жатқанда тұрғындар өздерін ақтап, «мен нашақор емеспін» деп, ренжіп жатады. Біз тек есірткі ғана емес, сондай-ақ, алкогольге тәуелді, темекі, насыбай секілді ағзаға зиян, адам миын улайтын зиянды заттарды тұтынатындармен жоғарыда аталған зиянды заттарға тәуелділіктің алдын-алу шараларын жасаумен, тәуелділік туындаған жағдайда одан арылту үшін емдеу ісімен айналысамыз. Сол себепті, аудан тұрғындарынан өздеріне қажетті анықтаманы алар кезде, болмаса әлдеқандай сұрақтар туындаған сәтте қысылмай, наркологтың қабылдауына жазылуларына болатынын ескерткім келеді. Атамыз қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп тектен-тек айтпаса керек.
— Сіз ауданымызда 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді екенсіз. Сол жылдармен салыстырғанда қазір нарколог тіркеуінде тұрғандар саны азайды ма әлде өсті ме? Сандарды сөйлетсек…
— Мен ең алғаш Іле ауданына келген кезде жалпы саны 631 адам наркологтың тіркеуінде болатын. Соның ішінде есірткі мен наркологиялық заттарға тәуелділері – 145 адам. Ал, қазіргі таңда жалпы тіркеуде 589 адам, соның ішінде 89 тұрғын есірткіге тәуелді. Бұлардың ішінде ең қауіптісі әрі тәуелділіктен құтылу мүмкіндігі төмендері есірткі заттарын ине арқылы қабылдаушылар. 2015 жылы 65 адам инеге отырып, есірткі қабылдаса, қазіргі таңда олардың саны едәуір азайып, 42 адам тіркеуде тұр. Бес жылдан аса уақыт ішінде тіркеуде тұрған азаматтар саны 20 пайызға азайды. Бұл көрсеткіш біздің орталықта нақты тіркеуде тұрған науқастар. Науқас дегенім, есірткіге, алкоголь өнімдеріне тәуелділіктің өзі – үлкен дерт. Тіпті, нашақорлықты «Ғасыр дерті» деп те атап жүрміз ғой.
— Нашақорлық пен ішімдікке салынғандар санының азаюы емдеу ісінің нәтижесі ме әлде басқа себептері де бар ма?
— Дәрігерлер қауымы өздерінің шама-шарқынша ем жасап, алдына келген науқастың сауығуын ойлайды. Біз де сол секілді қоғамның зиянды әрекеттен айығуын қалаймыз. Сол себепті алдымызға келген әрбір науқастың өмірі мен денсаулығына алаңдап, олардың есірткіге, алкоголь өнімдеріне, тіпті темекіге тәуелділігін басып, толықтай сауығуына ем-дом шараларын жасаймыз. Осы орайда қажет болған жағдайда жылына 10-12 науқасты Талғар қаласындағы мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жатқызып, емдеу жұмыстары жүргізіледі. Есірткіге тәуелділік пен ішкілікке салыну физиологиялық ауру емес, ол психикалық дерттер қатарына жатады. Ал, оны шектен тыс қолдану арқылы адамдар өзінің ішкі ағзаларын құртады. Сол себепті, бұл науқастарды емдегенде ең алдымен олардың жан дүниесін, психикасын сауықтыру керек. содан кейін тәнін емдеу оңай болады. Бұл жағдайда науқастардың өздері де сауығуға талпынып, ішкі ерік-жігері күшті болуы керек. әйтпесе, емдеу орталықтарында ем қабылдап, сауығып, артынша қайтадан ескі әдетке басатындар да жоқ емес. Ал, науқастар санының азаюына келсек, олардың ішінде тәуелділіктен құтылып, толықтай айыққандары да бар, өкінішке орай, есірткінің құлы болып, соның жолында темір тордың ар жағына қамалғандары да, тіпті артық доза қолдану салдарынан өлім құшқандары да бар.
— Неге Талғар қаласына? Өзіміздің ауданда сондай емдеу-оңалту орталықтары жоқ па?
— Алматы облысы бойынша нашақорлық пен ішімдіктен айықтыру, емдеу орталықтары екі жерде бар. Бірі Талғар қаласында орналасса, екіншісі облыс орталығы Талдықорғанда. Біздің ауданда мәжбүрлі емдеу орталығы, айықтырғыш жоқ. Бұл мәселенің көтеріліп жүргеніне де көп болды. Алайда, жақын арада нашақорлықтан емдеу орталығы салынбасы анық. Айықтырғыштың жоқтығынан полиция қызметкерлерінің де жұмысы алға жүрмейді. Себебі, есірткі тұтынып есіргендер мен ішімдікке сылқия тойып шу шығаратындарды апаратын орын жоқ. Оларды ұстағанмен, қамайтын айықтырғыш пен уақытша ұстау изоляторлары да болмағандықтан жібере салуы мүмкін. Бұрын Боралдай кентінде медициналық айықтырғыш болды. Алайда, кейінгі кезде ол жабылып қалуына байланысты, біз ішімдікке салынғандар мен нашақорларды Талғар қаласына апарып қамауға, сол жақтағы емдеу орталығына жатқызуға мәжбүрміз. Ал, ауданға арнайы айықтырғыш салу мәселесін қанша көтерсек те, облыстағылар бюджетте қаржы жоқтығын айтып, қу шөппен ауыз сүртіп отыр.
Ауданда айықтырғыш болмауының салдарынан ішімдікке салынғандардың көбі құрықталмай, еркінсіп жүр. Ал қоғамдағы қылмыстың 80-90 пайызын ішімдік ішіп, масайған адамдар жасайды. Өткенде аудан орталығы Өтеген батыр ауылында «Ольга» дүкенінің алдында орын алған көлік апатына да мас күйінде рулге отырғандар кінәлі. Осындай мас күйінде көлік жүргізгендер жолдан өтіп бара жатқан адамды қағып кетіп, болмаса көлік апаты орын алып, біреудің жалғызы, біреудің асыраушысы өмірден өтіп, не мүгедек боп қалып жатқан жайттар аз емес. Ол аздай, ішімдікке салынып, отбасында бүлік шығарып, үйдің берекесін алып жатқандар қаншама? Ата-анасы бірдей ішімдікке салынып, қараусыз қалған балалар да өздерін керексіз сезініп, не берекесіз отбасынан безіп, үйден қашып, зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын көзіміз көріп те жүр. Егер айықтырғыш болса, алкоголь өнімін тұтынғандарды сонда қамап, есірткіге салынғандарды емдеу орталықтарына апарып, емдеп, заң алдында жауапкершілікке тартса, наркологтың тізіміне қойып, олар бақылауда болар еді. Жоғарыда айтылғандай қылмыстар да азаяр ма еді?
— Наркологтың тіркеуінде кәмілет жасқа толмағандар бар ма? Нашақорлыққа әуес жандар қай жас аралығын құрайды?
— Ауданымыз бойынша 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер тіркеуге алынбаған. Көбіне есірткіге тәуелділер – 25-45 жас аралығындағы азаматтар.
— Демек, ауданымызда есірткі, ішімдікке әуес жасөспірімдер жоқ болғаны ғой!
— Есірткіге тәуелділер кәмілетке толмағандар арасында болмауы да мүмкін. Бірақ, олай деп кесіп айта да алмаймыз. Бұл – біздің ауданымыздағы ювеналды полицияның атқарған жұмысының нәтижесі. Кей жағдайда олар өз ісіне жауапсыздық танытып, ең бастысы аса ауыр қылмыс болмаса, ішімдікке, темекіге әуес жастарды ұстап, олармен жұмыс жүргізуге ерінеді.
— Нашақорлықтың алдын алу шаралары атқарыла ма, халыққа есірткінің зиян екендігі жайлы түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіле ме?
— Әрине. Есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен тығыз байланыс жасап, әрбір мекемеге барып, тұрғындар арасында да есірткінің зияны мен оны тұтынуды болдырмау үшін не істеу керектігін түсіндіріп отырамыз. Ол үшін арнайы жоспар құрып, сол жоспар негізінде тек ересектер арасында емес, мектептер мен колледждерге барып, дәріс оқып, жасөспірімдер арасында да нашақорлық пен ішімдікке тәуелділік, насыбай, желім секілді адамның психикасын бұзатын заттарды тұтынудың зияндығын, олардың салдарынан қандай жағдай туындауы мүмкін екендігін түсіндіріп, тіпті, есірткінің зияны туралы бейнероликтерді көрсетеміз. Жастар мен ересектер арасында есірткі мен ішімдікке тәуелділерді анықтап, на-шақорлықтың алдын алу үшін аудан көлемінде арнайы рейд ұйымдастырып отырамыз.
— Есірткіге, ішімдікке тәуелділік неден туындауы мүмкін?
— Адам сау болуы үшін психологиялық, физикалық, әлеуметтік жағдайы дұрыс болуы шарт. Ал ішімдікке әуестер мен нашақорда психологиялық проблемалар болады. Яғни, олардың жаны жаралы. Олар ішімдік пен есірткіні проблемасын ұмыту үшін тұтынады. Бұл денсаулықққа зиянын тигізеді. Сонымен қатар, мұндай зиянды заттарға тәуелділік отбасындағы келіспеушіліктен туындайды. Мысалы, үйде әкесінен барлығы қорқады. Отбасы мүшелері балаға тиісті деңгейде көңіл бөлмейді әрі оған мейіріммен қарамайды. Салдарынан балада психологиялық проблемалар туындайды. Осылайша ол есірткіні тұтынып, білдірмей ішімдікке салынуы мүмкін. Сондықтан, ертеңгі күні өкініп жүрмес үшін, отбасындағы тәрбиеге, отбасы мүшелерімен рухани байланыс орнатуға да баса мән берген жөн.
— Нашақорлықтың салдары неге әкеп соғатыны бесенеден белгілі. Ал, соны болдырмау үшін қоғам не істеуі керек?
— Отбасында әкесі қатал болса, отбасының басқа мүшелері үйде есірткіге әуес жанның барын жасырады. Соның салдарынан есірткі тұтынушы өзін қауіпсіз сезініп, өзінің зиян ісін жалғастыра береді. Нашақорлықтың алдын алу үшін, ең әуелі, есірткіге әуес, ішімдікке салынған туыстары болса, жасырмау керек. Оларды көндіріп, арнайы емдеу-сауықтыру орталықтарына апарып, емделуіне жағдай жасау керек. Көнбеген жағдайда алдап апар. Тіпті болмаса, мәжбүрлі түрде емдетуге болады. Ал, адам өзі осындай жағдайға тап болмас үшін ортаны дұрыс таңдау керек. Себебі, кей жағдайда жастардың теріс жолға түсуіне ортасы да әсер етеді. Араласатын достары қанша үгіттеп, есірткі не ішімдік қолдануға шақырса, сөзге еріп, оларды тұтынбағаны жөн. Адамның ерік-жігері мықты болса, өз өмірі үшін алаңдап, ертеңін ойласа, онда ағзаға зиян, ақыл-есті алып, миды улайтын заттардан бойын аулақ ұстайды.
— Тұрғындарға айтар кеңесіңіз?
— Есірткі де, ішімдік те адам психикасы мен ішкі ағзасын бұзып, орны толмас қайғыға душар етеді. Әрбір адам өзінің денсаулығы үшін күресуі керек. Жеке адамның денсаулығы – өзінен тарайтын ұрпақтың саулығы. Ал ұрпақ – еліміздің келешегі. «Ұлттың ертеңі – дені сау ұрпақ» екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан, «менің денсаулығым – елдің денсаулығы» қағидасын ұстанып, денсаулыққа зиян заттардан аулақ болу керек. Қазақ халқы «Тәні саудың – жаны сау» дейді. Жанымызды да, тәнімізді де ауыртпай, салауатты өмір салтын ұстанайық.
— Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет. Қызметте табыс тілеймін. Есірткіден бойымызды аулақ ұстап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ
Имам көзқарасы:
Ассаламуғалейкум, аудан тұрғындары. Адам баласы жан мен тәннен тұратыны секілді, нәпсі деген дүниесі бар. Бұл нәпсі ләззатқа, рахат сыйлайтын нәрселерге құмар болады. Сонымен қатар шайтан малғұн адамды абыройдан бездіріп, күнәға, пенделікке азғыратыны белгілі дүние. Сондықтан ішімдік, есірткі сияқты дүниелер белгілі дәрежеде адамға ләззат сыйлайды. Оны бір керемет дүние сезінген адам соның соңына түсіп, ес жия алмай кетуі әбден ықтимал. Сондықтан көп жағдайда нәпсіге тізгін салмаса, адам баласын құрдымға апарады. Сонымен қатар, бұл дүниелерді Алла тағала сынақ ретінде жаратқан. Арақ, есірткі, құмар ойындар және күнәлі істердің көпшілігі адамның нәпсісіне жақын келеді. Беттегі арды белге байлап, қалтасынан қомақты қаржы шығарып, бала-шағасының аузынан жырып, сондай дүниелерге аямай жұмсайтындарды көреміз. Білім-парасатқа, кітап алуға ондай ақшасын қия бермейді. Бұндай жағдайда ішімдік пен араққа, есірткіге тәуелді болып, дәмін көрген адам уақытша ләззатқа бой алдырып жүреді. Сондай-ақ, темекі, насыбай да шариғатымызда мәкрүһ тахриман (харамға жақын мәкрүһ) болып есептеледі. Мәкрүһ деген ұнамсыз, жек көрілген, әдепке жатпайтын нәрсе боп есептеледі. Темекіні шегіп, насыбай атуға шариғатымыз дұрыс қарамайды. Ішімдік, есірткі сияқты заттарға шариғатымыз харам деп үкім береді. Бұны ішкен адам күнәһар боп есептеледі. Өйткені денсаулығына, өміріне, екі дүниесіне зияны тиеді. Бұл жайлы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 195-аятында:«Өз қолыңызбен өзіңізге қауіп төндірмеңіз…» десе, «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Өзіңді өлімге итермелеме…» делінген. Ал, «Ағраф» сүресінің 157-аятында лас нәрселердің қолданысы жайында айтылған. Құран аяты, пайғамбарымыздың сүннеті бұл заттарға үзілді-кесілді тыйым салады. Сондықтан, қолымыздан келсе, мұндай зиянды заттардың қоғамда еркін таралуына жол бермеуіміз керек. Себебі пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір жамандықты көрсеңдер, қолдарыңмен түзеңдер, оған шамаларың келмесе сөздеріңмен түзетіңдер, оған шамаларың келмесе жүрекпен жек көріңдер. Алайда бұл иманның өте әлсіз тұсы» дейді. Өкінішке орай, арақ, темекі, насыбай емір-еркін саудалануда. Есірткіге тыйым салынған күнімен, өкінішке орай оның қол жетімділік мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан да бұған қол жетімділікті барымша қиындату керек. Есірткіге қатты тыйым салып, қатаң күресу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Арақ үшін жүзім еккен, оны сатқан, оны жарнамалаған, оны құйған адамның бәрі – күнәға ортақ» дейді. Бұл түбінде зиянға ұшырататын нәрсе болғандықтан, жасаған, сатқан, жарнамалаған, арнайы бидай, жүзім өсірген адамдар зиянға ұшырайды. Шариғатымыз күнәға ғана емес, оған апаратын жолдарға да тыйым салады.
Сол себепті Құдыреті күшті Алла Тағаланың тыйым салған істерінен тыйылып, Алланың аманат етіп берген жаны мен тәнін сау күйінде өзіне қайтару – біздің негізгі парызымыз. Жаратушы Иеміз барша жандарды, соның ішінде мұсылман балаларын, зиянды істен аулақ болып, салихалы құлдарының қатарынан болуды нәсіп етсін.
Тәңірберген Дархан Аманұлы,
Сәбденұлы Өтеген батыр атындағы
Іле аудандық мешіттің бас имамы