АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕЙІК
«Бірінші байлық — денсаулық» — деп бекер айтпаған дана халқымыз. Еңбек демалысының кезеңін де көпшілік жаз айларына алуының себебі әрбір адам денсаулығын жақсарту, отбасымен табиғатқа серуендеуді, мәдени көрмелерді аралауды жоспарлайды. Қызметкерлердің денсаулығын жақсарту, жеңілдетілген бағамен жолдама беру Іле ауданы кәсіподақ бөлімінде жақсы жолға қойылған. Мұғалімдердің, балабақша тәрбиешілерінің денсаулығын қалпына келтіру және сауықтыру шараларына үстіміздегі жылдың маусым, шілде, тамыз айларына еліміздің түрлі шипажайларына жолдама алып емделуіне жағдай жасалынып отыр. Қазіргі таңда Тараз қаласында Т. Рысқұлов шипажайында ауданымыздың 25 мұғалімі емдік шараларын қабылдап өз денсаулығын жақсартуда. Шипажайда негізінен ас қорыту мүшелерінің ауруларын, буын ауруын, тірек-қимыл қозғалыс ақауларын емдейді, адам ағзасына өте қажет минералды су ваннасы, циркуляр, шарко душтары арқылы, парафинмен және емдік балшықпен емдеу түрлері қарастырылған. Шипажай басшысы Хафизова Флюра Канжасарқызы әр емделушіні жеке қабылдап ем-шаралармен толықтай таныстырып, өз кезегінде ақыл-ке-ңесін де аямайды. Ұжымда жұмыс жасайтын қызметкерлердің бәрі қарапайым еңбек адамдары, атап айтсақ, Гульмира физиотерапиялық ем жасап көңіліңізден шығып жатса, Лаура парафиндік, емдік балшық жапсырмалары арқылы дертіңізге дауа бола біледі, ал Гулвира мен Шәрия емдік ванна, душ тағайындап денсаулығыңызды қалпына келтіруге барын салып жүр. Басқа қызметкерлер де ем-домыңызды уақытында алуыңызға қол ұшын беруге дайын тұрады. Демалушылар асхананың дәмді тамағымен 4 мезгіл қамтылған. Аспаз қыздар Динара мен Гулчехраның ас мәзірінде түрлі тағамдар бар. «Биылғы оқу жылы шәкірттерімізге де, ұстаздар қауымы үшін оңайға соқпады, оқу процессі қашықтан жүргізілгендіктен электронды құрылғыларды шектен тыс қолдану, тәулік бойы онлайн сабақтарға дайындалу үлкен күш-жігерді талап ететіні сөзсіз, сол үшін осы еңбек демалысымда кәсіподақ комитеті арқылы берілген жолдама бойынша келгеніме өте қуаныштымын, шипажайда денсаулықты жақсарту үшін барлық жағдай қарастырылған» -дейді тәжрибелі ұстаз Сәуле Хожахметовна. Әңгімеге арқау болып отырған емдік шаралар туралы өз ойымен бөліскен Гульнара Дакешевна, ұстаздарымыз өз денсаулығына немқұрайды қарамай әр жылы келіп ем-домын алып тұрса деген жылы лебізін жеткізді. «Денсаулықтың қадірін ауырмай тұрғанда білу маңызды, профилактикалық, яғни аурудың алдын алу емдік шараларын алу өте тиімді деп өз ойын түйіндеген салиқалы ұстаз Баян Токановна да шипажайдың қызметіне шын ризашылығын білдірді. Ұстаз — ол қай жерде де мейірім мен ізгіліктің дәнін себуші ардақты маман иесі. Дем алумен қатар қоғамда болып жатқан жаңалықтардан да тыс қалғысы келмейтіндігі де сондықтан болар. Ұстаздарымыз мәдени демалысты да ұмытпай, киелі Түркістан қаласына саяхат ұйымдастырып, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи бабаларымызға тағзым етіп, құран бағыштады. Жаңа Түркістанның Керуен сарайы, Елбасымыз туралы деректер жиналған Ұлттық мұражаймен танысып қайтты. Тарихы мың жылдарға созылған көне Тараз мәдени құндылықтарға толы, «Айша бибі» кесенесі, Қарахан ата мавзолейі, Тектұрмас ата кесенесі тағы да басқа тарихи тұлғаларға қойылған ескерткіштердің маңызы үлкен.Тараз қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы шипажайға ауданымыздан келушілердің қатары соңғы жылдары көбейіп келеді. Бәрі де жеңілдікпен берілген жолдама арқылы келіп жатқандар. Біз де аудандық кәсіподақ комитетіне өз алғысымызды айтып сәлем жолдаймыз.
Р. Утепова.
Тараз қаласынан