ЖӘННАТҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ ЖАҚСЫ АМАЛДАР
Құрбан айт – мұсылман халқы үшін ерекше мейрам. Бұл мереке елдің бірлігін күшейтіп, татулық пен ынтымақтастықты, бауырластықты арттырады. Шариғатта дәріптелген діни дәстүрлер мен жоралғылар еліміздің қанына сіңіп, ең қастерлі әрі ұлық мерекенің біріне айналды. Бұл күні күллі мұсылман баласы тарихы тереңнен тамыр тартқан, яғни Ибраһим пайғамбардан сүннет болған құрбан шалу рәсімін жасап, Алла Тағаладан тілек тілейді. Бұл туралы қасиетті Құран-Кәрімнің «Әл-Кәусар» сүресінің екінші аятында «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал» — деп, әрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (мұсылмандық міндет) екендігін білдіреді.
Алла Тағала мұсылман қауымына нәсіп еткен осынау ұлық мерекеге мұсылмандар ерекше дайындық жасап, жанын да, тәнін де тазалап, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына барады. Намаздан кейін бір-бірінің өкпе-ренішін кешіріп, құшақтасып, төс қағысып, мүбәрәк мерекемен құттықтайды. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алла разылығы үшін құрбандық шалып, тұрмысы төмен отбасыларға құрбандықтың етінен таратып, мұқтаж жандарға мүмкіндігінше садақа береді.
Құрбандық демекші, құрбан шалудың да өз тәртібі бар. Тіпті, құрбандыққа шалынған малдың ішек-қарын, терісіне дейін қажет еткен жандарға таратып, олардың ысырап болып әр жерде жатпауына дініміз ерекше назар аударған. Бұл жөнінде сахаба Әли (р.ғ.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. Қасап ақысын біз өзіміз беретінбіз», — дейді. Құрбан айтта құрбандықты өз нормаларына сай дұрыс шалу – айттың өзіне тән мәдениеті. Қазіргі таңда ғаламтор беттерін құрбан шалған жерде төбе боп үйіліп жатқан малдың бас-сирағы мен терілерінің суретін салып, қасиетті дінімізді құбыжық, құрбан шалғандарды құр босқа қан төгушілер көріп, түрлі пікір жазушылар қаптап жүр. Бұл да кейбір құрбандықтың бас-сүйегін далаға тастаушылардың білместігінен туындаған әрекет болуы не болмаса Ислам діні десе кірпідей жиырылып қалатын кей кісілердің әрекеті болуы әбден мүмкін.
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Игі һәм сауапты іс жасауға асығыңдар» — деп үмбетін ізгілікке шақырған еді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үлгі алып, ауданымызда орналасқан мешіттерде санитарлық нормаларды сақтай отырып қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Аудан бойынша мешіттерде 4 ірі қара және 180 қой құрбандық, сонымен қатар 900 кг ет және азық-түлік 1120 отбасына таратылды. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадис-шәрифтердің бірінде: «Жәннаттағы қуаныш сарайына тек балаларды қуантқан адам кіреді» (И. Ади, И. Нәжжар) – деп, балаларды қуантудың үлкен сауап екенін айтып өткен. Осы орайда, Алла Елшісінің сүннетімен «Сәбденұлы Өтеген батыр» атындағы Іле аудандық орталық мешітінің ұйымдастыруымен санитарлық та-лаптарды қатаң сақтай отырып ауданымыздың бас имамы Тәңірберген Дархан балаларды айтпен құттықтап, сыйлықтарын табыстады. Құттықтау барысында бас имам Дархан Аманұлы Алла Тағалаға бас иіп, Оның әміріне мойынсұну, парыз еткен амалдарды орындау – әрбір мұсылман баласын жәннатқа жетелейтін игі істердің бірі екенін айта келіп, Алланың ақ жолынан айнымай, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) салып берген сара жолын ұстанып, ізгі істер мен сауабы мол амалдарды жасауға шақырды.
Алмат ЕРЖАНОВ