ДІННІҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ОРНЫ
Бүгінде адамға ең қажетті нәрсе – тәрбие. Әсіресе, бұл қа-зіргі жастарға өмірдегі шынайы құндылықтарды ұғынуы үшін өмір-де өз орнын та-буы мен жалпы тіршілік жөніндегі дүниетанымын кеңейту үшін қажет. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт және немкетті қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны шынайылық. Жастардың ұлттық тәрбиеге қырын қарауы, бұл батыстық тұтыну мәдениетіне еліктеушіліктен туындап отыр. Сондықтан, жастарға имандылықты, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, сөзден іске көшу керек. Салт-санамыздағы тәрбиелік мәні бар құндылықтарды жастар арасында насихаттау үшін сөз бен іс-әрекеттеріміздің арасындағы сәйкестілік болу керек. Ұлттық рухтың уызын ұлттық құндылықтар құрайды. Ұлтына деген сүйіспеншілік тарихыңды, тіліңді, әдет-ғұрпыңды, дініңді білуден басталады. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін-ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» — дейді. Әрине, ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен, ата дәстүрімен, ана сүтімен сіңген тәлім-тәрбиені өмір бойы ұстанады. Ата-баба өсиеттері, адамды тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі. Ұлттық тәрбиенің бір негізі діни мәдениетімізде және өнегелі тәлім-тәрбиемізде жатыр. Адамзат Пайғамбары Мұхаммед (с.а.у.): «Мен жақсы істерді жалғастыру үшін келдім», — деген.
Балаға тәрбие ең алдымен отбасында беріледі. Исламда әкенің өз ұрпағы алдындағы ең үлкен міндетінің бірі – жақсы ат қойып, жақсы тәрбие беру. Жақсы тәрбиеге не жатады? Оған баланы өз ата-анасын сыйлауға, иманды болып өсуіне баулу, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіріп, өзін ортада жақсы ұстауға үйрету, жаман істерден бойын аулақ ұстап, былапыт сөз айтпауға баулу, өзгеге құрметпен қарап, әрбір адамның бойынан жақсылық пен ізгілік нышанын көруге үйрету жатады. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы демек – жас кезінен анаша, есірткі, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші.
Сондай-ақ, баланы жастайынан оң-солын тануға, жақсы мен жаманның аражігін ажыратуға, Хақ дін мен теріс ағымды ұстанушылар қайсы, осылардың барлығын айтып, үйрете берген жөн. Біз кейде «Ол әлі жас. Ертең өзі-ақ үйренеді» — деп, салғырттық танытып жатамыз. Бала тәрбиесі мен оның діни нанымына өзіміз ықпал етпесек, сыртқы дүние, оның ішінде ғаламтор әсер етуі әбден мүмкін. Жас бала үйдегі үлкендердің назарынан тыс қалса, жақсыны да, жаманды да бойына сіңіре бермек. Сол үшін баланың бойында жамандық пен сыртқы кері энергияға деген иммунитетті өзіміз қалыптастырып, оның тәрбиесіне ерекше мән бергеніміз жөн. Бұл туралы Алла Елшісі (с.а.у.) Табаранидің Мұғжамында Жәбір ибн Сумрадан жеткен хадисте: «Біреулеріңнің баласына әдеп үйретуі оған әрбір күні жарты сағ (бір уыс бидай не құрма) садақа бергенінен артық», – деген.
Бала – ата-ана тәрбиесінің айнасы. Өсіп келе жатқан бүлдіршін айтқаныңызды емес, сізден көргенін істейді. Сондықтан, ата-ана ең әуелі өзін тәрбиелеуі керек. Сонда ғана балаға берілген тәрбие нәтижелі болмақ. Демек, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) салып кеткен сара жолы мен бабаларымыздың өсиеті, қазақы салт-дәстүріміз – қазақы тәрбиенің қайнар көзі. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» — деп дана халқымыз тектен-тек айтпаған. Сол үшін ұрпағымыздың болашағы жарқын, білімді де тәрбиелі болуын қаласақ, ата салтымызды ұстанып, ата дінімізден ауытқымай, жас балапанға жақсы ісімізбен үлгі болып, өнегелі ісімізбен дұрыс тәрбие берейік.
А. ЕРГАШИН