Мемлекеттің тұғырлы тірегі
Тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл – қоғамның жемісі. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.
«Тіл туралы» заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мем-лекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» – деген. Әрине, ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Сонымен бірге тіл – ұлттың өмір сүруінің бірінші шарты. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық жазылған, Ата Заңымыздан туындаған «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында да осы жағдай берік ресми түрде ғана қамтылған. Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Егемендігімізді алғаннан кейін мәдениетімізге, әдебиетімізге, салт-дәстүрімізге, тілімізге айрықша мән беру. Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік – ана тілден бастау алады. Қазіргі өмірде елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге де, мемлекеттік тілді дамыта түсуге ешқандай кедергі жоқ. Қызметшілерді мемлекеттік тілге жедел үйретудің орталықтандырылған желісінің негізі қаланды. Шығарылған сөздіктер, ғылыми әдебиеттер мен оқу құралдарының да таралымы тұрақты өсуде. Тілге байланысты ауылдық, аудандық шаралар өз деңгейінде өтуде. Байсерке ауылдық округі өзге ұлт өкілдерінің арасында «Қазақшаң қалай?» байқауын ұйымдастырып, «Мен қазақша сөйлеймін!» атты акцияға белсене қатысты.
Тіл жанашыры М.Шаханов:
Өз тіліңді менсінбеуің,
Өз тіліңді жерсінбеуің,
Қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол – рухи мүгедектік, әрі ұлттық сатқындық, — дейді.
Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Өкінішке орай, соңғы кезде туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлей-тіндерді және әдетке айналдырғанын көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді жиі кездестіреміз. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.
Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл – біздің басты парызымыз.
Лайла Дайрбекова,
Байсерке ауылдық округінің ішкі
саясат бөлімінің бас маманы