Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыДенсаулықҚоғам

НАЙЗАТАПҚАН: ӘРКІМ АУРУЫНА ШИПА ТАПҚАН

Найзатапқан киелі бұлағы жайында өткен жылы «Керімағаш» шипажайында демалғанда дастархандас болған Үміт айтты әйелден естіп, сол жерді көруге деген қызығушылығымыз артқан болатын.

Жаз  басталғалы Найзатапқанға  жиналдық, бір ыңғайы келмей қойды. Тек шілде айының соңғы күндері сәті түсіп, жолға шықтық. Бастапқы ойымыз Алтынемел асуы арқылы бару еді. Панфилов ауданының Қоңырөлең ауылында тұратын жиен ініміз Серікке хабарласып, жол жайын сұрағанымызда: — Алтынемел арқылы бармаңыздар, жолы өте нашар. Қоңырөлең арқылы бару ыңғайлы, 50 шықырымдай қашық болса да жолы жақсы, — деп ақыл айтты. Жаркент-Талдықорған бағытындағы тас жолынан Ынталы ауылына қарай бұрылып, одан сол елдімекенге 2 шақырымдай жетпей солға бұрылдық. Тастақты келген қара жолмен тағы да 30 шақырымдай жол жүріп, екі жағын да құжыр жартасты тау қоршаған, Жоңғар Алатауының күңгейіндегі ойпатқа ұласар жерде шыңдары аспанға шаншыла көкке өрлеген Найзатапқан шатқалына жеттік. Екі жақтағы жартастардан тұратын жалаңаш таудың ортасы жоғарыдан төменге қарай жап-жасыл болып жатыр. Сол жағына киіз үйлер мен көптеген шатырлар тігілген. Құдды бір шағын ауыл сияқты. Біз ештеңеге қарамай бірден жоғарғы жаққа келіп көлігімізді тоқтатып, шатырымызды тігуге әрекет жасадық. Бізден төмен тұрған шатырдан ер адам шығып, өзін Мәлік деп таныстырып, жөн сұрасып болған соң: -бұл жерге шатыр тігуге болмайды. Мына шиден әрі қарай бірнеше адам жерленген екен. Біз алғашқы күні білмей шатыр тігіп едік, түнде ақ сақалды қария аян беріп, басқа жерге көшу керек екенін айтты. Сіздер қазірше біздің шатырдың артында орын бар, сол жерге жайғасыңыздар. Ертең біраз адам қайтады. Дұрыс орын тауып аласыздар, – деді. Мәліктің жұбайымын деп өзін таныстырған Ажар есімді әйел бізге қарап: — шатыр тігілгенше сіздер бастауға барып су ішіп, ем қабылдап алыңыздар. Бір сағаттан соң кеш болады. Жүріңіздер мен ертіп барайын, білгенімді басқаларға айту менің парызым, — деп жол бастады. Бастауға барар жолға үлкен тақта орнатылып, ол жерге ер адамдардың және әйелдердің қай уақытта ем қабылдайтындығы жазылған кесте ілініпті. Бастауға барар жолдың оң жағындағы жалпақ тасқа садақамызды тастап, Жаратушы Иемізге сиынып жоғары қарай көтерілдік. Сәл жүрген соң алдымыздан дәу-дәу тастары бар жалғыз аяқ жол шықты. Жол бастап келе жатқан «Ажар мына жерге арқаңызды төсеңіз, мына тасты құшақтаңыздар», – деп тастарды көрсетті. Шынында да сол жақтағы адамның жауырыны тәрізді жерге шаншылған жалпақ тасқа арқамызды тигізіп, біраз тұрдық. Әлде бір жылылықты сезгендейміз. Одан оң жаққа төменірек жатқан тасақа кеудемізді бастық. Одан адамның аяғының ізі бар тасқа табанымызды тигіздік. Жоғарырақ орналасқан жалпақ таста таспихтың бедері бар екен, оны сипалап, сол жағымызға бұрылсақ жалпақ келген үлкен таста сол қолдың бес саусағының, алақанның, мұрынның және оң қолдың жұдырығының ізі бар екен. Ізге алақанымызды, мұрнымызды, жұдырығымызды тигізіп, білген дұғаларымызды айтып, бастауға қарай көтеріле бердік. Бастауға кіре берісте құбырдан су атқылап ағып жатыр екен. Сол суға шайынып алып, қан қысымы, тері, көз, тамақ, құлақ, әйелдер жынысы, өт жолы, іш қату аурулары бастауларынан су ішіп, алдымен аталық, содан соң аналық деп аталатын тоспа суға шомылдық.  Содан соң бір бастаудың жанынан балшық алып үстімізге жақтық. Ол табиғи иод екен. Ең соңында аяқ қол,құяң, тұз байлану ауруларына арналған батпақтарға түсіп ем алдық. Әйелдер бөлмесіндегі генекологиялық төсекке ұқсас тас бар екен. Сол тастың үстіне жатсаң кәдімгідей денеңді қыздырады. Ең соңында бастапқыдағы атқылап жатқан суға жақсылап шайынып алып, сәл төменірек орналасқан талдың түбіндегі бастаудан асқазан мен бауырға арналған судан іштік. Сол бастаумен қатарлас орналасқан оң жақтағы төбешікке әлдекімдер көрпе-жастық қойып кетіпті. Оның сырын сұрағанымызда Ажар бұл жерге бала көтере алмай жүрген ерлі-зайыптылар түнеп, Аллаға сыйынып, сәби сұрайды, — деп жауап берді. Барлық емді алып болған соң келген жолымызбен кері қайттық. Айтпақшы, мен соңында қалған қызыма айғайлап, қасыма шықырып едім, Ажар «ойбай айғайламаңыз», — деді. Сол-ақ, екен аяқ астынан жел тұрды. Біз түкке түсінбедік. Жаңағы Ажар маған ренжіп: «сіз айғайлап жел шақырдыңыз. Дұғаңызды айтып Жаратушы Иемізден кешірім сұраңыз», — деді. Білген амалымызды жасап, кешірім сұрадық. Сенер, сенбесімді білмей қалдым. 4-5 минуттан соң жаңағы жел сап басылды. Бұған не дейсіз, құдайдың құдіреті деген осы шығар. Артынан сұрасақ, бұл жерде айғайлауға, қатты ұрсып сөйлеуге, дөрекі сөз айтуға болмайды екен.

Келесі күні таңертеңгі асымызды ішіп алып, сағат 10-нан бастап кешегі жолмен жүріп отырып, барлық емді қабылдадық. Барлық емді рет-ретімен алу үшін шамамен бір жарым екі сағаттай уақыт кетеді екен. Содан соң Найзатапқан арасанының сол жақ беткейінің етегіне орналасқан жүрек, бас ауруы бастауларына бардық. Мұнда сүлігі бар балшық бар екен, оған түсуге жүрексініп, кері қайттық. Түскі астан соң арасанның сол жағындағы төменгі беткей жақта тері, аллергия ауруларына арналған балшық бар екен, қасымдағы адамдар соған барып ем алды. Мұнда да шипажайдағы сияқты әр емді алудың өз уақыты бар. Ем алушы адамдардың айтуынша арасаннан біраз жер қашықтықта тастан жасалған немесе өзінен өзі солай біткен қазан-ошақ, ағаш үй, ер тоқым, қару кезенген адам бейнесі, шөккен түйе, екі баласын ойнатып отырған маймыл, тағы басқа көптеген формадағы тастар бар екен. Оған біз ем алып шаршаған соң бара алмадық. Біз барлық емімізді алып, демалып отырсақ, он шақты адамға арналған үстелге бір әйел дастархан жайып, құдайы тамаққа шақырды. Оның мәнісі былай екен: осыдан екі ай бұрын шамасында жаңағы Маржан деген әйел көп жылдан бері бала көтере алмай жүрген ұлы мен келінін алып келіп, төбенің басындағы киелі тастың үстіне үш күн түнетіпті. Сол жерге шырақ жағып, дұға жасап үш күн қонып шыққан соң бір айдан кейін келіні бала көтеріпті. Қуанышы қойнына сыймаған Маржан бүгін тамағын, жеті шелпегін пісіріп, әдейі Сарыөзектен келіпті. Сол күні тек Маржан ғана емес тағы да екі-үш отбасы құрбандық шалып, арасанның басындағыларға құдайы тамақ берді. Мұның өзі ем алушылардың қалыптасқан дәстүріне айналғандай.

Ем алушылардың арасында Қазақстанның әр түпкірінен келген адамдар бар екен. Соның бірі  Ақтөбеден келген Жарас есімді азамат аллергиядан емделмеген жері қалмағандықтан жанына шипа іздеп осында келгенін айтты. Жатқанына бес күн болыпты. Найзатапқанға жақын орналасқан Қоңырөлең деген ауылға барып, қажетті азық-түлігін қамдап алып тағы төрт күн жатуға шешім қабылдапты. Үш күннен соң ұйқысы тынышталып, денесінің қышығаны бұрынғысынан едәуір басылыпты. Өзінің тоғыз күнде толық емделіп шығатындығына нық сенімді. Қызылордадан келген Луиза есімді әйел қаншама жыл қан қысымы көтерілгеннен басы ауырып қиналыпты. Өткен жылы келіп, осында үш күн емделіп кетіпті.

Содан бері жағдайы біршама дұрысталыпты. Үш жыл қатарынан ем қабылдауға ниеттеніп, биыл екінші рет жеті күнге келіпті.

Ал, негізінен алғанда Жаркенттен, Қоғалыдан, Сарыөзектен, Алматыдан келген адамдар көп екен. Біреулер біз сияқты алғаш рет келсе, қатарынан екі жыл, үш жыл келген адамдар кездеседі. Барлығы да осы жерден ем алғандарына дән риза. Біз болған үш күннің ішінде қаншама адамдар келіп, шатырларын тігіп жатты.

Үшінші күні де тиісті емдерімізді қабылдап, заттарымызды жинастырып, үйге қайту үшін жолға шықтық. Кетер кезде осындағы адамдардың айтуы бойынша төменге дейін жаяу барып, төбедегі бастауларға басымызды иіп, алғысымызды айтып, денімізге саулық, отбасымызға амандық, жанымызға шипа тілеп, көлікке отырдық. Найзатапқан әркім өз ауруына шипа тапқан қасиетті жер. Жаратушы иеміз бізге де шипасын берсін!

 

 Роза АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button