Қазіргі заманғы діни ахуал және зайырлы мемлекеттің қағидалары
Қазіргі таңда елімізде өзіндік діни ренессанс байқалуда: қолданыста бар діни конфессиялар ислам, православие, католицизм, лютерандық, баптизм, елулік және т.б. сынды позицияларының күшеюімен қатар көптеген жаңа діндер пайда болуда.
Қоғамдық санада дін позицияларының күшеюі, негізінен оңды бағалануда. Алайда дәстүрлі емес діни табынулардың пайда болуын жұртшылық пен мемлекеттік органдардың көпшілігі ұлттық рухани мәдениетке нұқсан келтіру ретінде қабылдады.
Қазақстанның діни бірлестіктері ішкі саяси тұрақтылықтың, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтуға орасан үлес қосуда. Бұл бәрінен бұрын Қазақстанның ең ірі діни конфессиялары – Мұсылмандардың діни басқармасы мен Орыс праволавие шіркеуіне қатысты. Олар жалпыадамзаттық құндылықтар мен гуманистік мұраттардың ақиқаттығын насихаттай отырып, оңды рухани-адамгершілік міндеттерді орындауда.
Қазірде еліміздегі діни ахуал әрбір саналы азаматты алаңдатады. Осыған байланысты күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен әртүрлі қырлары жарыққа шығып жатыр. Дінді ұстанушылардың қатары молайған сайын қоғамдық ортада жағымды-жағымсыз пікірлер туындап, қарама-қайшылықтар, отбасылық өмірдегі кикілжіңдер, діни түсініктердегі алшақтықтар белең алуда. Егер, әлем елдеріндегі осы діни ұстаным мен қарым-қатынастарға байланысты қайшылықтарды назарға алар болсақ, діни алауыздық пен бөлінушіліктің зардабы орасан болатындығына көз жеткізуге болады.
Халықаралық қоғамдастықта зайырлылық ұғымына қатысты түрлі түсінік бар. Бұл өз кезегінде мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың ортақ сипатын танытатын нақты үлгінің жоқтығын білдірсе керек. Десек те, кейбір елдерде «зайырлылық діни мемлекеттің қарама-қарсы пішімі» деген мазмұндағы ұғым қалыптасқан. Осы орайда «зайырлы» атауын түсінуде, зайырлы елдің болмысын сөз еткенде біртекті пікірдің орнықпағаны аңғарылады.
Негізінде зайырлы мемлекеттер дінді мемлекеттен бөлу идеясын ұстанатыны белгілі. Бұл мәселеге қатысты сөз қозғағанда зайырлылық қағидаты бойынша діни догманы мемлекет заңдарынан алыстату көзделетініне, бірақ дінді қоғамнан бөліп тастау қарастырылмайтынына, оның діни бостандықты айқындайтынына мән берілуі тиіс. Дегенмен кейбіреулер зайырлылықты атеизм бағыты деп түсінеді. Шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым салса, зайырлылық дінді ұстану, ұстанбауда таңдау құқығын беретінін ескерген абзал.
Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды реттеуде, бейбітшілікке үндеуде, отбасылық құндылықтарды нығайтуда және басқа да мәселелерде негізгі идеологиялық құралдардың бірегейі. Сондықтан əрбір мемлекет өзінің дінмен қарым-қатынас орнатудың тиімді моделін құруға мүдделілік танытады.
Қазіргі таңда мемлекет пен дін арасындағы үйлесімді байланыс, орнықты қарым-қатынас қоғамымызда татулық пен тыныштықтың сақталуына, рухани және мәдени тұрғыда дамуымызға, радикализмнен қорғануымызға өзіндік оң ықпалын тигізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің халық талабы негізінде азаматтардың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, Конституциямызға сәйкес зайырлылық қағидаттарының оңтайлы үлгісін ұсына білгенін ұқтырады.
Н. АДЕТБЕКОВ,
Дін саласындағы мәселелерді зерттеу
орталығының директоры