#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғамТұлға

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК АЗАМАТ

Халықтың көз алдында өз еңбегімен, іс-тәжірибесімен, адалдығымен абырой биігіне өрлеген азаматтар бар болса, соның бірегейі – Тоқан Көкенұлы Ботабеков! Қарапайым отбасында тәрбиеленген Тоқаңның өз бетімен ізденіп, Мәскеудің құрылыс Еңбек Қызыл Ту орденді С.Орджоникидзе атындағы басқару институтының құрылыс факультетіне оқуға түсіп, осы жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп шығуы оның алған бетінен қайтпайтын табандылығын, шыдамдылығын, көрсетсе керек. Қазақша тәрбие алып, ауылда өскен жігіттің орыс тілін жақсы білмесе де бір-екі жылдың ішінде үздік оқитын студенттердің қатарына қосылуы оның ізденімпаздығын, еңбекқорлығын дәлелдегендей. «Алматы жилстрой» тресінде, еңбек жолын инженерліктен бастаған ол ұқыптылығының, өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтындығының арқасында прораб, аға прораб қызметтеріне көтерілді. Еліміз егемендік алып, нарықтық экономика табалдырығымыздан аттаған тұста да ол басқалар құсап «Трест жабылды, жұмыс жоқ», — деп қол қусырып отырмай, жолдастарымен бірігіп, «ЖОСТ» атты шағын кәсіпорын құрып, нарық заманына сай жұмыс істеді. Салық жүйесінің, нарықтық  экономиканың қырсырын тереңінен меңгеріп, кейіннен Іле ауданына келіп, жеке кәсібін ашып, «Ақырын жүріп, анық басып» осы өңірге тамырын жайды. Кәсібін қызыл кірпіш өндіруден бастап, тынбай еңбектенудің, үздіксіз ізденудің арқасында біртіндеп өндірісін ұлғайтып, бүгінде оны «BTK GROUP» атты үлкен кәсіпорынға айналдырды. Жүзден астам адамға жұмыс орнын ашып, Алматы облысын ғана емес, республика жұртшылығын құрылыс материалымен қамтып отыр.

Жеке кәсіпорнының жұмысын дамыту арқылы, Іле ауданының дәулеті мен сәулетін арттыруға, мәдениетін көркейтуге үлкен үлес қосты. Жерлестерінің ауқатты да салауатты тіршілік кешуіне барынша тер төкті.

Өзінің адал еңбегімен жетістікке жеткен Тоқан Көкенұлының ішкі дүниесі бай, мәдениетті де әдепті жан. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, халықтық қасиетті, ата-бабасының өнегесін танып-білетін, әке мен ана салтын сақтай алатын, қазақи қалпынан танбаған жан. Үлкенмен-үлкендей, кішімен-кішідей тіл табысады.Адами қасиеті аңғарылған жанның қай-қайсысымен болса да ағайын-туыстай сыйласады. Қашан көрсең де айналасына мейірімін төгіп, шуағын шашып жүреді. Алдына көмек сұрап келген жандарға қолынан келгенше көмектеседі. Сол арқылы қай кезде болмасын өзінің көрегенділігі мен кең жүректілігін және нағыз азамат екендігін таныта біледі. Тоқаңның осы өңірдегі соғыс және еңбек ардагерлеріне, жалғызбасты қарттар мен аналарға, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларына атаулы мейрам сайын жасаған қайырымдылық көмегін былай қойғанда, Іле ауданының 90 жылдығына орай шыққан тарихи кітапты басу үшін 2 миллион теңге қаржы бергенінің өзі үлкен жомарттық емес пе? Егемендік біз үшін үлкен бақыт.

Сонау 1991 жылы еліміз егемендік алып, КСРО-дан жеке дара бөлініп шыққанымыздың дәлелі ретіндегі көк байрағымыз аспанға желбірегенде бөркімізді жоғары лақтырып қуанғандардың бірімін. Сол жылдары мен қызмет жасайтын үлкен құрылыс тресі жабылғанда «жұмыссыз қаламын-ау», — деп еш ренжіген жоқпын, — дейді Тоқан Көкенұлы өзінің әңгімесінде. — Өйткені егемен еліміздің жарқын болашағына үлкен үміт арттым. Өз елтаңбамыздың, әнұранымыздың, көк байрағымыздың болатындығы кеудемді шексіз қуанышқа бөледі. Егемендік алған жылы алғашқылардың бірі болып жолдастарыммен бірігіп, жеке кәсіп ашып, нарықтық экономиканың талаптарына сай жұмыс істей бастадық. Алғашқы жылдары үкімет үшін емес өзіміз үшін жұмыс істеудің қаншалықты қиын екендігін басымыздан өткердік. Құладық, сүріндік, сонда да еңсемізді тіктеп қайта тұрдық. Сонда жинаған тәжірбем менің кейін үлкен бір кәсіпорын ашуыма мүмкіндік берді. Тәуелсіздіктің арқасында кәсібімізді ашып, табыс тауып, көптеген адамдарға жұмыс беріп отырмыз. Балаларым шет елде білім алып, қазір ел игілігі үшін еңбек етуде. Жұбайым Ләззат екеуміз дүние жүзінің бірталай жерінде болып, көптеген елдердің тарихымен, мәдениетімен таныстық. Осының бәрі тәуелсіздігіміздің тәтті жемісі.

Тоқан Көкенұлы тәжірибелі де тәлімді,парасатты да пайымды, еліне сіңірген еңбегі көп айталатын, үлкен табыстарға жеткен азамат. Оның осындай табысқа, еңбек биігіне жетуіне бірден бір себеп болған сүйікті жары Ләззат Қайсарқызы екені сөзсіз. Ошақтың отын лаулатып, өзіне тән мейірімділігімен, ерекшелігімен, сабырлығымен Тоқаңа үлкен тірек болды. Ләззаттың өзі де үй шаруасынан басқа «Бүркіт» атты отын-энергетикалық компаниясын басқарып, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ерлі-зайыпты Ботабековтар отбасында Мұхтар мен Олжас атты алтындай ұлдар тәрбиеленіп, қатарға қосылды. Қазір екі ұл да шаңырақ құрып, отбасылы болып отыр. Құдайдың берген немерелері желкілдеп өсіп келеді.

Еңбегімен елге танылған, қайырымдылығымен жұртқа жаққан, бір мәрте Алматы облыстық мәслихатының депутаты болған, «Құрмет» орденінің иегері, Іле ауданының Құрметті азаматы Тоқан Көкенұлы Ботабеков, міне, осындай болмысы бөлек азамат.

 

Роза АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button