ДҰРЫС ТӘРБИЕЛЕНГЕН НӘПСІ – ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН БАСТЫ ҚҰРАЛ
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Біздің жолымызда аянбай күрескендерді (күшін үлгілі мұсылман болу жолында жұмсағандарды) міндетті түрде Өзіміздің жетістікке жеткізетін жолдарымызға бағыттаймыз. Расында, Алла әрдайым Раб-быларын өз көздерімен көріп тұрғандай үнемі игі іс істейтін ізгі жандармен бірге» («Анкабут» сүресі, 69-аят) деп сүйінші хабар жеткізген.
Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сал-ауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне жолдаған өсетінде: «Дұшпандарыңмен күрескендей, нәпсілеріңмен де күресіңдер» деген. Тағы бір хадисте шынайы мұжаһид дегеніміз – Алла жолында өз нәпсісімен күрескен адам екені айтылады.
Әйгілі ғұлама Хасан әл-Басридің (оны Алла рақымына алсын): «Жиһадтың ең абзалы – нәпсімен күресу. Жүгендеуге мұқтаж болған нәпсіңнен артық асау жоқ» деген сөзінде үлкен мән мен мағына жатыр. Ислам ғалымдары үш нәрсе адамның дұшпаны екенін айтқан. Олар – дүние, шайтан және нәпсі. Осы үш дұшпаннан қалай сақтанамыз деген сауал туындайды. Ғұлама-ларымыз дүниеден зүһд (баз кешу) арқылы сақтануды, нәпсіні азғырушы шайтаннан оның азғыруына қарсы амал ету арқылы қорғануды, ал нәпсіден шаһуатты тәрк ету арқылы сақтануды насихат еткен.
Хәкім Абай адамның бес дұшпаны бар екенін мына өлең жолдарында атап өтеді:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз…». Ғұламаларымыз нәпсіні азғырушы шайтаннан оның азғыруына қарсы амал ету арқылы қорғануды насихат еткендей, Абай өзі атап өткен бес дұшпанға бес асыл іс арқылы күресуге шақырып:
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз…» деп жырлайды.
Абай атамыз еріншектікті еңбекпен, тойымсыздықты қана-ғатпен, қатыгездікті рақыммен, ойсыздықты терең оймен жеңу қажеттігін меңзейді.
Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Әлде кім оны кірлетсе, қор болды» («Шәмс» сүресі, 9-10-аяттар) деп ескертеді. Шын мәнінде, адам өз нәпсісімен күресуде бірнеше сипаттарды бойына кезең-кезеңімен сіңіруі тиіс. Соның бірі – бойдағы ашуды, тәкәппарлықты аз-аздан жою. Өмірінің соңғы сәтіне дейін «үмбетім, үмбетім» деп кеткен Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашуды қалай басу керектігін де үйреткен. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бойыңды ашу билесе, дәрет ал! Өйткені, ашу – шайтаннан. Шайтанның болмысы – от. Ал отты су өшіреді» деген өсиетін қалдырған.
Нәпсімен күресудің оң нәти-желерін көру үшін ең алдымен адам баласы өз қалауына көңілі толу деген ұғымнан арылуы керек. Нәпсіге қатысты Алла Тағаланың аятын үнемі естен шығармау керек. Құранда: «Расында нәпсі жамандыққа бұйырушы» («Юсуф» сүресі, 53-аят) делінген. Алла Тағаламен арадағы байланысты үзетін кедергілердің бірі осы нәпсі екенін үнемі естен шығармау керек.
Сонымен қатар, егер нәпсі дұрыс тәрбиеленсе, Алла Тағаланың разылығына жеткізетін ең басты құралға айналады. Себебі, жамандыққа бұйырушы нәпсі тек күнәмен ғана рахат табады.
Ал дұрыс тәрбиеленіп, жаман қасиеттерден тазарған нәпсіге Алла да разы болады, өзі де разы болады. Міне, осындай нәпсі ғана Алланың бұйырған құлшылықтарынан ләззат алатын болады.
Мұсылман адам өз бойындағы кемшіліктерін анықтап, расында да сол кемшіліктерден арылуды мақсат тұтса өзге адамдардың бойынан кемшілік іздеп, олардың қателіктерін санауға уақыт таппай қалады.
Өзіне көңіл бөлмейтін адам ғана өз бойындағы кемшіліктерін ұмытып, өзгелердің кемшілігін іздеумен бар өмірін өткізіп алады.
Осыны терең ұғына алған шынайы мұсылман адам бар күшін өз бойындағы кемшілігінен арылуға арнайды да кезең-кезеңімен жеке бастың тәрбиесімен айналыса бастайды. Алдымен ол жеті дене мүшесімен жасалатын күнәлардан арылуды ойлап, амалды содан бастайды.
Олар: тіл, құлақ, көз, қол, қарын және жыныстық мүшесі. Бұл дене мүшелері – жүрегінің айнасы.
Осы дене мүшелерін күнәдан сақтай алмаса, сол айна арқылы жүрегі де кірлей бастайды. Аталған жеті дене мүшесінің өз күнәсы бар. Тілдің күнәсі – ғайбат, өсек, өтірік айту, жала жабу. Құлақтың күнәсі – ғайбат пен өсекті тыңдау. Көздің күнәсі – бөгде әйелдерге және өзгелердің тыйым салынған дене мүшесіне көз салу. Қолдың күнәсі – өзгелерге зиянын тигізу, ұрлық-қарлық, адам өлтіру және бөгде әйелдерге қол тигізу. Аяқтың күнәсі – тыйым салынған орындарға бару. Қарынның күнәсі – тыйым салынған азықты жеу. Жыныстық мүшенің күнәсі – зинақорлық. Осы аталған дене мүшелерінің қалауына қарсы ізгі амал жасау арқылы адам өз нәпсісін тежей алады.
Адамның өзі нәпсісінің кем-шіліктерімен жалғыз күресуі оңай емес. Бұл ретте мешіт ұстазының көмегі ауадай қажет. Тура жолды нұсқаушы білікті ұстаздан тәлім-тәрбие алу барысында шәкірт өз бойындағы кемшіліктерден арылып, оның орнына жақсы қасиеттерді қалыптастырудың ең тиімді тәсілдерін үйренетін болады. Сонымен қатар, ұстаз көрген шәкірт ұстазының бойындағы жақсы қасиеттерді өзіне сіңіру арқылы иманын әлсіретпей, үнемі күшейтіп отырады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойындағы кемел көркем-мінезі арқылы сахабаларын тәрбиелеп, айтқан сөзі мен жасаған іс-әрекеті арқылы олардың жан-дүниесін тазарта алды.
Алла Тағала Құранда Пайғамбарын былай сипаттаған: «Ол (кітап иелеріне жатпайтын, хат танымайтын) үмми қауымға өз ішінен бір елші жіберді. Ол елші оларға (Алланың өзіне уахи еткен) аяттарын оқиды, оларды (яғни, ой-саналарын теріс түсініктерден, жүректерін жалған сенімдер мен күнә атаулыдан) арылтады, сондай-ақ оларға (Алла түсірген) кітап пен хикметті (өзінің сүннеті арқылы Құранның мән-мағынасын) үйретеді. Әйтпесе, олар бұған дейін анық адасуда еді» («Жұма» сүресі, 2-аят).
Намаз оқуды көбейту, Құран оқуды үнемі әдетке айналдыру, ізгі адамдармен бірге болу, аз да болса жиі садақа беру, нәпсіні әсте-әсте шынықтырып, жақсы істерге тәрбиелеу, бойда ерік-жігер, тазалық, ыждаһаттылық, күнә жасамауға қатысты сабырды қалыптастыру – қалауды тежейтін амалдар.
Осы амалдарға мән берейік. Алла Тағала баршамызға нәп-сімізді тыйып, игілікке кенелуді нәсіп еткей. Әмин!
Ерлан БӨЛЕГЕНОВ,
«Мамедалы» мешітінің
бас имамы