Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Абыроймен атқарар борышымыз

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев 2017 жылғы 31 қазанда «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына қол қойған болатын. Бір қуантарлығы айтулы мерекелердің арасында Қазақстан Халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатындығы еді. Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болды. Қазақтың әдебиетін зерттеуші ғалымы, лингвист, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын. «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай. ШЖҚ «Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы» МКК-де мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бойынша бекітілген жоспарына сай шаралар жүйелі жүргізіледі. Елімізде жүргізіліп отырған тіл саясаты Қазақстанда тұрып жатқан барлық азаматтардың тілдік теңдігін сақтауға негізделгені баршамызға белгілі. Әрбір ұлт өз ана тілін үйренуге, дамытуға мүмкіндіктер жасалған. Ата заңда көрсетілгендей Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік тілді меңгеру әрбір қазақстандықтың абыройлы борышы. Ауруханада жұмыс жасайтын қызметкерлердің басым көпшілігі қазақ ұлтының азаматтары болғандықтан, ол азаматтар туған ана тілінде сөйлеп қана қоймай, іскери құжаттарды да өз деңгейінде жүргізе білуі, медициналық терминдердің мемлекеттік тілде дұрыс қолданылуы, емделушілермен қарым-қатынасты азаматтардың қалауы бойынша мемлекеттік тілде жүргізе алуы зор міндет болып саналады.

 

Гульмира АКЖОЛТАЕВА,

Іле ауданының маслихат депутаты, «Денсаулық» БПҰ төрағасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button