Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамСпорт

Егемен  ел  ұландары

СПОРТШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Денсаулық – зор байлық. Ал, спорт – сол байлығымыз бен өмірімізді сақтаудың бірден-бір кепілі. Әр адам өз денсаулығын күтіп, оның мықты болу жолдарын қарастыруы қажет. Дені сау адам көңілді, өмірге жарқын жүзбен қарап, әр уақытта еңбекке құлшына кіріседі. Қазақ халқы «Тәні саудың – жаны сау» деп тектен-тек айтпаған. Ел ертеңі – жас ұрпақ десек, сол өскелең буынның өмірі мен денсаулығын қызғыштай қору, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау – Отанымыздың жарқын болашағының белгісі. Жас ұрпақтың денсаулығын нығайту жолында көптеген мәдени-спорттық шаралар өткізіліп, түрлі спорттық секциялар ашылып жатыр. Қазақстанда спорттың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған саясат ықпал етуде.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы Жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісі «Спорт күні» деп белгіленді. Спорт күні қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Ыбыраев Серікжан Берікұлы ауданымыздағы спорт саласына айтулы үлес қосып, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген бір топ спортшыларды мерекелерімен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Аудан әкімінің алғыс хатымен джиу-джитсудан республикалық, халықаралық турнирлердің чемпионы Құлымбетова Жібек Алимханқызы, «Сағадат батыр» спорт клубының жаттықтырушылары Айтпанбет Самат Мұратұлы, Қанайбеков Диас Айдарұлы, дзюдодан республикалық чемпионаттың чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Қойбағар Дархан Ілиясұлы, ережесіз жекпе-жектен (ММА) республика, Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Тулегенова Асылзада Айманқызы, таэквондодан Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Юрий Айсана Айдарқызы және «Намыс» спорт клубының жетекшісі, бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Алимкулов Жанузак Ибадиллаевич марапатталды.

С. Берікұлы марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп: «Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Ауданымыздың спортшылары соңғы жылдары халықаралық, республикалық  жарыстарда үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Осының арқасында еліміз бүкіл әлемге танылып, спорт саласындағы жетістіктерімізді дүние жүзі мойындап отыр. Мереке қарсаңында сіздерге зор денсаулық, мол жетістік, істеріңізге абырой тілеймін» — дей келе, спортшылардың аудандық спорт саласына қосқан үлестерінің мол екендігін тілге тиек етті. Аудан әкімінің орынбасары спортшыларымыз бұдан да биік белестерді бағындырып, өздері қатарлы жастарға үлгі болып, ауданымыздың өркендеуіне, салауатты өмір салтын ұстану жолында әлі де тынбай еңбек ететіндеріне сенім білдірді. Спортшыларымыз да өз кезегінде ауданымыздың спортын дамытуға үлес қосатындықтарын сеніммен айтып, республика алдында ауданымыздың абыройын асқақтатып, әлем жұртшылығы алдында еліміздің көк туын желбіретуге уәде етті.

Бақтияр Талғатұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button